Қоғам

Су тасқынына сақадай саймыз ба?

Written by Aray2005

Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы жағдай дүйім жұртты дүр сілкіндіргені жасырын емес. Ай-күннің аманында ағын судың астында қалған ауылдарға қазір еліміз жұдырықша жұмылып, жәрдем көрсетуде. Әрине бұл төтенше жағдайдың орын алу себебін әркім әрқалай сипаттағанымен, бұл тұста адами фактордан гөрі табиғи фактор негізгі рөл атқарғаны даусыз. Сондықтан бұл бізге де үлкен сабақ болуы қажет.

Жалпы көктем келісімен облыстық төтенше жағдайлар департаменті су басу қаупі бар бірнеше аймақты анықтаған еді. Олардың дені – Шу, Талас және Аса өзендерінің жағалауында орналасқан елді мекендер.
– Облыстың елді мекендері мен шаруашылық объектілері үшін ықтимал қауіп төндіретін 14 су қоймасы бар. Бұл су қоймалары бөгеттерінің бұзылуы болған жағдайда 234 мыңнан астам тұрғыны бар 72 елді мекенді су шаюы мүмкін. Сондай-ақ су тасқыны мен еріген мұз бен қардың салдарынан су басу ықтималы бар 38 елді мекен анықталып отыр. Жамбыл ауданында Жасөркен, Қызылқайнар және Аса ауылдары мен «Майское» саяжай алқабы тізімге енсе, Байзақта Қостөбе, Сарыкемер және «Здоровье» саяжайына қауіп төніп тұр. Жуалыда болса, Ақтөбе, Күркүреу Су, Дарбаза, Қоңыртөбе, Таласта – Ақкөл, Ойық, Көшек батыр, Үшарал, Сарысуда – Жаңатас, Саудакент, Досбол, Т.Рысқұловта – Қайыңды, Көкдөнен, Каменка, Тереңөзек, Мамай-Қайыңды, Әбжаппар, Меркіде – Меркі, Кеңес, Ақермен, Ақжол, Қордайда – Масаншы, Қалғутты, Қарасай батыр, Әлжан ана, Шуда – Ақсу, Оразалы, Жаңажол, Белбасар және Мойынқұм ауданында – Мойынқұм мен Жамбыл елді мекендерін су басу қаупі бар, – деп департаменттің зілзалалардың қауіп-қатерін азайту және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқармасының бастығы Мақсат Әкімбаев сала мамандарының зерделеуімен таныстырған болатын.
Негізі су тасқынына қарсы іс-шаралар аясында биыл 142 шақырым дренаж және суару каналдары, 185 шақырым арық желісі, темір және автомобиль жолдарында 145 көпір және 789 су өткізу құрылғылары тазартылып, 5 гидротехникалық құрылыс пен 19 реттеуші құрылғыларға жөндеу жүргізілген. Өткен жылы облыста 380,1 миллион теңгеге 38 каналдың 380 шақырымы механикалық тазартудан өтсе, тау бөктеріндегі елді мекендердегі 32,7 шақырым қашықтықта дренаж арналары салынған.
Бүгінде төтенше жағдайларға облыстық жергілікті атқарушы ор-гандарының корынан 363,8 миллион теңге, шұғыл шығындарға 489,6 миллион теңге бөлініп отыр. Су тасқыны салдарын жоюға қажетті 143 тонна жанар-жағар май, 11 мың тонна инертті материалдар мен 40 мың қап дайындалған. Бұдан бөлек, 631 адам, 53 бірлік техника, 10 жүзу құралдары және 41 мотопомпа сақадай сай дайын тұр.
Әрине, «Сақтықта қорлық жоқ». Алайда бұл шаралар бізді көктемгі су тасқынынан 100 пайыз қорғайды дей алмаймыз. Оны жуырда Жуалы ауданында орын алған жағдай дәлелдеп берді. 29 сәуір күні Жуалы ауданы Бауыржан Момышұлы ауылының орталық көшелерін бір пәсте арнасынан асқан ағын су шайып кетті. Жергілікті билік ертесіне бұл жағдайды барынша түсіндіруге тырысты.
