"Топжарған"

«Су перілері»

Сұлу келбет, мінсіз мүсін… Олар суда жүргенде бейнебір айдында аққулар жүзгендей әсер аласың. «Су перілерін» көргендей күйге бөленесің. Иә, бұл «Айша бибі» су добы клубының қыздары. Елімізде ғана емес, Ресей біріншілігінде атой салып жүрген аруларымызды қазір танымайтын адам кемде-кем. Өткен маусымда Ресей ашық чемпионатында алтыншы орыннан көрінген жерлестеріміздің биылғы маусымға да жоспарлары аз емес. Қазір «аққуларымыз» алдағы аламандарға дайындық үстінде.

Жалпы, спорттың осы түрінен ұлттық құраманың жүз пайызын құрайтын «Айша бибі» су добы клубының құрылу тарихы сонау 1984 жылдан тамыр тартады. Нақтырақ айтсақ, Жамбыл ватерполы Кеңес Одағы мен Қазақстан спортына еңбегі сіңген жаттықтырушы Александр Крюковтың есімімен тығыз байналысты. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Қазақ КСР Спорт комитетінің жолдамасымен Әулиеата топырағына келген Александр Андреевич еліміз бойынша ең алғашқы су спорты мектебінің қазығын біздің өңірде қағады. Нәтижесінде «Химик» атауымен жарқ ете түскен қыздарымыз КСРО Кубогын үш мәрте жеңіп алады. Тіпті, Александр Крюковтың табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында 2000 жылы Сидней Олимпиадасында ел спортшылары тұңғыш рет байрақты бәсекеде бақ сынайды.

Десе де, уақыт бір орында тұрмайтыны белгілі. Өмірдің ағысымен ардагер спортшылардың орнын жаңа толқын басып, 2011 жылы «Химиктің» негізінде «Айша бибі» су добы клубының іргесі қаланды. Міне, осы жылдан бастап аруларымыз даңқты «Химик» клубының жеңісті жорығын жалғастырып келеді. Атап айтсақ, 2012 жылы ұлттық құрама сапында Дубайда өткен Азия чемпионатында өнер көрсетіп, күміспен күптелсе, артынша ел біріншілігінде топ жарды. Араға жыл салып тағы ел чемпионы атанды. Бұдан бөлек, Индонезия жерінде жалауы желбіреген Азия чемпионатында жүлдегерлер қатарынан көрінді. Инчхонда өткен Азия біріншілігінде де қыздарымыз жерге қаратқан жоқ. Ел сенімін ақтап, үздік үштікті түйіндеді. Сөйтіп, А.Жакаева, М.Гриценко, Н.Шепелина, А.Ақылбаева, А.Турова, З.Мырзабекова, А.Жаркова, К.Красикова, А.Миршина, Д.Рога, О.Сайчук, Н.Александрова және К.Закирова есімді аруларымыз Азия ойындарының қола жүлдегерлері атанды. Кейінгі жылдарда да «Айша бибі» қыздары Ресей ашық біріншілігінде тек үздік алтылықтан ойып тұрып орын алуда. Былтырғы маусымда да осы межені бағындырды. Дегенмен, биылғы маусымға клуб басшылығының жоспары ауқымды.

– Биыл біз ұлттық құрама сапында Жаңа Зеландияда өтетін континентаралық әлем кубогына арналған ойындарға қатысамыз. Сондай-ақ, еліміздің атынан Джакартада жалауы желбірейтін Азия ойындарында да бақ сынау жоспарымызда бар. Аталмыш аламандар үстіміздегі жылдың тамыз айында өтеді. Оған дейін дайындығымызды шыңдаудамыз.

Сонау «Химиктен» бері су спорты клубының ойыншылары жылда жаңа толқынмен толығуда. Қазір №4 олимпиадалық резервтегі спорт мектебінде 9 жаттықтырушы 360 жасты су спортына баулып жатыр. Міне, осы жасөспірімдер Жамбыл ватерполының ертеңі екені айқын. Қазіргі таңда клубта 18-19 жастағы қыздар өнер көрсетуде. Бұл спортшылар әлі талай байрақты бәскелерде ел, облыс намысын қорғауға әлеуетті. Десе де, біз болашақтың да қамын ойлап, жас спортшыларды бүгіннен бастап дайындаудамыз, – дейді «Айша бибі» су добы клубының директоры Алан Балфанбаев.

Осылайша, әулиеаталық арулар биылғы маусымда жоғары нәтижеге қол жеткізуге белді бекем буып отыр. Сондай-ақ, Ресей ашық біріншілігінде де турнирлік кестеде жоғары сатыдан көрінуді мақсат тұтуда. Біз өз тарапымыздан әлемді мойындатып жүрген аруларымыздың спорттық жолына тек сәттілік тілейміз. Жеңіс әрдайым жолдас болсын, «су перілері»!

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР