Sport

Спорттағы жетістік маңдай термен келеді

Written by Aray2005

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбековтің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Спикер басқарманың 2018 жылы атқарған жұмысы туралы баяндады.

Айта кету керек, былтыр облыста дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 327 мыңнан астам адамға жетіп, облыс тұрғындарының 29,1 пайызын құраған. Бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 7,8 мың адамға өскен екен. Мұндағы дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын 14-29 жас аралығындағы жастардың жалпы саны – 144,8 мың адам.
Бүгінгі таңда облыста 48 спорт мекемесі бар. Олардың 30-ы аудан әкімдіктерінің құзырында. Жалпы, облыстың спорт мекемелерінде спорттың 43 түрі қамтылған. Оның ішінде 24 олимпиадалық, 12 олимпиадалық емес және 7 ұлттық спорт түрі бар. Облыстағы спорт мекемелерінде 25 068 спортшы тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Былтыр облыс бойынша салауатты өмір салтын насихаттау бағытында барлығы 3 286 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, аталған іс-шараларға 603,7 мың адам қатысқан.
Қазіргі таңда облыста спорт нысандарының жалпы саны 2 341-ге жеткен. Оның ішінде 1 640 спорт нысаны ауылдарда орналасқан. Өткен жылы облыс бойынша қолжетімді 1 933 спорт нысаны анықталды. Оның 503-і Тараз қаласында, 1 430-ы аудандарда.
Баспасөз конференциясында басқарма басшысы Нұрбол Жүнісбеков ағымдағы жылы атқарылатын жұмыс жоспарымен бөлісіп, алда болатын үлкен спорттық аламандар туралы атап өтті.
– Биылға көздеп отырған межелер көп. 2020 жылы Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына үміткерлерді дайындау мақсатында аса талантты деген спортшыларды түрлі халықаралық жарыстарда сынақтан өткізу және спорттық тәжірибе жинақтау жұмыстарын кешенді түрде жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар 2019 жылы Қазақстан Республикасының V жазғы Спартакиадасы, Қазақстан Республикасының V Паралимпиадалық ойындары, Мемлекеттік қызметшілер арасындағы республикалық спартакиада, Сейдахмет Бердіқұловты еске алуға арналған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің арасында өтетін республикалық спартакиада, Ұлттық спорт түрлерінен V фестиваль, тағы басқа республикалық кешенді спорттық іс-шаралары өтетін болады, – деді Нұрбол Әбдімәжитұлы.
Брифинг соңында БАҚ өкілдері басқарма басшысына сауалдарын қойып, тиісті жауаптар алды.

Айжан Өзбекова

ПІКІР