«СУАРМАЛЫ ЖЕРЛЕР БІРТІНДЕП ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛЕДІ»

0 3

Елімізде ауыл шаруашылығы саласының алдына қойылған міндет ауқымды. Әсіресе агроөнеркәсіп кешені өндірісін тұрақты дамыту, халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін нарықтық бәсекеге қабілетті ету – басты талап. Осы орайда облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Амановпен сұхбаттасып, атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсарына қаныққан едік.

– Қайрат Тілеубайұлы, тіршілік нәрінсіз тірлік тіктелмейтіні белгілі. Осы орайда көрші елдің суына тәуелді болып отырған облысымыз Мемлекет басшысының суармалы жер көлемін 1,6 миллион гектардан 3 миллион гектарға дейін ұлғайту жөніндегі тапсырмасының орындалуына қандай үлес қосуда?
– Қазақстан Республикасы Президентінің суармалы жер көлемін ұлғайтуға байланысты тапсырмасын орындауда облысқа міндеттеме берілген жоқ. Бірақ суармалы жерлерді қалпына келтіру жөніндегі тапсырмасы негізінде бірқатар шаруаларды атқару қолға алынған.
Жалпы өңіріміз Шу-Талас гидрогра­фия­лық бассейніне жатады. Негізінде жерүсті су ресурстарының 80 пайызы Қырғыз Республикасынан келетіндіктен көрші елдің осы бағыттағы саясатына тікелей тәуелді болып отырмыз. Облыстағы су шаруашылығы жүйелеріне ұзақ жылдар бойы жөндеу жұмыстары жүргізілмегендіктен нақты қолданыстағы гидротехникалық құрылыстар іс жүзінде өз жұмысын толыққанды атқаруға қабілетсіз екенін жасырмауымыз керек. Сол себепті едәуір бөлігі бүгінде қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуді қажет етуде. Облыстың суармалы жерінің аумағы 179,8 мың гектарды құраса, сумен қамтамасыз етіліп отырғаны – 101,9 мың гектар. Ал 77,9 мың гектарға қалпына келтіру жұмыстары 2021-2025 жылдар аралығына жоспарланған.
Осы мақсатта су шаруашылығы нысандарына Еуропа қайта құру және даму банкі мен Халықаралық қайта құру және даму банкінен» несие бөлінуде.
Еуропа қайта құру және даму банкі арқылы Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай және Меркі аудандарында 310 су шаруашылығы нысандарына
27 105,2 миллион теңгеге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 51 271 гектар суармалы алқап қалпына келтірілетін болады. Бүгінгі таңда барлық нысандарда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 31 жобаға түзетулер мен өзгертулер енгізілді. Халықаралық қайта құру және даму банкі арқылы «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасының –
2 фазасы» (ПУИД-2) республикалық бюджеттік бағдарламасы бойынша облыста 15 172 гектар суармалы алқап қалпына келтіріліп жатыр. Мәселен суармалы жер көлемі 5 000 гектарды құрайтын Жамбыл ауданындағы «Қапал» шаруашылық аралық су жүйесі, суармалы жер көлемі 5 000 гектарды құрайтын Қордай ауданындағы Георгиевка магистралды каналының «Сол жағалау» су жүйесі және суармалы жер көлемі
5 172 гектарды құрайтын Шу ауданындағы «Оң жағалау» су жүйесі бастапқы қалпына келмек.
– Құрылыс жұмыстары жүргізілген жерде кемшілік болмай қоймайды. Аталған су шаруашылығы нысандарын қалпына келтіруде сапаны кім қадағалауда?
– Құрылыс жұмыстарын басқа облыстың мердігерлері жүргізуіне байланысты кейде аймақтың климаттық жағдайы ескерілмей, бірқатар кемшіліктер орын алғанын жоққа шығармаймыз. Сонымен қатар жоспарлы жұмыстардың сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы да сын көтермей тұр. Бұл техникалық қадағалау жұмыстарын бақылайтын мамандардың тапшылығы салдарынан болып отыр. Ағымдағы жылы жергілікті бюджеттен 505 миллион теңге бөлініп, коммуналдық меншіктегі 28 су шаруашылығы нысанына қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге 8 нысанда құрылыс жұмыстары аяқталып, 1 250 гектар суармалы алқап қайта айналымға қосылды.
