Студенттерге қашықтықтан оқу қиын емес

0 2

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстан аумағында 1 ай көлемінде төтенше жағдай енгізілді. Бұл әлемді алаңдатқан коронавирус инфекциясының елімізде таралуына жол бермеу үшін жасалып отыр. Қазақстанға кіруге және шығуға шектеу қойылуының, ірі сауда нысандары мен ойын-сауық орталықтарының және жұртшылық көп баратын қоғамдық орындардың уақытша жабылуының астарында – халықтың бір жерге шоғырлануына жол бермеу мәселесі жатқаны белгілі.

Әлемді дүрліктірген індеттің салдары еліміздің білім беру жүйесіне де уақытша өзгеріс енгізді. Нәтижесінде осы айдың 16-сынан келесі айдың 5-іне дейін студенттер қашықтықтан оқыту жүйесі арқылы білім ала бастады. Осыдан он жыл бұрынғы уақыт болса, бұл жүйені қолдануда абдырап қалатынымыз анық еді. Алайда, студенттердің алаңсыз білім алуды үйде жалғастыруына бүгінгідей технологиялық жетістіктер қарышты дамыған заман мол мүмкіндік беріп отыр. Бірақ, дәл қазір өңіріміздің білім беру саласы қашықтықтан оқыту жүйесіне қаншалықты дайын? Осы мәселе үлкен сынға түскелі тұрғаны анық.
Жалпы облыстағы үш жоғары оқу орнында 26 мың 364 студент бар болса, оның 14 мың 634-і күндізгі бөлімде білім алады. Техникалық және кәсіптік білім беретін 48 колледжде 27 мың 396 студент бар. Демек аймақта жоғары және арнаулы орта білім беретін 50-ден аса мекемедегі 42 мыңнан астам студент қашықтықтан білім алуға кірісіп кетті.
Біз қашықтықтықтан оқытуға арналған оқу-әдістемелік кешендер негізінде әзірленген тапсырмаларды жүзеге асыруда онымен тікелей айналысатын профессор мен оқытушылар және басқа да тиісті мамандардың білім-білігіне күмән келтірмейміз. Тек, «Интернет ресурстары мұғалім мен оқушы арасындағы белгілі бір қашықтықтықты сапалы байланыстыра ала ма?» деген сауал бар. Өйткені студенттердің бірі шалғайда орналасқан ауылына, тағы бірі өзге облыстағы немесе шетелдегі үйлеріне жол тартуда.
Ал, олармен аталған жүйе бойынша күнделікті байланыста болу, онлайн сабақ өту мүмкін бе? Біз осы сауалды Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ақпараттық-коммуникациялық технологиялар басқармасының басшысы Тұрсыналы Төлеевке қойған едік.
– Қашықтықтан білім беру үрдісі негізінде біздің оқу орны «MOODLE» жүйесін қолданады. Бұл университет серверінде орнатылған. Негізінен аталған жүйе бізге таңсық емес. Университетте бұрын сырттай оқыту бөлімі деген болатын. Ол жабылғанға дейін ондағы шәкірттер нақ осы жүйе арқылы тапсырма алып, қашықтықтан оқытылып келген еді. Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасына сәйкес, биылдан бастап бұл жүйе бойынша білім алу күндізгі бөлім студенттеріне міндеттелді.
Аталған жүйе негізінде білім беру «Online» және «Offline» режимінде жүргізіледі. Мұнда студенттер пәннің мазмұнын, күнтізбелік-тақырыптық жоспарды, өткізілетін сабақтарды, дәрістердің бейненұсқасын,практикалық және семинарлық секілді басқа да тапсырмаларды көре алады. Олар өзіне берілген тапсырмаларды белгілі бір уақыт аралығында орындағаннан кейін, балдық жүйемен сабақ үлгерімі бағаланып, оларға тест сұрақтары жіберіледі. Кейіннен екеуінің жиынтығы қоса есептеліп, баға қойылады. Егер қашықтықтан оқыту мерзімі ұзартылатын болса, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес, осы жүйе аясындағы оқу-әдістемелік кешен негізінде әзірленген арнайы бағдарлама бойынша студенттер әрі қарай оқытыла береді, – деді Тұрсыналы Нақысбекұлы.
Тараз мемлекеттік педогогикалық университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры Сәуле Әлімбаева да осы оқу орнындағы 4615 студенттің «MOODLE» жүйесі және «ZOOM» қосымшасы арқылы қашықтықтан оқытылып жатқанын айтты.
– Университетте білім берудің барлық деңгейлері бойынша аудиториялық сабақтар қашықтыққа негізделген технологияларды қолдану арқылы «MOODLE» білім беру порталында жүзеге асырылуда. Бағалау журналын толтыру тәртібі оқытушы мен студент арасында қашықтықтан байланыс сақталған жағдайда өзгеріссіз қала береді. Оқытушылардың да үйден онлайн сабақ өткізу мүмкіндігі бар. Бүгінгі таңда интернет жүйелері толық режимде жұмыс істейді, барлық электрондық ресурстар қолжетімді, – деді Сәуле Құрмантайқызы.
