Студенттер квест ойынымен жемқорлыққа қарсылығын білдірді

0 9

Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қолдауымен, Жамбыл инновациялық жоғары колледжінің «Саналы ұрпақ» өзін-өзі басқару ұйымының ұйымдастыруымен «АntiParaCraft – 2021» студенттік квест ойыны өтті. Студенттер ойын арқылы жемқорлықтың жолын кесуге тиімді ұсыныстарын айтып, сыбайластыққа қарсылықтарын көрсетті.

Ойынға 2 студенттен құралған 4 команда қатысты. Ереже бойынша алғашқы кезеңде командалар топтың атауымен, мүшелерімен және ұрандарымен таныстырып, шараға қатысу барысындағы алға қойған мақсаттарын қорғады. Келесі айналымда студенттер жемқорлық тәуекелдерін квест ситуациясы бойынша шешімін тауып, сыбайлас жемқорлықтан құтылудың тиімді жолдарын ұсынды.
«Клад ойыны» деп аталатын үшінші кезеңде студенттерге бір сөз жасырынған карточкалар таратылады. Онда берілген тапсырмаларға сәйкес қатысушылар колледж ауласындағы жасырынған келесі тапсырманы алуы қажет. Тапсырмалардың барлығын орындаған топ ойын соңында жасырынған «жемқорлық» сөзін құрастырды.
Ойын шарттарын дұрыс әрі жылдам орындаған Айдана Жұмаева мен Ақнұр Серіктің «Алаш жастары» тобы І орынды жеңіп алды. Ал Еркебұлан Ахмет пен Дінмұхамед Мұсаның «QZ» тобы ІІ орынды олжалады. Жүлделі ІІІ орынды «Адал ұрпақ» тобы (Нұрилә Құлбатырова, Меруерт Қазбек) иеленсе, IV орынның биігінен «Ақиқат» тобы (Жиенқұлов Алдияр, Сүнетулла Жалғас) көрінді.
Студенттер осылайша ойнай отырып, ойларын жеткізді. Өркениеттің жолына кедергі тұратын жегіқұрт – жемқорлықпен күресуге жастар да өз үлестерін қосуда. Қоғамның өзекті тақырыбы кеңінен талданған шара қызықты өтуімен қатар, көпшілікке ой салғаны анық.

Қ.РАХМЕТУЛЛИНА

Leave A Reply

Your email address will not be published.