«Қазгидромет» орталығының мәліметі бойынша, Жуалы ауданыңда жауын-шашын көлемі 8 миллиметр, ал бұршақтың көлімі 17 миллиметрге жеткен. Жуалы аудандық төтенше жағдайлар бөліміне 2020 жылдың 29 сәуірінде 21 сағат 17 минутта Жуалы ауданы Шақпақ ата ауылы, Оразбаев көшесіндегі №97 үйдің ауласын су басып жатқаны туралы азамат Е.Сазынбековтен хабар түскен.
Аталған оқиға орнына құзырлы сала мамандары дереу жетіп, тиісті шаралар қабылданды.
Тексеру жұмыстарын жүргізу кезінде анықталғаны, Алатау тау бөктерінде жауын-шашын мөлшері көп түсуінен Т.Дүйсебайұлы ауылы шетіндегі егіс алқаптарын шайып, С.Нарбайұлы көшесі бойындағы 4-үйдің ауласына су кірген. Сондай-ақ Шақпақ ата ауылы, Оразбаев көшесі №97-үйдің ауласына су жиналған. Ал Б.Момышұлы ауылы Рысбек батыр көшесі бойындағы көпірге жауын-шашын суы жиналып, көше бойындағы 1 үйдің ауласына кірген. Бұдан бөлек, ағын су Қарасаз ауылдық округі, Ақбастау ауылы, Береке көшесі бойына да жеткен.
Қабылданған тиісті шаралардың нәтижесінде қауіптің беті қайтарылды. Жағдай жіті бақылауда», – деп ақпар берді Жуалы ауданының әкімдігі.
Әрине, мәселенің адам шығынынсыз шешімін тапқаны қуантады. Алайда бір жауынның өзі жуалылықтарды қанша әбігерге салғанын байқау қиын емес. Оған қоса, аталған ауданның аумағында «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасы бар. Қойманың сыйымдылығы 158,0 миллион текше метр болса, бөгеттің техникалық жағдайы бойынша рұқсат етілетін көлемі – 145,0 миллион текше метр. Бүгінгі таңда қоймада 87 миллион 657 текше метр су бар. Сонымен қатар келіп жатқан су көлемі секундына 6,0 метрді құрайды. Сондықтан бұл қоймаға да жіті бақылау қажет-ақ. Әйтпесе, ертең еріген мұз бен қардан қоймаларға су еселеп құйылатындығы белгілі. Бір сәт ғана жауған жауын ағын суды Жуалы ауданының орталық көшелеріне дейін жеткізіп жатқанда, қауіптің ең басты көзі саналатын қоймаға бей-жай қарауға әсте болмайды. Бұны жергілікті билік те, құзырлы органдар да ескереді деп сенеміз.
Негізі соңғы төрт жылдың бедерінде өңірде су тасқыны мен жерасты суының көтерілуінен 6 оқиға орын алған. Оның салдарынан Қордай, Жамбыл, Т.Рысқұлов аудандарында 104 тұрғын үйдің ауласын су шайып, 25 үй су астында қалған болатын. Сондай-ақ Жамбыл ауданынан өтетін республикалық маңызы бар автокөлік жолының 515 шақырымында су жол жағасына шығып, Жуалы ауданындағы Қоңыртөбе көлі мен Талас ауданындағы Аккөл көлі бөгендерінің зақымдануына қауіп төнген. Бұдан бөлек, жергілікті мәні бар автокөлік жолының «Шөлдала – Дорожник» бағытындағы 20 метрін және «Ақкөл–Үшарал» бағытында 15 метрін су басқан. Міне, осының өзі көп нәрсені аңғартып тұрғаны анық.
Одан бөлек, Киров су қоймасынан да жамбылдықтарға төніп тұрған қауіп орасан. Қырғыз мемлекетімен жасалған мәміле негізінде қазір бұл қойма екі елдің де мамандарымен қырағы қадағаға алынып отыр. Десе де, өзбек ағайынмен болған жағдайдан кейін қазақстандық тарап қырғыздармен екіжақтық келісім мен бақылауды тағы күшейткені абзал секілді.

Әрине, «Жақсы сөз, жарым ырыс» дейді. Алайда «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген» абзал. Соңғы аптада Жамбылда жауын-шашын көп жауып жатқанын ескерсек, ендігі мәселе ағын суды ауыздықтау болып тұр. Әйтеуір Мақтааралдағы жағдай көпке сабақ болды деп үміттенеміз.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР