Қоғам

«Суперфармның» сауапты ісі

Written by Aray2005

Өңірдегі елдегі эпидемиологиялық жағдай әлі де көңіл көншітерліктей емес. Осыған дейін тұрғындар қажет дәрісін дәріханадан таппай қалғаны белгілі. Дегенмен соңғы уақытта дәрі тапшылығы реттеле бастады. Бұл орайда, өңірде дәрі-дәрмекке қатысты мәселелер жан-жақты тексеріліп, дәріханалардағы жағдай реттеле бастады. Аймақтағы кәсіпкерлер демеушілік танытып, ем-домға қажетті түрлі дәрілердің облысқа жеткізілуіне қол ұшын созуда. Мұндай игілікті істен құр қалмаған бір реттік медициналық бұйымдар шығаратын «Суперфарм» ЖШС облыс орталығындағы 9 емханаға қажетті дәрі-дәрмектерді тегін таратты. «Әмір және Д» дәріханасынан 5 миллион теңгеден астам қаражатқан алынған дәрілер әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға таратылмақ.

– Осыған дейін қалалық емхана қызметкерлері дәрі-дәрмекке зәру азаматтардың тізімін берген болатын. Сол бойынша ең қажетті деген дәрілерді сатып алдық. Атап айтқанда, түрлі антибиотиктер, цифтракцион, аскарбин қышқылы, физикалық ерітінділер мен түрлі екпеге арналған жабдықтар бар. Бұлар бір адамға 14 күн емделуге жететіндей етіп алынған, – дейді серіктестік директорының орынбасары Әлішер Анарметов.

Қайырымды іске қалалық емхана ұжымдары да қолдау көрсетіп, тізім бойынша тиісті дәрі-дәрмектерді қабылдап алды. Олар алдағы уақытта тізімге ілінген азаматтарға дәрмектерді жеткізбек.

– Дәл бүгінгідей қиын жағдайда қайырымдылық істері көңіл қуантады. Жасыратыны жоқ, коронавирусты тікелей емдемесек те тұрғындар көптеп келеді. Көпшілігі дәрі жоқ екендігі туралы базыналарын да жеткізіп жатады. Қайырымдылық аясында «Суперфарм» ЖШС-і бүгінде өршіп тұрған пневманияға қарсы дәрілерді тегін беруде. