"Шамшырақ"

Студенттік ғылымның аяқ-алысы қалай?

Written by Aray2005

Студенттік шақ – талаптың тұлпарын сайлап мінген жастың білім теңізіне терең бойлауына мүмкіндік беретін кезең. Жоғары оқу орны күні кеше ғана алтын ұя- мектептен түлеп ұшқан бозбала мен бойжеткеннің білікті маман атануына бағыт-бағдар беріп қана қоймай, оларға жүрек қалаған мамандық бойынша мұқият ғылыми зерттеу жұмыстар жүргізуіне жол ашады. Бір сөзбен айтқанда, студенттік шақта жас ғалымның ғылым жолындағы алғашқы қадамдары басталады. Сол себептен де маман даярлау, ұрпақ тәрбиелеу ісінде студенттік ғылымның рөлі ерекше екенін атап өтпеске болмайды. Жастар жылының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде елбасы адами капиталға инвестиция салудың мемлекет үшін табыстылығын тілге тиек етіп, Үкіметке жас ғалымдардың фундаменталды және қолданбалы зерттеулерін гранттық қаржыландыруды 3 миллиард теңгеге ұлғайтуды тапсырған болатын.
Өз кезегінде аймақтық университеттер де сұранысқа ие ғылым түріне маманданып, оны өндіріске енгізуге күш салып жүрген жастар аз емес.

Мәселен, оңтүстік өңірдегі іргелі оқу орны және ғылым ордасы саналатын М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде студенттік ғылымның аяқ алысы көз сүйсінтеді. Өткен жылы аталған оқу орнында қорғалған 910 дипломдық жұмыс пен жобаның 97-сі өндіріске енгізіліпті. Өз кезегінде университеттегі ғылыми-зерттеу жұмыстары және студенттік ғылыми-зерттеу жұмыстары секторының инженері Светлана Тыртычко жастардың ғылымға деген құлшынысы ерекше екенін айтады.
– Негізінен студенттік ғылымға университеттің даму стратегиясын құруда көңіл бөлініп, тиісті индикаторлар бекітіледі. Соған сай университет студенттерінің ғылыми әлеуетіне баға беретін бірнеше фактор айқындалған. Оның алғашқысында студенттердің диплом жұмыстары мен жобаларының өндіріске енгізілу көрсеткіші сараланады. Мұнан соң студенттік ғылым үйірме жұмысына тартылған студенттердің жалпы саны есепке алынады. Қазір университетте 63 студенттік ғылыми үйірме жұмысына 1 480 студент атсалысуда. Бұл университеттегі әрбір 4-студенттің ғылымға ден қойғандығын аңғартады. Сондай-ақ оқу орнындағы студенттік ғылымның дамуы оның нәтижелілігінен көрінеді. Мысалы, өткен оқу жылында университеттің 475 студенті халықаралық, республикалық байқауларға қатысып, оның 157-сі жүлдегер атанды, – дейді Светлана Тыртычко.
Ал дәл осы университеттегі жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Жанғазы Молдамұратов студенттік ғылымның болашақ іргелі ғылыми зерттеулердің бастауында тұратынын тілге тиек етті.
– Жалпы ғылымның басым бағыттары деген ұғым бар. Мысалы, Жамбыл өңірінде ғылымның басым бағыттарына құрылыс материалдарының өндірісі, ауыл шаруашылығы, химия, жеңіл және тамақ өнеркәсібі салалары жатады. Сондай-ақ заман ағымына сай ақпараттық технология саласындағы ғылыми зерттеу жұмыстарына сұраныс артуда.
Университет базасында 10 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан жас ғалымдар кеңесі жастарға өз ғылыми зерттеу жұмыстарын өндіріске енгізу, өндірістің сұранысына сай бейімделу бойынша бағыт-бағдар береді. Бұл кеңеске негізінен жасы 35-ке толмаған магистранттар, докторанттар мүшелікке өтеді. Өз кезегінде бұл жастар студент-ғалымдардың тәлімгері саналады. Кей студенттер ғылыммен оқу орнын тәмамдағанға дейін айналысуы мүмкін. Одан кейін олар өз мамандығымен жұмыс жасауға тырысады. Ал ғылым жолын таңдап, магистрант атанғандар міндетті түрде кеңес мүшелігіне өтеді. Сәйкесінше, кеңес мүшелері республиканың әр аймағындағы ғылыми жобалар байқауына, конференцияларға тұрақты қатысып, өздерінің ғылыми әлеуетін көтеріп тұрады. Одан соң бұл кеңестің мүшелері ғылыми зерттеу жұмыстарына кіріскен студенттердің сенімді көмекшісі әрі тәлімгері деп атауға болады. Жас ғалымдар кеңесі ғалым студенттерді ғылым жолына таңдау жасағаннан жанынан табылып, олардың зерттеу нәтижесі өндіріске енгізілгенге дейін көмек көрсете береді,– дейді Жанғазы Молдамұратов.
Студенттік ғылымға деген қамқорлықты сезініп, химия саласындағы зерттеу жұмыстарына ден қойған талапты жастың бірі – Диана Балтабаева. Болашақ инженер-технолог қазірдің өзінде құрылыс материалдары мен ауыл шаруашылығында кәдеге жаратуға болатын ғылыми жобаның авторы саналады.
– Мен ұсынған жоба қазір халықаралық химия өндірісінде қолданылады. Алайда менің ғылыми зерттеу жұмыстарымның бағыты күкірт негізді химиялық қоспаның қазақстандық аналогын жасау болып отыр. Бұл қоспаны ауыл шаруашылығына қажетті тыңайтқыштар және құрылысқа қажетті цемент пен бетон өндірісінде қолдануға болады. Әрі бұл қоспаны қолдану арқылы өндірісті жолға қою экономикалық жағынан да тиімді. Бұл факторларға оқу өндірістік тәжірибеден өңірдегі химия саласының алпауыты саналатын «ҚазФосфат», «ЕуроХим»-нің арнайы цехтарында өтіп жүріп, анық көз жеткіздім, – дейді студент.

Жастар жылының шарапатын сан түрлі салада жүріп сезінуді құп көрген өрендердің ғылым саласындағы қарышты қадамы көңілге қуаныш ұялатады. Әрі ғылымға таласы бар жастардың студенттік шақтан ғылыми зерттеу жұмыстарына көптеп ден қойғандығы қазақ ғылымның көкжиегінің кеңи түсетіндігін аңғартады. Оған қоса бүгінге дейін қазақ жастары аяқ тартып келген ғылымның күрделі салаларына таңдау жасап, зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізуге күш салуы еліміздің өркениет көшінен қалыспай келе жатқандығының айқын дәлелі болса керек.

Шынболат Күзекбаев

ПІКІР