Студенттерге вакцина алу міндетті ме

0 8

Елімізде студенттерге вакцина алу міндетті ме? Бұл сұраққа қатысты елордада құзырлы мекеме өкілі мен медицина маманы өз пікірін білдірді.

Айта кетсек, біздің редакциямызға жасы 18-ге толған студентке вакцина алу міндетті ме, ол туралы қайдан білуге болады деген сауал келіп түсті. Біз жауапты мамандардан сұрап көрдік. «Студенттің жасы 18-ге толмаған болса вакцина алу міндетті емес, ал кәмелет жасына (18 жасқа) толған студенттің вакцина алуына рұқсат. Әрине, студенттің еркіне сай», — деді Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Әйгерім Ардақ.

Сондай-ақ, денсаулық сақтау басқармасының өкілі, мемлекеттік бас санитар дәрігердің қаулысында азаматтардың вакцина алу құқығы толықтай көрсетілгенін айтты. Осы орайда біз дәрігер маманның да пікіріне сүйенуді жөн көрдік. «Вакцина адамды індеттен қорғауда 90% кепілдік береді, қалғаны әр адамның ағзасына байланысты.

Халық арасында жиі кездесетін қателіктердің бірі — «вакцина алдым» дейді де, сол сәттен бастап маска тақпай, ара қашықтықты сақтамай, той-жиынға барып жүре береді. Вакцинаны толықтай алғанның өзінде антидене 2 айға дейін сақталады. Осыны ұмытпаған жөн. Яғни, індетке шалдықпау немесе одан қорғану вакцина алумен ғана шектелмейді», — деді елордалық жалпы тәжірибе дәрігері, Нұр-Сұлтан қаласы №11 емхананың бөлім меңгерушісі Айдана Аязбекқызы.

Одан бөлек, дәрігер маман вакцинаға қатысты түрлі жаңсақ пікірден аулақ болуға шақырды. «Иә, екпе алғанына қарамастан аталған індетке қайта шалдығып жатқандар бар. Халық арасында «екпе алдым, бітті, енді ешқашан ауырмаймын» деген жаңсақ пікір бар, одан аулақ болайық. Денсаулық пен ағзаның саулығы тек вакцина алумен шектелмейді. Вакцина — денсаулық пен ағзаның саулығын сақтаудың бір жолы ғана», — дейді ол.

jambylinfo.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.