Сұхбат

«Студенттердің жолақы мәселесі шешілсе…»

Written by Aray2005

Жастар жылында өңірде түрлі бағыттағы жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл орайда студент жастардың әлеуметтік және құқықтық қорғалуын қамтамасыз ететін оқу орындарындағы жастар ісі жөніндегі комитеттерге жүктелер міндет зор. Осы мақсатта біз Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Айбек Қадралиевпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Айбек Амансейітұлы, Жастар жылының жариялануы студенттер қауымына да айрықша серпіліс сыйлағаны сөзсіз. Дегенмен оқу ордасында қандай да бір жобалар қолға алынған шығар? Жастар жылын ТарМПУ қандай тың жоспарларымен бастап отыр?
–Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Әрине, қазіргі таңда өңірдегі жастардың басым көпшілігі жоғары оқу орындарында оқиды. Сондықтан ондағы студенттер білім алумен бірге, Мемлекет басшысының сеніміне селкеу түсірмеуге тырысады. Оның ішінде Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің жастары да осы жылды жемісті атқаруда. Біз Жастар жылы бастала салысымен жастарға ой салатын түрлі роликтер түсіріп, әлеуметтік желілерге жүктедік. Оның себебі де жоқ емес. Өйткені қазір үлкен-кішінің барлығы әлеуметтік желіде отырады. Сол себептен біз алғышарттарды осы әлеуметтік желілерден бастадық. Айта кетерлігі, түсірілген роликтер еліміздің барлық жоғары оқу орындарына жіберілді. Негізінен біздің университетте түркімен жастары көптеп оқиды. Бұл тұрғыда олар да назардан тыс қалмауы қажет. Сондықтан «Шаңырақ» ұйымын құрып, «Бірлігіміз жарасқан» атты апталық ұйымдастырдық. Сондай-ақ университеттегі шығар­машыл жастардың басын бір арнада тоғыстырып, «Бастау» жинағын құрастырып жатырмыз. Мұның шығармашыл жастарға қанат бітіретіндігіне сенім мол.
Жалпы, өзін-өзі басқару жұмысы нәтиже беретіндігі сөзсіз. Осы мақсатта «студенттік президент» сайлауы өткелі отыр. Оған кандидаттарды студенттер өздері ұсынып, өздері сайлайды. Сонымен қатар мектептердегі ата-аналар комитеттерімен бірігіп «Ізгілік» орталығының тұсауын кесіп, жұмысын бастап кеттік. Әрине, бұл жұмыстардың барлығы Жастар жылының аясында атқарылып жатқан шаруалар.
– Өзіңіз басқаратын Жастар ісі жөніндегі комитеттің негізгі міндеттері қандай?
– Комитеттің негізгі мақсаты – жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуы мен қоғамның жастар туралы көңілге қонымды, объективті пікірінің қалыптасуын қамтамасыз ету. Университеттегі жастар саясатының жұмысын жүргізу, факультеттердің тәрбие және әлеуметтік жұмыстарды ұйымдастыру, іс жүзіндегі бекітілген құжаттарды жоспарлауға қатысу, білімгерлермен жүргізілетін жұмыстағы озық тәжірибені білу, жинақтау, тарату, семинар және ғылыми-практикалық конференция, шығармашылық байқаулар өткізу де біздің негізгі жұмыстарымыздың бірі.
Сондай-ақ студенттердің проблема­ларын назардан тыс қалдырмауымыз қажет. Осы мақсатта білімгерлер арасында әлеуметтік сауалнамалар жүргізіп, құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі жұмыстарды атқару үстіндеміз. Сонымен қатар білімгерлер отрядының қалыптасуына ықпал ету, жастармен жұмыс істеуде өзінің кәсіби білімін үнемі арттыру, университеттің сыртқы ережелерін сақтау, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдаулары мен жастарға арналған бағдарламаларды насихаттау, саламатты өмір салтын ұстанумен қатар спорттық іс-шаралар, танымдық маңызы бар кездесулер мен дөңгелек үстелдер, қайырымдылық кештер мен жастар акцияларын өткізу біздің құзыретімізге кіреді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Заңдарын, «Қазақстан – 2020: болашаққа жол» Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру мақсатында жұмыс жасап жатырмыз.
– Ал университеттегі жас ғалымдардың жұмысы қаншалықты жүйеге келтірілген? Олар қазір немен айналысуда?