Сондай-ақ облыста 2018 жылы құрылған механикалық жасақ арқылы 2018-2021 жылдары ұзындығы 266,12 шақырымды құрайтын 68 су шаруашылығы нысандарына жөндеу, тазалау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 20 377 гектар суармалы алқап қалпына келтіріліп, толығымен ағын сумен қамтылды. Қырғыз Республикасының суына тәуелділікті азайту үшін жалпы құны 20,3 миллиард теңгені құрайтын жаңа 3 су қоймасын салу жоспарланған. Бүгінгі таңда Қордай ауданындағы «Ырғайты» су қоймасы мен Байзақ және Талас аудандары шекарасындағы «Ақмола» су қоймасының техникалық-экономикалық негіздемелері бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Ал Қордай ауданындағы «Қалғұты» су қоймасының техникалық-экономикалық негіздемесі мемлекеттік сараптамаға өткізіліп, қорытындысы күтілуде. Сараптаманың қорытындысына сәйкес «Ырғайты» су қоймасының құрылысына 8,384 миллиард теңге, ал «Ақмола» су қоймасының құрылысына кететін қаржы 5,812 миллиард теңгені құрап отыр. Аталған су қоймаларының құрылысы аяқталған жағдайда өңірде 25,5 мың гектар суармалы алқаптың сумен қамтамасыз ету деңгейі артып, басым дақылдарды егуге және осы салаға инвесторларды көптеп тартуға мүмкіндік туады.
– Облыста ағын су тапшылығын жою бағытында айтарлықтай жұмыстар жасалып-ақ жатыр екен. Десе де ағын суға тәуелділіктен арылудың, су үнемдеудің бұдан басқа қандай амалдары қарастырылып жатыр?
– Облыс әкімдігі жерасты суларын кеңінен пайдалану мақсатында «У.М.Ахмедсафин атындағы гидрогеология және геоэкология институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі меморандумға қол қойды. Меморандумды іске асыру барысында «У.М.Ахмедсафин атындағы гидрогеология және геоэкология институты» серіктестігі «Жамбыл облысының ауылдық аумақтарын тұрақты дамыту үшін жерасты суларын фонтандық пайдалану перспективаларын бағалау» атты гранттық жобасын
ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетінің 2021-2023 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыруға арналған конкурсына ұсынды. Аталған жоба конкурстан сәтті өтіп, қазіргі таңда институт Қордай, Меркі, Шу аудандарында зерттеу жұмыстарын жүргізуде. 2022-2023 жылдары аралығында Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Сарысу, Талас, Т.Рысқұлов, Мойынқұм аудандарында аталған институтпен ұңғымаларға зерттеу жұмыстары жүргізілетін болады.
«Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» серіктестігі облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының жерасты суларына зерттеу жүргізу үшін жариялаған конкурсында жеңімпаз атанып, облыс бойынша 26 ұңғымаға зерделеу жұмыстарын жүргізді (Байзақ ауданы – 4, Жамбыл ауданы – 9, Меркі ауданы – 4, Т.Рысқұлов ауданы – 9). Нәтижесінде 16 ұңғыма бітелуіне байланысты жарамсыз, 10 ұңғыма қайта қалпына келтіруге жарамды екені анықталды. Ал қалпына келтіруге қажетті қаржы көлемі – 458 миллион теңге.
Алдағы уақытта Еуропа қайта құру және даму банкі арқылы Меркі ауданында 46 ұңғымаға зерделеу жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Суды тиімді пайдалану және суды ысырап етпеу мақсатында су үнемдеу технологиялары былтыр егіс алқабының 30 мың гектарына ендірілген болса, биыл бұл меже 40,4 мың гектарға жеткізілді. Оның ішінде 28,3 гектар тамшылатып суарылып жатса, жаңбырлатып суарылып жатқан алқап 12,1 гектарды құрайды. Су үнемдеу технологияларын облыс бойынша келер жылы 50 мың гектарға жеткізу көзделіп отыр.
– Аз шығынмен мол өнім алу үшін тыңайтқыштың да атқаратын рөлі маңызды. Шаруалардың жергілікті тыңайтқышты қолдануы үшін қандай жеңілдіктер қарастырылған?
– Егіс алқаптарын арзандатылған минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджеттен 1,035 миллиард теңге, республикалық бюджеттен қосымша 310 миллион теңге қарастырылып, жоспар бойынша 30 мың тонна минералды тыңайтқыштарды ауыл шаруашылығы алқаптарына ендіру межеленген. Бүгінгі күнге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тарапынан 26 388,9 тонна минералды тыңайтқыш алынып, 71 514,6 гектар алқапқа енгізілді.