Жоғары оқу орындарында қашықтан білім беру жүйесі өркен жайғанымен, бұл мәселе колледждерде аса жолға қойылмаған көрінеді. Бұл туралы бізге облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Дәмеш Өскембаева айтып берді.
– Өткен аптадағы сенбі-жексенбі күндері облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының білім алушыларды қашықтықтан оқытуға қаншалықты дайын екеніне зерделеу жүргізілді. Соның нәтижесінде кейбір колледждердің қашықтықтан оқытуға толық дайын еместігі анықталды. Сол үшін апта басында облыстық білім басқармасымен бірлесе отырып, колледждер арасында қашықтықтан оқытуды тиімді ұйымдастыру бойынша онлайн семинар ұйымдастырдық. Аталған шарада қашықтан оқыту үрдісі бойынша «zhambyltipo.kz» порталын қалай пайдалануға болатыны,оқушының осы портал арқылы тапсырма алуы, студенттің тапсырманы қай кезде орындағанын көріп отыру секілді мәселелер бүге-шүгесіне дейін түсіндірілді. Бұдан бөлек министрлік ұсынған «ZOOM» қосымшасын қолданудың қыр-сыры үйретілді. Жалпы онлайн семинарда Құлан агротехникалық жоғары колледжінің тәжірибесі таныстырылып, ұтымды тәсілдер ұсынылды, – деді ол.
Құлан агротехникалық жоғары колледжінің директоры Саясат Есеевтің айтуынша, мұндағы 26 топта білім алатын 602 студенттің барлығы қашықтан оқыту жүйесіне көшкен.
– «ZOOM» қосымшасында бейнеконференция арқылы сабақтар жүргізілуде және ол сабақтар бейнежазбаға жазылып алынуда. Сабақ біткеннен кейін бейнежазбалар, оқу тапсырмалары, үй тапсырмалары «Telegram», «WhatsApp» және электронды пошталар арқылы студенттерге қосымша жолданады. Студенттер берілген тапсырмаларды орындап, кері байланысқа шыға алады. Оларға қойылатын баға және үй тапсырмалары бұрында қолданып келген «zhambyltipo.kz» порталындағы электронды журналдар арқылы жүргізіле береді, – дейді Саясат Керімбекұлы.
Бұдан бөлек облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен жақында облыстағы БАҚ өкілдері Тараз қаласында орналасқан бірқатар ЖОО және арнаулы орта білім беретін колледждердің студенттерді қашықтықтан оқыту мүмкіндігімен танысып шыққан еді. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Ақпараттық жүйелер» кафедрасына бас сұққанымызда, осы кафедраның доценті Ғабит Алтыбаевтың шәкірттерімен «ZOOM» қосымшасы арқылы «Online» режімде бейнебайланыс жасап, дәріс оқып жатқанына куә болдық. Осы дәрісті 41 студент тыңдауы қажет болса, оған 27 шәкірт қана қатысты. Десе де, Ғабит Стамбекұлы аталған дәрістің бейнежазбасы және басқа да тапсырмалар «Offline» режімде «ZOOM» қосымшасына жүктелетінін, шәкірттер қалаған уақытында немесе интернет қолжетімді болғанда ол тапсырмалармен таныса алатынын сөз етті.
Қашықтықтан оқытудың тағы бір тәсілі «Google Classroom» платформасы арқылы да жүзеге асырылуда екен. Жалпы осы оқу орнында бітіруші түлектерді айтпағанда 208 магистр мен 5080 күндізгі бөлімдегі студент қашықтықтан білім алып жатса, кешкі оқу мезгіліндегі 431 және бұрынғы сыртқы бөлімдегі 3 866 шәкірт қашықтықтан оқыту бойынша бірнеше жылдан бері білім алып келеді екен.
Жамбыл медициналық жоғары колледжінің 1780 студенті бүгінде үйлеріне қайтарылған. Бұл оқу ордасында санитарлық-гигеналық талаптар қатаң сақталғаны көзге анық байқалды. Өйткені ғимаратқа кіреберіс есіктен енген бетте келушілер қолын спиртпен жууы үшін электронды залалсыздандыру құралы орнатылыпты. Одан әрі әр адамға бір-бір маска үлестіру мәселесі шешілген. Біз онда ақпараттық технологиялар орталығының меңгерушісі Айжан Исмайлованың түсіндіруімен «MOODLE» жүйесінің қыр-сырына қанықтық. Жалпы бұл колледж электронды оқытуға 2005 жылы көшсе, қашықтықтан оқытуды былтырдан бастап қолға алыпты.
Бүгінгідей індет әлемді дүрліктірген уақытта білім берудің озық тәсілінен артық жол жоқ. Сондықтан қашықтықтан оқыту жүйесі арқылы сапалы білім алудың мүмкіндіктерін әрбір студент қалт жібермеуі тиіс.

Нұрым Сырғабаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.