Сумен қамту – басты назарда

0 25

Өткен жылы DW агенттігі Орталық Азия елдеріндегі су тапшылығы мәселесі туралы хабарлаған болатын. Бүгінде судың жетіспеушілігі бүкіл Орталық Азияда — Сырдария бассейнінде, Шу-Талас бассейнінде және Іле өзенінде байқалады. Бұл бассейндердің барлық өзендері мен су қоймалары мұздықтардың еруіне байланысты қалыптасады.

Еліміз трансшекаралық суларға тәуелді және соңғы жылдар ішінде су тапшылығы біздің мемлекетіміздің мұқтаждықтары үшін қажетті су көлемін өткізу туралы мәселелерді шешу үшін трансшекаралық өзендердің жоғарғы ағысындағы елдердің өкілдерімен байланысуға итермелеп отыр.

Шу өзені бассейні арқылы Қазақстанға тиесілі 108,76 млн. м3 көлемнің бүгінгі күні 65,56 млн.м3 немесе 60% ғана берілді.

2021 жылғы 28 мамырда Бішкек қаласында ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі С.Қожаниязов Қырғызстанның бірнеше министрліктерінің басшылығымен кездесіп, бірқатар келісімдерге қол жеткізілді. Қырғызстан таяудағы үш жылдың жаз айлары ішінде осы көлемнен 300 млн. кВт/сағ электр энергиясын қайтаруға және Тоқтоғұл су қоймасынан 330 млн. текше м-ден, яғни жыл сайын маусым-тамыз аралығында (2023 жылға дейінгі мерзімді қоса алғанда) қосымша су жіберуді жүзеге асыруы тиіс.

А.ж. шілде айында ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің вице министрі С. Қожаниязов бастаған жұмыс тобы көршілес Қырғызстан Республикасының өкілдерімен жұмыс кездесуі барысында жоғарыда аталған келісімдердің орындалуы туралы ойларын ортаға салды.  Сондай-ақ, Шу өзенінің бассейні бойынша су өткізу кестесі туралы келіссөздер жүргізілді. Қазіргі уақытта Георгиевка магистралды каналы арқылы су секундына 9,8 текше метрден 12 текше/сек дейінгі көлемде келеді. Кездесуде қырғыз тарапымен енді Георгиевка магистралды каналы арқылы тұрақты 13 текше/сек су өткізетіні туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Шу өзені бойынша су жағдайы жақсарған жағдайда көлемі ұлғайтылады.

Сонымен қатар, Серік Қожаниязов Меркі, Қордай, Жамбыл және Байзақ аудандарында болып, шаруашылық өкілдерімен жеке кездесіп, өңірді сумен қамту бағытындағы жұмыс туралы пікір алмасты.

Жамбыл облысында келер жылы 7 жаңа су қоймасы салынады деп жоспарлануда. Соның арқасында 34 мың гектардан астам суармалы жерді қайта қалпына келтіруге болады. 2025 жылға дейін елді мекендердегі су арналары жаңартылады. Бұл шағын кәсіпкерліктің дамуына серпін береді.

Осы орайда С.Қожаниязов су ресурстары саласының мамандарымен және қазіргі күнгі су шаруашылығы нысандарын жөндеуді жүзеге асырушы жергілікті компаниялардың  өкілдерімен де кездесіп, қалыптасқан жағдай мен алдағы жоспарларды талқылады.

Аталмыш кездесулердің қорытындысында экология, геология және табиғи ресурстар вице министрі С.Қожаниязов облыс басшысы Б.Сапарбаевпен кездесіп, жүзеге асырылған жұмыс нәтижелері туралы баяндады.

«Мақсатымыз – әрбір тамшы судың реттелуін бақылау. Судың азаюы тек біздің ел емес, көршілес мемлекеттерге де зардабын тигізіп отыр. Экологияға да, егінге де зиян тимеу үшін өзен суының қалыптылығын сақтау мақсатында үкімет пен облыс әкімдігі деңгейінде жан-жақты шаралар қабылдануда», – деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.