– Ал тұрғындарды сапалы әрі арзан азық-түлікпен қамтамасыз етуде қандай шаруалар атқарылып жатыр?
– Әлеуметтік азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мақсатында тұрақтандыру қорының әлеуметтік дүкендер желісін дамыту шараларын қолға алдық. Бүгінгі күнге облыс бойынша 29 әлеуметтік дүкен іске қосылды. Тараз қаласында 16 дүкен, аудан орталықтарында 13 дүкен қызмет атқаруда. Дүкендер халық көп шоғырланған жерлерге орналасқан. Жалпы дүкендердегі тауарларға деген халықтың сұранысы күн сайын артып келеді. Бір аптадағы келушілер саны
22 953 адамнан асып, бір айда келушілер саны 10,7 пайызға артты. Екі айда сұраныс 9 есеге артып отыр.
Сұраныстың артуына дүкендегі бағалардың нарық бағасынан 18-30 пайыз төмен белгіленуі әсер етті. Мәселен қант 220 теңгеден, 30 теңгеден жұмыртқа, 560 теңгеден өсімдік майы, 315 теңгеден қарақұмық, 115 теңгеден картоп пен сәбіз саудаланып жатыр.
Бұл ретте әлеуметтік дүкендер тұрақтандыру қорындағы тауарлардың айналымына да әсерін берді. Қордағы тауарайналым 3,3 есеге артты. Жыл басынан құны 331,2 миллион теңгені құрайтын 2342,8 тонна тауар өткерілді.
Осындай әлеуметтік сөрелер «Дәмдес», «Дәмді себет», Фиркан, «SMALL», «Сафият» «Алма», «Нұрислам» секілді ірі 8 супермаркеттен ашылды. Тұрақтандыру қорындағы және айналым қаражатындағы 11 атаулы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тұрақты өткерілу үстінде. Одан бөлек кешенді шаралар аясында жыл басынан 43 (24 облыстық, 19 аудандық) сенбілік жәрмеңкелер ұйымдастырылды. Осы арқылы 1180,5 тонна өнім нарықтан 8-20 пайыз төмен бағада өткерілді. Казіргі кезде жергілікті сапалы әрі арзан көкөніс өнімдері базарларда және дүкендерде саудалануда.
– Өңірде азық-түлік сақтайтын қойма жеткілікті ме?
– Облыста 234 көкөніс және жеміс сақтау қоймасы бар. Сыйымдылығы –
243 374 тонна. Қазіргі таңда өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру және жергілікті тауар өндірушілердің өнімін сатуға ықпал ету мақсатында көтерме-тарату орталықтарын ашу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Бүгінгі күні Тараз қаласында «Тараз» көтерме-тарату орталығы және Байзақ ауданындағы «Тараз –
Алматы» автожолының бойында «Жамбыл» көтерме-тарату орталығы құрылысының бірінші кезеңі аяқталды. «Жамбыл» көтерме-тарату орталығында теміржол тұйығы, трансформатор, мұздатқыш қоймалар, әкімшілік, асхана, технологиялық ғимараттары (ветеринариялық, санитариялық және фитосанитариялық бақылауды жүзеге асыру бөлмелері) бар. Бұдан бөлек оларға қажетті инфрақұрылым тартылған.
Көкөніс сақтау қоймасына құрал-жабдықтар алу үшін «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы 135 миллион теңге қаражат бөлінді. Бүгінде крос-докинг ғимараты салынып, құрал-жабдықтар сатып алынды. Жеке инвестиция қаражаты – 800 миллион теңге. Оның ішінде қосымша құрылыс, жөндеу және абаттандыру шығыстары – 60 миллион теңге.
«Тараз» көтерме-тарату орталық­тары­ның I кезеңі аясында көлемі 2 000 шаршы метрді құрайтын 7 камералық қойма салынды (4538,8 шаршы метр сэндвич панелдер жеткізіліп орнатылды), теміржол тұйығы бар. Көлемі 360 шаршы метрді құрайтын камераға тоңазытқыш құрал-жабдығы орнатылды.
Екі қабатты әкімшілік ғимаратын жөндеу және абаттандыру жұмыстары аяқталды. Арнайы 2 жүк көтергіш техника және 1 000 полет сатып алынды. Әрқайсысы 2 тоннаға дейін салмақты көтереді.
Сондай-ақ Тараз қаласында барлық қажетті инфрақұрылымы бар, жалпы көлемі 5 мың тоннаны құрайтын «КТО Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі көтерме-тарату орталығының құрылысы жүргізілуде. Қойма 2021 жылдың соңына дейін ішінара іске қосылады деп күтілуде.
