Sport

Студенттер жол жүру билетін сұрап, қашанғы жалынады?

Бүгінде студенттерді алаңдатып отырған ең өзекті мәселелердің бірі – жолкіре жайы. Өйткені, облысымызда білімгерлер өзгелермен бірдей жолақы төлеуге мәжбүр. Сондықтан да, студенттер тиын санап, әйтеуір «шықпа жаным, шықпамен» әупірімдеп күн көруде.

Негізі білімгерлерге мұндай жайсыздық өткен жылдың шілде айында жабысқан болатын. Бұған не түрткі болғаны бізге беймәлім. Алайда, Тараз қаласы әкімдігі жолаушы тасымалдаушы компаниялардың «бүйректен сирақ шығарған» бастамаларын қолдай кетіп, жол жүру құнын баршаға бірдей 65 теңгеге белгілеп тастады. Десе де, былтырғы жылдың соңында облыстың бұрынғы әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен жастар ісі жөніндегі кеңесте «Қазақстан студенттер Альянсының» облыстағы көшбасшылары бұл мәселені көтеріп, қол ұшын беруді сұраған еді. Сол кезде Кәрім Нәсбекұлы Тараз қаласының әкімі Рүстем Дәулетке мәселені жан-жақты зерделеп, тиісті ұсыныстар әзірлеуді тапсырған-ды. Бірақ, арада екі айға жуық уақыт өтсе де, қала әкімдігі әлі үнсіз. Рүстем Рысбайұлы тұрғындармен өткізіп жатқан есепті жиындарда да бұл мәселеге қатысты жақ ашпауда. Осы орайда, қала басшылығына хабарласып, мән-жайды анықтауға тырысып көрген едік, дегенмен, ешкім мардымды жауап бермеді. Әйтеуір, жүре сөйлеген жандардан білгеніміз, студенттердің жақын арада жол жүру билетіне қол жеткізуі неғайбыл. Өйткені, дәл қазір бұл бағытқа қаралған қаржы да, мөр басылған бұйрық та жоқ.
Бұл жастарды қуантпайтыны анық. «Қазақстан студенттер Альянсы» республикалық студенттік қозғалысының облыс бойынша көшбасшысы Әлібек Мұратбаевтың айтуынша, бұл облыс орталығындағы 30 мың студенттің тағдырына немқұрайлы қарау екен.

– Дәл қазір Тараз қаласындағы жоғары және арнаулы оқу орындарында 30 мыңға жуық студент білім алуда. Олардың қоғамдық көлікке мінуіне ешқандай жеңілдік қарастырылмаған. Ал, 65 теңгеге көтерілген қалаішілік қоғамдық көліктердегі жолақы бағасы студенттердің қалтасына әжептәуір салмақ салуда. Әрине, маман болып қалыптасу жолында ізденісте жүретін студенттерге күніне бірнеше рет қоғамдық көлік қызметін тұтынуға тура келеді. Бірі кітапханаға асығады. Енді бірі қаланың келесі бөлігінде орналасқан оқу ғимаратына жетуі керек. Оған қоса студенттердің түрлі іс-шараларға шақырылатыны тағы бар. Қалай десек те, жолақы бағасының көтеріліп, тиісті жеңілдіктердің алынып тасталуы тараздық студенттердің жанына батуда. – дейді Ә.Мұратбаев.

Иә, белсенді жастың сөзі орынсыз дей алмаймыз. Өйткені, бұл мәселе қазір көптің жанына батып тұрғаны ақиқат. Әсіресе, қала орталығынан тысқары орналасқан оқу орындары басшыларының өзі білімгерлерінің сабаққа жетуіне алаңдаулы. Мәселен, «Арай-2» иінінде орын тепкен Тараз химия-технология колледжі директорының орынбасары Нәзира Сыдыгалиеваның айтуынша, студенттердің жолақысын 65 теңге етіп белгілеу дұрыс емес.

– Қарапайым студентте қайдан ақша болсын. Әйтеуір, ауылдан жібергенді үнемдеп жұмсап, жеткізіп жатады. Біздің колледждің студенттерінің арасында оқу орнына екі автобус ауыстырып мініп, әрең жететіндері аз емес. Сонда сабаққа келгенше 130 теңге жұмсап, қайтар жолда тағы сондай қаржы шығындау оларға оңай ма? Егер бұрнағы кезі қолданыста болған студенттердің бірыңғай жол жүру билетін қайта қоғамдық көліктерге енгізсе, білімгерлер үшін үлкен көмек болар еді, – дейді Н.Сыдыгалиева.

Бұл ойдың, әрине, жаны бар. Өйткені, тиын санап жүрген студентке күніне 260 теңгені жолға жұмсау оңайға соқпайтыны анық. Оған енді, кітапханаға барып келетін жолақысын қосыңыз, сонда әрбір студент бір күнде 520 теңгеге шығындалады. Ал, бір айда орта есеппен 15 000 теңге жолақыға кетеді. Мұндай жағдайда көбі білім алуды емес, қосымша табыс табуды ойлайтыны анық. Жастардың жұмыс іздеп, көше кезіп кетуінің бір себебі де осында жатыр.

Осы орайда, өзге өңірлерде студеттерге жол жүру билеті қаралған ба, әлде жоқ па, сол жағын білген едік. Көршілес Оңтүстік Қазақстан облысындағы әріптестеріміз берген мәліметке сүйенсек, онда жалпыға бірдей жол жүру құны 70 теңге болса, студенттер қоғамдық көлікпен 50 теңгеге қатынайды екен. Ал, Астана қаласында студенттер 7500 теңгеге жол жүру билетін сатып алып, ай бойы тегін автобуспен қатынау құқығына ие бола алады. Байқасақ, студенттерге солтүстікте де, оңтүстікте де жеңілдіктер еш қиындықсыз қаралуда. Сонда біздің шенділерге не жорық? Ай мен күннің аманында ешкімде жоқ «заңды» қайдан шығарып отыр?

Осыдан бірер күн бұрын Тараз қаласындағы жолаушы тасымалдаушы компаниялар шу шығарып, мемлекет тарапынан субсидия қарауды сұранған еді. Сонда Тараз қаласының әкімдігі субсидия мәселесін сүзгіден өткізіп, қолдан келгенше қолдау көрсететінін жеткізді. Дегенмен, осы субсидияға қол жеткізген автопарктер бұдан кейін жол жүру ақысын арзандата ма, студенттерге жеңілдік қарала ма, ол туралы ешкім жақ ашпайды. Қалай десек те, ел ертеңі саналатын жастар мемлекеттік қамқорлықтан шет қалмауы керек. Бұл тұрғыда қала басшылығы іргедегі Оңтүстік Қазақстан облысынан үлгі алса игі.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР