"Шамшырақ"

Студенттер онлайн емтихан тапсырады

Written by Aray2005

Әлемді алаңдатқан пандемияға байланысты еліміздегі білім беру ұйымдары арасында бірінші болып жоғары оқу орындары қашықтан оқыту жүйесіне көшкен болатын. Дегенмен апта басында елімізде жарияланған төтенше жағдай тоқтатылғанымен, карантин режимі алынған жоқ. Осыған байланысты білім беру ұйымдары әлі де болса қашықтан оқуды жалғастыра бермек. Бірақ жоғары және орта арнаулы оқу орындарында білім алатын студенттерді кешенді емтихандарды және дипломдық жұмыстарын қалай тапсыратыны алаңдатып отыр. Өйткені әне-міне дегенше оқу жылын қорытындылайтын кез де таяп қалды. Ал кеселдің жуық арада кететін түрі жоқ.

«Басқа түссе баспақшыл» демекші, бүгінде студенттер қашықтан білім алуға барынша төселді. Енді сол алған білімін дәлелдеп, сынақ тапсыратын уақыт та келді. Ал сала мамандарына оны да ойластыру қажеттігі туындады. Осы орайда, өңірдегі іргелі жоғары оқу орыны саналатын М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-да осы оқу жылының жазғы емтихандық сессиясына бакалавриаттың күндізгі оқу бөлімінің 5000 студенті, магистратура мен докторантураның 216 білім алушысы, кешкі бөлімнің 435 студенті, қашықтықтан және сырттай оқу факультетінің 1015 білім алушысы қатысуы жоспарланыпты. Сессия 11 мамыр мен 6 маусым аралығында өтеді. Аталған оқу орнының тіркеу офисінің директоры Наталья Чернявскаяның айтуынша, ҚР Білім және ғылым министрлігінің пандемия кезінде аралық және қорытынды аттестацияны өткізу туралы әдістемелік нұсқауларының негізінде университет Академиялық саясатқа өзгерістер енгізіп, емтихандардың келесі түрлерін бекіткен.
– Жазбаша емтихандар мен курстық жұмыстар Google Classroom платформасы арқылы өткізілсе, ауызша емтихандар Zoom және міндетті түрде жазу жүргізілетін басқа да стримингтер арқылы өткізілмек. Ал тестілеу әр жоғары оқу орнының ресми жүйесінде онлайн форматта алынады. Мұндай сынақ кезінде әртүрлі параметрлер бойынша онлайн-прокторинг жүйесі және биометриялық көрсеткіштер бойынша сәйкестендіру қолданылады. Қазіргі таңда оқу орнында емтихандарды сәтті тапсыру үшін нұсқаулықтар мен жаднамалар әзірленді, оларды порталдан және оқытушының Тичердегі жеке кабинетінен көшіріп алуға болады. Сонымен қатар, техникалық қиындықтарға байланысты студенттер қашықтықтан емтихандарды тапсыра алмаған жағдайда, олардың оқу пәні бойынша қорытынды бағасы емтихансыз, жиынтық балдардың негізінде қойылады. Ол үшін студенттер факультет деканының атына өтініш жазуы керек, – дейді Н.Чернявская.
Ендігі жерде 4 жылдық білімнің нәтижесі, маман екенін куәландыратын дипломды қалай қорғап, оны қолға қалай алады деген сауал туындауда. Бұл орайда, тіркеу офисінің қызметкері Гүлсара Сыздықова дипломдық жұмысты қорғау академиялық күнтізбе бойынша мамыр айына жоспарланғанымен бүгінгі ахуалға байланысты маусым айына шегеріліпті. Яғни, бұл шара елдегі жағдай тұрақталған соң ғана іске асырылмақ.
– Студенттердің диплом­дық жұмыстарын қорғау – жауапкершілігі жоғары іс. Сондықтан біз әліптің артын бағып, кейінге шегердік. Дегенмен жағдайдың біз ойлағандай бола қоймайтыны белгілі. Сондықтан карантин мерзімі созыла қалған жағдайда не істейміз деген сауалдың төңірегінде оқытушылардың ұсыныстары қабылданып жатыр. Нақтырақ айтқанда, дипломдық жұмысты қашықтан қорғау жолдары зерделеніп, талқылануда. Соған қарамастан карантин режимі аяқталып, студенттер дипломдық жұмыстарын оқу орны қабырғасында қорғайды деген сенім мол, – дейді Г.Сыздықова.
Ал Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде жағдай мүлде керісінше. Ол оқу орнының 4-курс түлектері карантиннің аяқталуын күтпестен дипломдық жұмыстарын қашықтан қорғай бермек.
– Биыл университетіміздің күндізгі бөлімін 1000, ал сырттай бөлімін 1120 студент бітіреді. Олар қазіргі таңда дипломдарын жазып қойды. Алда тек қорғау жұмыстары ғана қалды. Бұл жұмыстар 18 мамырдан басталады. Бітіруші түлектер дипломдық жұмыстарын «Cisco WebEx» платформасы арқылы қорғайды. Аталған платформа комиссия мүшелерінің бақылап отыруына да өте ыңғайлы. Осы арқылы аталған жұмысты сәтті алып шығамыз деп отырмыз. Ал дипломды беру мәселесін ойластыра қойған жоқпыз, – дейді университеттің академиялық мәселелер басқармасының басшысы Асылжан Мажибаев.
Сонымен қатар аталған жоғары оқу орнында тиісінше 1, 2 және 3-курс студенттерінің мемлекеттік емтихандары 18 мамырдан басталады екен. Қашықтан өтетін бұл шара автоматтандырылған жүйе бойынша іске асырылатын көрінеді.
Ал аймақтағы техникалық және кәсіптік білім мекемелерінде қорытынды аттестаттау осы жылдың 15-28 маусым аралағында өтеді. Облыс әкімдігі білім басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында дипломдық жобаны қорғауға – 411, қорытынды емтихан тапсыруға – 3169 студент қатысады екен. Тілге тиек ете кететін жайт, колледждердің интернет-ресурстары мен zhambyltipo.kz сайтында емтихан кестесі орналастырылмақ. Аталған сайт арқылы онлайн кеңес беру, дипломдық жобаны қорғау, онлайн емтихан өткізу, дипломдық жобаларды қорғау рәсімі жүргізілетін көрінеді. Бастысы, емтихандарды өткізу және дипломдық жобаларды қорғау рәсімі ҚР Білім және ғылым министрлігінің ресми нұсқаулығына сәйкес жүзеге асырылады.

Шынболат Сейдуалиев

ПІКІР