Шу ауданының Белбасар ауылында «Ұлттық көтерме сауда желісі» серіктестігі сыйымдылығы 30 мың тоннаны құрайтын көтерме-тарату орталығының құрылысын жүргізуді жоспарлап отыр. Жобаның құрылысы ағымдағы жылдың шілде айында басталды. Келесі жылдың шілде айында аяқтау межеленуде. Жобаны жүзеге асыру үшін жеке инвестордың өтінімі бойынша Шу ауданының Белбасар ауылы маңындағы газ бен электр желісі өтетін аумақтан 20 гектар жер телімі 15 жылға жалға берілді. Қазіргі таңда жеке инвестордың есебінен жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Жобаны мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асыру көзделген.
Сонымен қатар Шу қаласында жеке кәсіпкер «Матышев Н.Ж.» жеміс-жидек және көкөніс сақтайтын, сыйымдылығы
20 000 тоннаны құрайтын қойма құрылы­сын жүргізіп жатыр. Жоба құны 1,710 миллиард теңгені құрайды. Былтыр қойма­ның сыйымдылығы 6 000 тоннаны құрай­тын бөлігі салынып бітіп, онда көкөніс өнімдері сақталды. Қойманы толығымен салып біту 2023 жылға жоспарланған. Меркі ауданында «Гүлдер» шаруа қожалығы жеміс-жидек және көкөніс сақтайтын сыйымдылығы 1 200 тоннаны құрайтын қойма құрылысын жүргізіп жатыр. Жоба құны – 200 миллион теңге. Қойма құрылысы келесі жылы аяқталады.
– Ауыл шаруашылығы тауары өндіріліп-ақ жатыр. Ал осы өнімдерді қайта өңдейтін, яғни өңірде ет, сүт, көкөніс өнімдерін қайта өңдеу ісінің қарқыны қандай?
– Өткен жылы өндірілген азық-түлік өнімдерінің көлемін айтатын болсақ, ағымдағы жылы 326,5 мың тонна сүт өндірілген, соның 163 тоннасы ішкі тұтынымға кетсе, 54,5 тоннасы қайта өңделіп, кәсіпорындардың жүктелімі 82 пайызды құрады. Яғни өндірілген өнімнің 17 пайызы қайта өңделген болып отыр. Былтыр 4 431 тонна шұжық өнімі өндіріліп, бұрнағы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 135,8 пайызға, сары май 973 тонна өндіріліп, 105,6 пайызға, құрғақ сүт 685 тонна өндіріліп, 106 пайызға артық өндірілді. Өнімнің кейбір түрлері бойынша төмен көрсеткіш қатты ірімшік өндіруде болып тұр. Былтыр қатты ірімшік 1 678 тонна өндіріліп, алдыңғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 90 пайызға ғана орындалды. Сол секілді ет өндірісі 12 айда 75,9 мың тонна өндіріліп, ішкі тұтынымға 17,1 мың тонна кетсе, 10,8 мың тоннасы қайта өңделіп, кәсіпорындардың жүктелімі 38,1 пайызды құрады. Өндірілген өнімнің 14,2 пайызы қайта өңделген. Сонымен қоса 1 миллион тоннадан астам жеміс-жидек, көкөніс өнімдері өндіріліп, облысымыздың ішкі тұтынымын толық қамтыды.
2021 жылдың 6 айында өндірілген азық-түлік өнімдерінің көлемі де жаман емес. Алғашқы жартыжылдықта 156,8 мың тонна сүт өндірілді. Соның 76,8 мың тоннасы ішкі тұтынымға кетсе, 31,0 мың тоннасы қайта өңделіп, кәсіпорындардың жүктелімі 82 пайызды құраса, өндірілген өнімнің қайта өңделгендегі үлесі 19,7 пайызға жетіп отыр. 6 айда 58,9 мың тонна ет өндіріліп, ішкі тұтынымға 12,9 тонна жіберілді. Оның 7,6 мың тоннасы қайта өңделіп, кәсіпорындардың жүктелімі 31 пайызды құраса, өндірілген өнімнің 13 пайызы қайта өңделіп отыр. Жыл басынан бері 65,8 мың тонна жұмыртқа өндіріліп, облысымыздың ішкі тұтынымы толық қамтылды.
