Су тапшылығын жоюдың түрлі тәсілі бар

0 37

Қыс пен көктем мезгілінде тауға жауын-шашын аз түссе, су тапшылығын шілдеге жетпей етектегі егін салған ел көреді. Өйткені жауын-шашынның болмауынан өңірдегі өзен-көлдерге судың аз жиналып, шаруалардыҢ әбігерге түсуі әр кез болып тұратын жайт.

АҢҚАСЫ КЕПКЕН АЛҚАПТАР

Ерте көктемде Шу, Аса, Талас секілді өзендер мен басқа да каналдар арқылы қолда бар су қоймаларын кемеліне келгенше суға толтырып алдық дегеннің өзінде төмендегі Талас, Сарысу аудандарының шалғайдағы елді мекендеріндегі егіс алқаптарының жаз шыға аңқасы кеуіп жататыны жылдағы әдет. Мұндай жағдайда егіс күйіп кетсе, жер емген диқандардың бейнеті текке кетеді. Негізі облысымызда жерүсті су ресурстарының 80 пайызы вегетация кезінде көршілес Қырғыз Республикасынан келеді. Талас, Шу өзендерінің аттылы адамға өткел бермей, тулап ағуы Алатаудың арғы жағындағы ағайындардың көңіл күйіне байланысты. Әсіресе ондағы сыйымдылығы 550 миллион текше метрді құрайтын мемлекетаралық «Киров» су қоймасынан елімізге тиісті көлемдегі су үздіксіз тасталып отырса, шаруалар бүгінгідей шарқ ұрмас еді.
Өңірде су тапшылығының зардабын тартып отырған ауданның бірі – Талас ауданы. Дегенмен ауданда бүгінгі таңда ағын су азабынан құтылудың түрлі амалдары қарастырылып та жатыр. «Қазсушар» республикалық мемлекеттік мекемесі облыстық филиалының Ақкөл өндірістік бөлімшесінің басшысы Әбілхамит Ахметов ауданда 17 су қоймасы болса, екеуі мекемеге қарайтынын айтады. Десе де облыстық филиал кез келген өзен-көлдерге түсетін суға жауапты екенін тілге тиек етті.
– Біздің мекеме меншігінде «Жартас» су қоймасы мен «Ақкөл» су бөгеті ғана болғанымен, аудандағы елді мекендерді ағын сумен қамтамасыз ету басты міндетіміз. Биыл Талас өзенімен су келуі мамыр айының басында-ақ тыйылған. Ашып айтқанда, мамыр айынан бастап келіп жатқан өзен суы Байзақ, Жамбыл аудандарынан аспай қалды. Сол кезде басшылықтың ұйғарымымен мамыр айында аталған екі ауданға су жіберуді тоқтатып, бар суды екі тәулік Таластың арнасына салғанда ағын су ауданның Үшарал ауылына дейін жеткен еді. Одан кейін маусым айында да тура осылай ағын суды екі тәулік еркіне қоя беру арқылы тіршілік нәрін «Жиенбет» су бөгетінен ары асырдық. Бірақ ағын су Ойық ауылдық округіне жетпей қалды. Осы айдың жиырмасына таман нақ осы амалды тағы да қолданамыз деп отырмыз. Қазір бұдан басқа қолдан келер амал болмай тұр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың суармалы жер көлемін елімізде 3 миллион гектарға дейін ұлғайту жөнінде берген тапсырмасы бар. Мемлекет басшысы жүктеген міндетті облыста жүзеге асырудың бір көрінісі – су қоймасын салу. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен бүгінде Талас пен Байзақ ауданының шекарасында сыйымдылығы 11 миллион текше метрді құрайтын «Ақмола» су қоймасын салу көзделіп отыр. Құны 4,8 миллиард теңге болатын аталмыш жоба айналасы бір-екі жылда жүзеге асса, мәселе шешімін таппақ. Нақты айтқанда, қоймаға қыстай ағын су жинау есебінен Сарысу, Талас аудандарының егіс алқаптары ала жаздай суландыратын болады, – дейді Әбілхамит Ахметов.

