Жастар.kz

Студенттер Абай шығармаларын жатқа оқыды

Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінде «Атасы асыл сөздің – ақын Абай» атты облыстық колледжаралық дәстүрлі ХІI Абай оқулары байқауы өтті.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында өткен шарада үміткерлер «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Көңілім әнді ұғады» және «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» атты бөлімдер бойынша бақ сынады. Байқауға Ы.Алтынсарин медалінің иегері, мәдениет майталманы, ҚР «Мәдениет саласының үздігі», профессор Балқыбек Құлмамбетов, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың «Филология және журналистика» кафедрасының ұстазы, доцент Асима Нүсіпова және осы жолдардың авторы қазылық етті.
Алғашқы айналымда қатысушылар Абай өлеңдерін жатқа оқыды. Бұл сайыста үміткерлердің тек өлеңді жатқа оқуы ғана емес, оны жеткізе білуі де назарға алынып, сахнада өзін ұстауы да бағаланды. Ал, «Көңілім әнді ұғады» бөлімінде Абай әндері үш тілде орындалып, шығарманы жеткізуде музыкалық сауаттылығымен қатар тіл тазалығы да сараланды. «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» кезеңінде қатысушылар ұлы ойшылдың қара сөздерін жатқа оқудан сынға түсті.
Сонымен байқауда ақын өлеңдерін жатқа оқу бойынша Қазақ-түрік есеп-экономика колледжінің студенті Ақшуақ Қиялбек бірінші орыннан көрінсе, екінші орын Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің студенті Аружан Мақайға, ал үшінші орын Қаратау технология, білім және бизнес колледжінің студенті Ұлжан Құрманбековаға бұйырды. Сондай-ақ, Абай әндерін орындауда Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің студенті Нұрәділ Жаңабай жеңімпаз ретінде танылды. Аталған бөлім бойынша №5 Жаңатас колледжінің студенті Алина Сыздықбаева мен Құлан ауыл шаруашылығы колледжінің студенті Денис Гордеев тиісінше екінші, үшінші орындарды өзара бөлісті. Ал, хәкімнің қара сөздерін жатқа оқуда Жаңатас көпсалалы колледжінің студенті Мөлдір Сайлау бірінші орынға лайық деп танылса, екінші орынды Қазақ-түрік есеп-экономика колледжінің студенті Тоғжан Естемес еншіледі. Үшінші орынды Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің студенті Айгерім Қайыңды қанжығаға байлады.
Сайыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ПІКІР