2021-2025 жылдары 349,8 миллиард теңгеге 50 жоба жүзеге асырылады деп күтілуде. Оның ішінде 13,8 миллиард теңге 7 000 басқа арналған 10 сүт-тауарлы фермаларының құрылысы жүргізіледі деп жоспарлануда. Облыста 43 сүт-тауарлы фермалары болса, жалпы қуаттылығы 7 210 басқа арналған ферманың өткен жылы өндірген өнім көлемі – 20,7 тонна сүт. Осы арқылы 258 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Облыста 33 сүт бағытында ауыл шаруашылығы кооперативі жеке қосалқы шаруашылықтармен бірігіп жұмыс атқаруда. «Қайта өңдеуші кәсіпорындардың ауыл шаруашылығы өнімін тереңдете қайта өңдеп, өнім өндіру үшін оны сатып алуға арналған шығындарын субсидиялау» бағдарламасы аясында сүт өңдеуші кәсіпорындарға былтыр 1 111,2 миллион теңгеге қолдау көрсетілсе, биыл бұл бойынша тиісті кәсіпорындар 630 миллион теңгенің қолдауына ие болды. Өңірде ірі 3 ет өңдеу кәсіпорындары жұмыс атқаруда. Одан бөлек мал сою алаңдары мен шұжық өңдеу секілді бірнеше цех өз жұмысын жандандырып отыр.
– Мал қыстату науқанына дайындық деңгейі қандай, жемшөп қоры жеткілікті дайындалған шығар…
– 2021-2022 жылғы мал қыстату науқанына 952 мың шартты бас мал түседі деп күтілуде. Мүйізді ірі қара 460 мыңды, уақ мал – 335 мың, жылқы – 149 мың, түйе 7,9 мыңды құрайды. Мал қыстату науқанын қалыпты өткізу үшін 1 713 мың тонна пішен, 58 мың тонна пішендеме, 475,9 мың тонна сабан, 54 мың тонна сүрлем, 640 мың тонна құнарлы мал азығын дайындау қажет. Eгістік алқаптар мен табиғи шабындықтардың есебінен бүгінгі күнге шөптің 93,8 пайызы немесе 1 607,1 мың тонна пішен, оның ішінде 319,3 мың тонна сабан, 58 мың тонна пішендеме дайындалды. Өткен қыстан қалған 89,1 мың тонна жемшөп қоры бар. Қысқы мал азығын мол дайындау арқылы мал қыстату науқанын ойдағыдай өткіземіз деген ниеттеміз.
Жалпы тарқата айтсақ, биылғы қуаңшылық салдарынан қажетті мал азығы қорын ысырапсыз және жеткілікті жинап, 2021-2022 жылдардағы мал қыстату науқанын ойдағыдай өткізу мақсатында облыс бойынша жемшөппен қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітіліп, жұмыстар атқарылуда. Осыған сәйкес қолдағы бар ресурстар мал азығы қорын дайындау жұмыстарына жұмылдырылуда. Облыс көлеміндегі шабындық жерлерден бөлек сай-саланы, өзен арналарын және шалғай аудандардағы шабындық жерлерден пішен дайындау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осы жұмыстарға облыс бойынша 234 шөп дайындаушы бригада жұмылдырылған.
Дәнді дақылдар орылып, егістен босаған 37,8 мың гектар алқап жеке қосалқы шаруашылықтарға уақытша мал жайылымына берілді. Ірі шаруашылықтар есебіндегі пайдаланылмайтын жер учаскелерін қайтару есебінен шаруашылықтарға жайылым үшін 48,9 мың гектар жер берілді.
Жемшөп бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында ағымдағы жылдың
10 шілдесінен бастап Тараз қаласындағы және облыстың барлық аудандарындағы шөп сататын орындарда әр сенбі-жексенбі күндері «Жемшөп сату» жәрмеңкелері ұйымдастырылуда. Жәрмеңкедегі шөп нарық бағасынан 10-20 пайызға төмен өткерілуде. Атап айтқанда, жоңышқаның 1 түгі 1200-1600 теңге аралығында, табиғи шөп 700-900, сабанның 1 түгі 600-700 теңгеден саудалануда.
– Былтыр ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту қарқынды жүргізіліп еді. Биыл бұл бағыттағы жұмыстар бәсеңсіп қалған секілді. Себебі неде?
– Облыс бойынша жалпы тіркелген ауыл шаруашылығы және басқа да техника саны – 12 189. Осы жылға техниканың жаңару жоспарын 10 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Қаңтар-шілде айлары аралығында техниканың жаңару көрсеткіші 5,5 пайызды құрап, нақты 673 техника жаңадан сатып алынды.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.