Жастар.kz

Студенттерге бар жағдай жасалуда

Written by Aray2005

Тараз сервис және технология колледжінде «Студенттерге арналған электрондық қызмет көрсету орталығы» ашылды. Орталықтың ашылу салтанатына ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Равиль Тюлебаев, облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов, «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалының өкілдері мен қалалық қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

Аталған колледж директоры Бекбол Маймышевтің сөзінше, жаңадан ашылған орталық электрондық форматта қызмет көрсетуге көшу жолымен оқу қызметінің процестерін ұйымдастыруды оңтайландыруға оң септігін тигізбек.
– Орталықты Жастар жылының аясында ашып отырмыз. Бұл жерде студенттер үшін бар жағдай жасалған. Олар ендігі жерде өздеріне қажетті жұмыстарын алысқа бармай-ақ осы жерден бітіре алады. Бұл өз кезегінде студенттердің уақыттарын үнемдесе, екінші жағынан кедергісіз білім алуларына мүмкіндік жасап отыр, – деді Бекбол Баянғалиұлы.
Сондай-ақ осы күні оқу орнында жастарды адалдыққа тәрбиелеу мақсатында «Адалдық алаңы» атты сатушысыз дүкен де жұмысын бастады.
Шара барысында ҚР Мемлекет­тік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департа­ментінің басшысы Равиль Тюлебаев пен облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов колледждің өндірістік оқыту базасымен және студенттердің мамандық бойынша жинақтаған дағдыларымен танысты. Кейіннен студенттермен кездесу өткізіп, сұрақтарына жауап берді.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ПІКІР