АҒЫН СУ ЖОҚ БОЛСА, АРТЕЗИАН ҚҰДЫҒЫ БАР

Бір қуанарлығы, Талас ауданындағы шаруалар ағын судың жоқтығын алға тартып, қол қусырып отырған жоқ. Таластық диқандар заман талап еткен үдерістен қалмай, егіс алқабын жаңбырлатып не тамшылатып суландыруда. Ал облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов заманауи технологияны қолданудан бөлек, егіс алқабын ұлғайту ісі бір кездері КСРО дәуірінде пайдаланылып, кейіннен ұмыт қалған артезиан құдықтардың көзін ашу арқылы шешіліп отырғанын айтады.
– Су тапшылығын жою мақсатында биылдың өзінде 144 барабанды жаңбырлатып суару құрылғысы алынып, түгелдей өңірдегі шаруаларға үлестірілді. Осы арқылы
2 мың 500 гектар жерді суару мүмкіндігіне ие болдық. Қазақсан гидрологиясының негізін қалаушы Уфа Ахметсафин атындағы халықаралық және С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің мамандары облыстың су шаруашылығы әлеуетіне талдау жүргізген болатын. Нәтижесінде өңірде КСРО дәуірінен қалып кеткен көптеген артезиан құдықтар табылып, суын әлі пайдалануға болатыны нақтыланды. Аталған құдықтардың дені мал шаруашылығына қатысты болса, 248-і егіс алқаптарына тиесілі болып отыр. Бұл өз кезегінде өңірдің егіс алқабын ұлғайтуға зор мүмкіндік бермек. Мұндағы басты мақсат – жердің бетіндегі және астындағы суды тиімді пайдалану. Бүгінде Талас ауданында анықталған артезиан құдықтардың суын егіс үшін пайдалана бастаған шаруашылықтар бар, – деді Қайрат Тілеубайұлы.
Сондай-ақ Талас ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ауданбек Ерубайдың айтуынша, ауданда егістік жер көлемі 21 мың 168 гектар болса, 10 мың 776 гектары суармалы жер екен. Былтыр жалпы егіс көлемі 400 гектарға ұлғайтылса, биыл айналымға тағы да 243 гектар қосылыпты. Ауданда 369 артезиан құдығы болса, дені кезінде шопандар жайлауында мал суару үшін бұрғыланған екен. Егіс алқабына арналғаны санаулы-ақ.
Ойық ауылдық округінің әкімі Медет Үрістеновпен тілдескенімізде округ бойынша 2 мың 386 гектар суармалы жер болғанымен, бүгінде 800 гектары ғана пайдаланылып отырғанын сөз етті.
– Жыл сайын суармалы жер көлемін ұлғайту біртіндеп қолға алынуда. Мәселен былтыр 50 гектар, биыл тағы да осыншама гектар суармалы жерді айналымға қостық. Келесі жылы 30 гектар жүгері алқабына жаңбырлатып суару технологиясын қолданамыз деген жоспарымыз бар. Биыл айналымға енген суармалы жердің 44 гектарын Сейілбек ауылында жаңадан ашылған «Береке» шаруа қожалығы екі бірдей артезиан құдығының суын пайдалану арқылы игеруді қолға алды, – деді Медет Әбдімашұлы.

