Судья Думан Мәуленовтің монографиясы жарық көрді

0 0

Жақында Тараз қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы, заң ғылымдарының кандидаты Думан Болатұлы Мәуленовтің «Ар-намыс және қадір-қасиеттің құқықтық аспектілері» атты монографиясы жарық көрді.

Монография автордың «Қазақстан Республикасының конституциялық құқығындағы ар-намыс және қадір-қасиет» тақырыбындағы кандидаттық диссертация негізінде жазылған. Онда автор ар-намыс, қадір-қасиетке қатысты ғылыми категорияларды талдап, көптеген ұғымдар мен түсініктерге құқықтық сипаттама беріп, түйінді мәселелерді айқындап, оларды шешу жолдарын ұсынған.

Интернет пен әлеуметтік желілер қызметінің құқықтық тұрғыдан толық реттелмеуі адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін жазбалар мен аудиовизауалды материалдарға жол ашып отыр. Осы оарйда аталған мәселенің күн тәртібіндегі өзектілігіне тоқтала келе, Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының профессоры К.Айтхожин: «Еңбекте құқықтық, ғылыми әдебиеттерге, бұқаралық ақпарат құралдарына, Интернет сайттарына сүйеніп, біраз қызықты деректер, маңызды пікірлер келтірілген. Әсіресе, сөз бостандығы, диффамация мәселелері, олардың қылмыстық және азаматтық заңнамада көрініс табуы, эмбрион, адам денесінің бөлшектері жайлы ізденістері тың әрі пайдалы деп есептеймін. Ар-намыс, қадір-қасиет тақырыбының ауқымы кең екенін аңғартуы, отандық заңнамада шешілуі тиіс проблемаларды ашып көрсете алуы зерттеушінің жетістіктері ретінде бағалануы тиіс» — деп, жоғары баға берген.

Д.Мәуленовтің еңбегімен Жамбыл облысындағы әріптестері де танысып, кітапқа қатысты өз пікірлерін ортаға салуда. Солардың бірі облыстық соттың судьясы Ғалым Кулекеев: «Автор ар-намыс пен қадір-қасиеттің тарихи категория екенін айта отырып, әр дәуірдегі заңгерлер мен ойшылдар пікіріне талдау жасаған. Талдаулары қисынды, ойлары көңілге қонымды. Тақырыптың түп-тамырын, мән-мазмұнын толық аша алған. Еңбекте қазақтың дәстүрлі әдет-ғұрып құқығындағы ар-намыс пен қадір-қасиеттің орны айрықша бағамдалған. Әсіресе, зерттеушінің Шоқан Уәлиханов, Әлкей Марғұлан, Әлихан Бөкейханов сынды тарихи тұлғаларымыздың еңбектеріне сүйене отырып, мәселені тереңірек қарастыруы дұрыс шешім», — деген ойын білдірген.

Кітап заңгерлерге, студенттерге, құқық мәселесін зерттеп жүрген магистранттар мен докторанттарға, жалпы қалың жұртшылыққа арналған.

Адам құқығы мен мемлекеттік басқару мәселелерін кеңінен зерттеп жүрген әріптесіміз Думан Болатұлын тырнақалды туындысымен құттықтай отырып, сот төрелігін жүзеге асырумен қатар, ғылым жолындағы ізденістеріне сәттілік тілейміз!

ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.