– Бүгінде университет қабыр­ғасында ғылым бөлімі жұмыс жасайды. Онда жас ғалымдарды тәрбиелеу ісі жүйеге келтірілген. Атқарылған әрбір жұмыстың артында нәтиженің тұратындығы айқын. Қазіргі таңда университеттің жас ғалымдары барған байқауларынан құралақан қайтқан емес. Атап айтқанда, өткен жылдың соңына таман Ғалия Абылай және Көркемжан Қанат халықаралық дәрежедегі ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, тәжірибе алмасты. Осылайша олардың ғылыми мақалалары халықаралық арнайы жинаққа енді. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын таба бермек. Ол үшін оқу орнында барлық жағдай жасалған.
– Сіздердің жұмыстарыңыз тікелей жастар саясатымен тығыз байланысты ғой. Бұл тұрғыда жастар ресурстық орталықтарымен қаншалықты байланыс орнатылған? Ортақ жобаларыңыз бар ма?
– Әрине, жұмысымыз жастар ресурстық орталықтарымен байланысты. Қандай шара болса да аталған орталық қызметкерлерімен бірігіп ұйымдастыруға тырысамыз. Мәселен, Тараз қалалық жастар ресурстық орталығы мен университет ректоры Ержан Әмірбекұлының арасында салааралық жоспарымыз бар. Ол жоспар 18 бағыттан тұрады. Онда жастардың барлық проблемалық мәселелерін шешуге бағытталған жұмыстарды қамтуға тырыстық. Ал Жастар жылының аясында облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасымен «Еріктілер» мектебін жандандыру мақсатында біріккен жобаны нақтылап, 80 ерікті жасты сол қатарға қостық. Қазіргі таңда олар жұмыстарын істеп жатыр.
– Оқу орнында білім алатын студенттер үшін басты мәселе жатақхана екендігі белгілі. Бұл мәселе сіздерде қалай шешілген?
– Расында, қазір студент үшін жатақханадан орын алу – ең басты мәселелердің бірі. Бұл проблема бізде нақты шешілген. Бүгінде бізде 800-ге жуық түркімен жастары білім алуда. Оларды жатақханамен қамтамасыз ету біздің мақсатымыз. Бұл орайда қаладағы қонақүйлердің бірін жалға алып, жатақхана ретінде пайдаланып отырмыз. Университетте жатақхана бойынша ешқандай мәселе жоқ деп ауыз толтырып айта аламын.
– Жұмысыңыз студенттердің өмірімен тікелей қатысты. Осы орайда айтыңызшы, бүгінгі студенттің басты проблемасы қандай?
– Барлығы 100 пайыз жақсы деп айта алмаймын. Кез келген жерде түйткілдің болатындығы ақиқат. Бүгінгі студенттердің проблемасы деп жолақысын айтар едім. Қазіргі таңда студенттер тұрғындармен бірдей қоғамдық көліктерге 65 теңге жұмсайды. Көбінің шет ауылдардан келіп оқитындығын ескерсек, күнделікті жүріп-тұруында бұл қаржы олардың қалтасына кәдімгідей салмақ түсіреді. Себебі олар бір ғана корпуста білім алмайды. Қаланың әр шетінде орналасқан корпустарға сол қоғамдық көлікпен қатынайды. Оның үстіне олардың барлығы бірдей грантта оқи бермейді. Сондықтан облыс, қала басшылығы осы проблеманы шешіп берсе, студенттер үшін үлкен қуаныш болар еді.
Сондай-ақ екі студенттің бірі белсенді бола бермейді. Осы орайда белсенді студенттерге арналған арнайы грант қарастырылса. Сонда білім мен қоғамдық шаруаны қатар алып жүрген студенттер үшін ынталандыру болар еді.
– Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында қандай жұмыстар атқарылуда? Мақалаға қатысты өз ойыңызбен бөліссеңіз.
– «Ұлы даланың жеті қырының» кез келгені – қазақ халқының өміріндегі ерекше мұралар. Ондағы атқа міну мәдениеті, ежелгі металлургия сынды әрбір құндылықты жастардың санасына сіңіру қажет-ақ. Бұл тұрғыда оқу орнымызда «Өлкетану» жобасын қолға алдық. Аталған жоба аясында өлкеміздегі тарихи орындармен танысып, жауһар жәдігерлердің қыр-сырына қанығамыз. Сондай-ақ түрлі экскурсиялар ұйымдастырылуда. Мұндағы жұмыстар – тарихты білмей, болашақты болжау мүмкін емес деген мақсатпен астасып жатыр.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

  • Айбек Амансейiтұлы, жастармен жұмыс жүргiзуде ɵте тəжiрибелi маман! Əр уақытта жастарға ɵз тарапынан мүмкiншiлiктер жасауды мiндет ететiн жастар жанашыры!

ПІКІР