Спорттық медицинамыз стандартқа сай ма?

0 3

Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында денсаулық сақтау саласын жаңғыртудың жаңа бағыттарын айқындап бергені белгілі. Мемлекет басшысы әсіресе медициналық қызмет сапасын халыққа барынша тиімді етуді тапсырды.
Спорт саласында да басты байлық – тәннің саулығы екені белгілі. Өмірін спортпен байланыстырған кез келген спортшының дүбірлі додалар былай тұрсын, қарапайым жаттығу кезінде жарақат алып қалу қаупі жоғары. Мұндай жағдайда спорттық медицинаның алар орны ерек. Алайда, бүгінгі спорттық медицинамыз стандартқа сай ма? Аталмыш жүйе өңірімізде тетігін тапқан ба? Міне, осы мәселеге тереңірек үңіліп көрсек.

Қазір Алматы қаласында «Спорттық медицина және оңалту орталығы» жұмыс жасауда. Аталмыш мекеме спортшыларға медициналық-биологиялық емдеу, спорттық медицина, профиль мамандар, зертханалық-функционалдық диагностика және оңалту-қалпына келтіру бағыттары бойынша қызмет көрсетуде. Еліміздің спортшыларының дені үлкен жарыстардың алдында осы орталыққа келіп, физикалық тұрғыдан шыңдалып, тәнін сауықтырады. Себебі, әр өңірде мұндай стандартқа сай орталық жоқ. Біздің облыс та бұл бағытта кенжелеп тұр. Мәселен, қазір аймақтағы 45 спорт мектептері мен клубтардың тек 19-ында ғана дәрігер мамандардың штаттық бірлігі қарастырылған. Оның өзі алғашқы медициналық көмек көрсететін медбикелер. Мұнымен бізде спорттық медицина дұрыс жолға қойылған дей алмаймыз. Оны спорт саласының «отымен кіріп, күлімен шығып» жүрген мамандар да айтып отыр.
– Жалпы, спорттық медицина өңірде кенжелеп тұрғанын мойындауымыз қажет. Мәселен, мен басқарып отырған «Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубында»
0,5 жүктемемен бір ғана спорт дәрігері жұмыс жасауда. Ол оқу-жаттығу жиындарында, жарыстарда өз қызметін көрсетеді. Әлемдік стандарт бойынша әр спортшының жеке дәрігері, массажисі, травматологы, диетологы, тіпті психологы болуы қажет. Және мұндай мамандар бапкерлермен де жұмыс істеуге міндетті.
Ал бізде болса, бір ғана маман 220 спортшы мен 10 жаттықтырушының денсаулығына жауапты болып отыр. Оған қоса, бюджеттен қаралған қаржыға спортшыларға қажетті дәрі-дәрмектерді толықтай ала алмаймыз. Өйткені, ғылымның соңғы жетістіктерімен жасалған дәрі-дәрмектердің бағасы қымбат. Бірақ ол дәрі спортшының тәнін сауықтыруға, жарыстан кейін қайта қалпына келуіне ауадай қажет. Ондай дәрі қолда болмағаннан кейін амал жоқ, барды ұқсатамыз.
Әлемдік додаларға барған кезде өзге елдердің спортшылары бүкіл командасымен жүреді. Оның ішінде массажисі де, травматологы да, дәрігері де, диетологы да, психологы да бар. Бізде осы жұмыстардың барлығын бапкердің өзі атқарады. Міне, қынжылтатын тұс – осы.
Әрине, біз нәтижеге жетіп жүрген спортшыға барлық жағы­нан қызмет көрсетуден қашпаймыз. Алайда арнайы медицина маманы болмағаннан кейін, бапкерлер көп нәрсені біле бермейді. Мәселен, «Спортшы жарыс алдында қалай тамақтануы керек?», «Қандай дәрілердің құрамында допинг элементтері болуы мүмкін?», «Массажды қашан және дененің қандай бөлігіне жасаған дұрыс?», «Жарыс жолағына шыққалы тұрған спортшыны психологиялық тұрғыдан қалай дайындаған жөн?» деген сынды дүниелерді біз қайдан білеміз? Өзге мемлекеттерде осы жұмыстардың әрқайсысына жеке-жеке мамандар белгіленген.
Бір ғана мысал келтіре кетсем, осы жылы Қырғызстан мемлекетіне барып, оқу-жаттығу жиындарын өткіздік. Алайда бізге аз ақша қаралғандықтан, қарапайым дәрігерімізді өзімізбен бірге алып бара алмадық. Амал жоқ сондағы емханалардағы дәрігерлерге жалынып, жалдадық. Бұған енді не деуге болады?
Негізі, жарымжан жандармен жұмыс жасау қиын екені айтпаса да белгілі. Әсіресе, ондай спортшыларды үлкен додаларға дайындау көп күшті қажет етеді. Сондықтан бізге ең бірінші спорттық медицинаны мықтап қолға алу қажет, – дейді облыстық «Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының» директоры Саттар Ерғалиұлы.
Бұл оймен «Жамбыл бокс клубының» директоры, кәсіпқой бокстан қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Марат Мәзімбаев та келіседі. Оның пікірінше, ғылымның дамыған бүгінгі заманында спортшыларға медициналық тұрғыдан көмек көрсету кезек күттірмейтін мәселе екен.
– Кезінде біз шаршы алаңға қара күшімізге сеніп шықтық. Және қазақтың қымызын тәнді сауықтыру үшін пайдаландық. Өйткені, ол кезде спорттық медицина мүлде дамымаған еді. Қазір заман басқа. Жарақаттан кейін спортшыларды қайта қалпына келтіруге арналған түрлі технологиялар бар. Сондай-ақ жарыс алдында денені шыңдау, оңалту мақсатында ойлап табылған дәрумендер де жетерлік. Міне, осыны бізге тиімді пайдалануға болады. Себебі, бұл жүйемен қазір бүкіл әлем жүріп келеді. Қазір бокс клубында барлығы 150 бала жаттығып жатса, олардың денсаулығын бақылауға 1 медбике мен 1 массажист белгіленген. Әрине, 150 спортшыға 2 маман жеткілікті деп айту қиын. Өйткені, бокс дене жарақатын көп алатын спорттың бір түрі. Сондықтан мен облыста спорттық медицинаны дамытуды қос қолдап қолдаймын, – дейді клуб директоры.
Иә, осылайша клуб басшылары спорттық медицинаға қатысты өз ойларын ашық айтып отыр. Ал Марат Кененбайұлы жеке тәжірибесімен бөлісіп, ел спортының кешегісі мен бүгінін, әлеуеті мен мүмкіндіктерін саралап беруде. Осы орайда, Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымовтың да спорттық медицинаға қатысты ойын білген едік.
– Біздің кезімізде боксшылардың спорттағы жолы қысқа болды ғой. Физикалық мүмкіндігімен, жігерімен, бапкерлердің күшімен чемпион болып жүрді. Ол кезде 30 жасқа дейін мүмкіндігіңді көрсетсең көрсеттің, көрсетпесең, «сау бол» дейтін. Ал қазір ғылымға негізделген, инновациялық технологиялар мен бейстандарттық әдістемелермен қамтылған спорттық медицинаның арқасында атлеттің спорттағы өмірін ұзартуға мүмкіндік ашылды. Енді боксшылардың спорттағы жасы 35, бәлкім 36-37 жасқа дейін ұзарса таңғалмайтын болдық. Мен 24 жасымда Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері атандым. 2000 жылы 28 жасымда Сидней Олимпиадасында жеңіс тұғырына көтерілдім. Ал егер менің кезімде Қазақстанда ғылымға негізделген, заманауи, спорттық медициналық орталық болғанда, екі дүркін Олимпиада чемпионы атануға мүмкіндік туар еді. Енді бүгінгі саңлақтардың спорттағы жолы ұзақ болуы үшін, біз спорттық медицинаны барынша дамытуымыз керек, – дейді Олимпиада чемпионы.
Иә, қалай дегенде де, облысымызда спорттық медицина әлі ақсап тұрғаны ақиқат. Әсіресе, аудандардағы жағдай алаңдатарлық күйде. Мәселен, Мойынқұм ауданы әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мерей Қалдыбековтың айтуынша, өлкедегі жалғыз №19 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде бір медбике штатта болғанымен, дәрі-дәрмек қоры өте аз екен. Сондай-ақ медбикенің жасы 50-ден асып жығылыпты. Яғни, бұл салаға жас мамандар келуге құлықты емес. Ал Жуалы ауданы әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзынбетов болса, аудандағы №12, №13 спорт мектептеріне бір медбикеден қызметке алынғанымен, бұл аздық ететінін жасырмауда.
Бәлкім, базбіреулер «Спорт мектептерінде ең болмаса бір медицина маманы бар екен ғой, оған да шүкір дейік» дейтін болар. Алайда есепте болғанымен, бұл қызмет медбикелердің қосымша тірлігі екенін әркімнің іші сезіп отырған шығар.
Әрине, байыбына бармай байбалам салудан аулақпыз. Алайда бұл мәселені біз айтпасақ та, спорт саласының саңлақтары мен ел мақтаныштарының өздері көтеріп отыр. Олар спорттық медицина жолға қойылса, жерлестеріміздің жетістіктері сан еселенетінін алға тартуда.

Рас, жуырда Тараз қаласында «Спорттық медицина мамандары, спорт психологиясы және ұлттық спорт түрлерінен жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру» тақырыбында үлкен семинар өтті. Онда медицина мамандары, психологтар, бапкерлер мен спортшылар көкейлерінде жүрген сұрақтары мен ойларын ортаға салды. Олардың дені өңірдегі спорттық медицинаны жедел дамыту қажет дегенге тоғысқаны анық аңғарылды. Демек, бізге бұл мәселені сансыз семинарларда талқылап емес, тез арада нақтылау қажет секілді. Өйткені, Елбасы Жолдауында жүктеген міндет те осыны меңзеп тұр. Ендеше, ел болашағы мен спортшылардың саулығымен тікелей байланысты тірлікте тиянақтылық пен ауызбіршілік танытқанымыз абзал.

Шынболат Сейдуалиев

Leave A Reply

Your email address will not be published.