"Шамшырақ"

Студенттерге судьялар дәріс оқыды

Written by Aray2005

Еліміздің сот жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесінде өркениеті озық елдердің тәжірибесі қолданысқа енгізіліп, соттарға толыққанды жағдай жасалумен қатар, кәсіби сот жүйесін дамыту, олардың қоғам алдында ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету қолға алынды. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына заңмен кепілдік беріліп, соттың тәуелсіз және әділ болуына жол ашылды. Бұл ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында атап көрсетілген сот жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша алға қойған міндеттердің жүзеге асырылуының нақты көрінісі.
Облыстық сот ғимаратында облыстық соттың төрағасы Рүстем Мырзакәрім, облыстық сот судьялары, қалалық және оған теңестірілген судьялардың қатысуымен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті заң факультетінің 3, 4-курс студенттері арасында өткізілген дәрісте жоғарыда аталған, яғни заңның үстемдік құруына негіз болған бес институттық реформаға қатысты сот жүйесіндегі жаңашылдықтар әңгімеге арқау болды. Жалпы, сот қызметкерлерінің студенттермен кездесу өткізіп, оларға дәріс оқудағы басты мақсат –
жастарға еліміздің сот жүйесіне енгізілген реформалардың қалай жүзеге асырылып жатқанын таныстыру, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында атап көрсетілген сот жүйесін одан әрі жаңғыртудың іске асырылуын түсіндіру.
Дәріс барысында Рүстем Мырзакәрімұлы студенттердің назарын сот жүйесін жаңғыртуға, азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін қамтамасыз етуге, татуластыру рәсімінің қолданыс аясын кеңейтуге, сот ісінің мамандандырылуы мен цифрландырылуына аударды. Сот жүйесін жетілдірудің осы бағыттары «Сот төрелігінің жеті тасы» атты басым жобалардың портфелін жүзеге асыру аясында жеке пилоттық жобаларды енгізу арқылы іске асырылып жатқанын сөз етті.
Бұдан кейін сөз алған облыстық соттың судьялары Гүлнар Асылбек пен Динара Нұрлыбаева «Отбасылық сот» пилоттық жобасын іске асырудағы өзекті мәселелермен және бітімгерлік рәсімдерді қолданудың жай-жапсарын әңгімеледі. Сондай-ақ студенттер «Түнгі сот» пилоттық жобасының мақсаты мен міндеттеріне Тараз қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы Берік Оразымбетовтің дәрісі арқылы қанықты. Облыс бойынша Соттар әкімшісі басшысының орынбасары Гузаль Тұрдыева, ақпараттық технологиялар және ақпараттық ресурстарды қорғау бөлімінің басшысы Мухитдин Райымбеков соттардағы ақпараттық технологиялардың мүмкіндіктері жайлы айтып берді.
Шара соңында студенттерге Тараз қалалық сотының қызметкерлері тарапынан қойылған көрнекті сот процесі көрсетіліп, сот залдарына экскурсия жасалды.

Шапағат Әбдір,
ТарМУ-дың журналистика мамандығының
2-курс студенті

ПІКІР