ҚАРБЫЗДАН ШЫРЫН ШЫҒАРМАҚ

«Береке» шаруа қожалығы аталған 44 гектардың жартысына ғана биыл дақыл егіпті. Шаруашылық төрағасы Нұркен Тұраров артезиан құдығының әлеуетін байқап көруді және осыдан екі-үш жыл бұрын Қытайдан сатып алып келген жаңбырлатып суару құрылғысын пайдалануда тәжірибе жинауды жөн көріпті. Игеріп отырған 20 гектар алқаптың 5 гектарына бүгінде жоңышқа, бес гектарына қарбыз, қалғанына жүгері және қияр, қызанақ секілді өзге де бау-бақша дақылдарын егіпті.
– Келер жылы қалған 24 гектардың барлығына арпа-бидай себемін деген жоспарым бар. Негізінен мұнда КСРО дәуірінен қалған екі артезиан құдығы бар. Кезінде жер астының ең төменгі қабатындағы суды жер бетіне арнайы бұрғымен ұңғыма жасау арқылы шығарған құдықтың егіс алқабы үшін пайдаланылғаны көрініп тұр. Осы құдық арқылы алқапты суландыру үшін дизель отынымен жұмыс істейтін мотор сатып алдық. Дегенмен қазір аталған отын түрінің бағасы қымбат әрі тапшы болғандықтан аздап қиындық көріп жатқан жайымыз бар. Бірнеше жыл бұрын Қытайдан 10 миллион теңгеге жаңбырлатып суару құрылғысын сатып әкелгенмін. Осы құрылғының алқапты суаруда айтарлықтай пайдасы тиіп отыр. Құдықтан шыққан тұщы суды жаңбырлатып суару технологиясы арқылы алқапқа себу арқылы күніне 5 гектар алқапты суарып отырмын, – деді шаруа.
Біз алқап басына барғанда еккен қарбызы әлі желісін жаймағанын көрдік. «Қарбыз түйін салып, пісіп-жетілгенше уақыт кеш болып кетпей ме?» деген сауалымызға Н.Тұраров қарбызды сату үшін емес, одан шырын жасауды мақсат еткенін айтты.
– Кеңес үкіметінің кезінде бұл жер қызылша алқабы болған екен. Сонымен қатар қауын-қарбыз да егіліпті. Алқапқа су аталған екі құдық арқылы жеткізілген. Электр энергиясын тұтыну арқылы суы күндіз-түні атқылап тұрыпты. Арада сан жылдар өткенде қарбыз егілген алқапты игеріп, шырын өндіретін цехті іске қосуды мақсат етіп отырмын.
Бір айта кетерлігі, шетелдік технология арқылы өңделетін шырын арнайы бұрандалы қақпақшасы бар полиэтиленнен жасалған ыдысқа немесе қағаз қорапқа құйылып, нарыққа жол тартады деген үмітіміз бар. Қазір егіс басында мені қосқанда үш адам жұмыс істеп жүр. Цех ашылғаннан кейін науқан уақытында оншақты адам жұмыспен қамтылады деген ойдамын. Қарбыздың біз шетелдік «AU PRODUCER» атты сортын ектік. Жиын-терін уақытында гектарына кем дегенде 60-70 тонна қарбыз аламыз деп отырмыз. Шырынды қайда өткізетініміз, бағасын қаншадан саудалайтынымыз тиісті тараппен келіссөз жасасу арқылы шешіліп отыр, – деді Нұркен бізбен әңігімелесу барысында.

Осы орайда біз жұмысын өз күшімен жүзеге асырып отырған «Береке» шаруа қожалығының ісіне сүйсіндік. Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Амановты сөзге тартып, іс алға басу үшін мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетілуі мүмкін екенін сұрадық. Аталған басқарма басшысы бұл шаруашылықтың жұмысымен жақын таныс екенін, осы алқапқа электр энергиясын тарту ойластырылып жатқанын, сол іске және жаңбырлатып суару құрылғысын сатып алу секілді басқа да шығындарға жұмсалған қаржы есептеліп, кеткен шығынның жартысын субсидиялау көзделіп отырғанын жеткізді. Осыған қатысты құжаттар қазір дайындалу үстінде екен. Өз кезегінде істі жаңадан бастаған шаруашылық үшін бұл үлкен қолдау болары сөзсіз. Су тапшылығын сылтауратпай, алқапты суландырудың жолын тапқан «Береке» шаруа қожалығының бұл бастамасын біз ірілікке баладық.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ,

Талас ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.