Су тапшылығы басқарма басшысына жақсы сылтау болды

0 22

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте көктемгі егіс жұмыстарына және халық санағына дайындықтың жай-жапсары қозғалды. Күн тәртібіне шығарылған алғашқы мәселе бойынша облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов баяндама жасады.

Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, биыл 760 мың гектарға ауыл шаруашылық дақылдарын орналастыру жоспарлануда. Егістік көлемі өткен жылмен салыстырғанда 26 мың гектарға артық. Ауыл шаруашылығы техникаларын дайындау жұмыстары барлық ауданда жоспарға сай жүргізілуде. Көктемгі дала жұмыстарына 7 198 ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылатын болса, қазіргі таңда техникалардың дайындығы 95 пайызды құрайды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан 11 500 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінген. Арзандатылған дизель отыны нарық бағасынан 12-18 пайызға төмен, яғни 158-160 теңге аралығында таратылады. Жанар-жағармайды жеткізетін операторлар бекітілген.
Егін шаруашылығында еңбек өнімділігін еселеуге топырақтың құнарлылығын арттыру, жерді химияландыру, яғни тыңайтқыштарды пайдалану және сапалы тұқым себу арқылы қол жеткізуге болады. Яғни құнарлы топырақ, сапалы тұқым – мол өнім кепілі. Бұл ретте минералды тыңайтқыштармен қамту бойынша да ауқымды жұмыстар жүргізіліпті. Өткен жылы 1,2 миллиард теңгеге 28 мың тоннадан астам минералды тыңайтқыш алынып, 214 мың гектарға енгізілген. Алайда Меркі, Мойынқұм, Талас, Т.Рысқұлов, Шу аудандары тыңайтқыш қолдануда төмен көрсеткіш көрсеткен. Ал 2021 жылға бюджеттен 1 миллиард теңге қаржы бөлініп, 30 тонна тыңайтқыш алынбақ. Сонымен қатар көктемгі дала жұмыстарына 72 мың тонна тұқым қажет болса, бүгінде 100 пайыз жеткізілген. Аймақ басшысының тапсырмасына сай тұқым сапасын арттыру мақсатында Ресейден, Шығыс Қазақстан облысынан жоғары репродукциялы тұқым әкелініпті.
Қант қызылшасын егу алқаптарын ұлғайту да басты назарда. 2021 жылы қант қызылшасын бес мың гектарға орналастыру көзделіп отыр. Тәтті түбірді табыс көзіне айналдыруға ниетті шаруаларға көрсетілетін қолдау да аз емес екен. Мәселен «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 1 700 дана тұқым себетін техника таратылған. Корпорацияның қолдауы арқылы диқандарға алдағы уақытта тағы да 5 800 техника беріледі. Сондай-ақ диқандарды қолдау мақсатында несиелендіру жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы бүгінге дейін облыста су үнемдеу технологиялары 30000 гектарға енгізіліп, суармалы егістік алқаптың 17 пайызын құраған. Ал биыл су үнемдеу технологиялары 10 мың гектарға енгізіледі.
Басқарма басшысының баяндамасынан түйгеніміз, облыс көктемгі егіс жұмыстарына сақадай сай. Алайда Бердібек Машбекұлы жауапты науқанға дайындық көңіл көншітпейтінін айтып, басқарманың жұмысын сын тезіне алды.
– Егістіктің көлемі 26 мың гектарға ғана көбейген. Тым аз. Осы ретте су тапшылығына байланысты егістік көлемін ұлғайту мүмкін еместігін алға тартарсыз. Ендеше, қазіргі таңда тоғандарға, көлдерге қанша су жиналғанын айтыңызшы? Күзде, қыста, көктемде су босқа далаға кетпеуін, тоғандар мен көлдерге жинап алу туралы тапсырма бергенмін, – деді Б.Машбекұлы.
Алайда Қайрат Аманов қазір қолында нақты мәлімет жоқ екенін айтып, алдындағы баяндамасын сапырылыстырумен болды.
– Сіз басқарманың басшысысыз. Ұйықтап жатқан жеріңізден оятып сұраса, жауап беруіңіз керек. Облыс әкімінің орынбасары Берік Болатұлына, сізге аз тапсырма берілген жоқ. Орындалмаған. Өнімділікті арттыру үшін жоғары репродукциялы тұқым алу жайлы сан мәрте ескерттім. Қазірдің өзінде 4 879 тонна 4-5-сұрыпты тұқым алғансыздар. Сапасы төмен тұқымнан қалай мол өнім аламыз?
Одан бөлек құлпынай мен таңқурайдың, пияз бен сарымсақтың егістік алқабын көбейту бойынша да тапсырма берілген. Қандай жұмыстар атқарылды?, – деді Б.Сапарбаев.
Өткен жылы таңқурай мен құлпынай 123 гектарға егіліпті. Қайрат Тілеубайұлы биыл құлпынай егілген алқап көлемі 35 гектарға ұлғаятынын, ал таңқурай бойынша аудандардан ешқандай мәлімет түспегенін жеткізді.
– Сіздер қалай жұмыс істейсіздер? Аудандардан әлі мәлімет жоқ. Қашан болады?! Басқарма басшысы білмесе, кім біледі? Құлпынай мен таңқурайға сұраныс өте жоғары. Нарықтағы сұранысқа сай жұмыс істеуді білмейсіздер. Қашанға дейін арпа мен бидай егумен шектелеміз? Неге майлы дақылдарды көбейтпейміз? Ашығын айтқанда, сіздерге судың тапшылығы жақсы болды. Жауаптарыңыз дайын. Су тапшы. Сіздерге суды көп қажет етпейтін дақылдарға басымдық беру туралы да сан мәрте айтылған. Бірақ жұмыс жоқ.
Уақыт аз қалды. Арқаны кеңге салып жүруге болмайды. Кемшіліктерді жою керек, – деген Бердібек Сапарбаев жиында көтерілген әрбір мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашевқа, тиісті басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Жиын барысында Берік Болатұлы, облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосынов, бірқатар аудан әкімдері қысқаша баяндама жасады.
Ал халық санағына дайындық барысы бойынша облыстық статистика департаментінің басшысы Сырым Мәдиев егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

Талғат Нұрханов

Leave A Reply

Your email address will not be published.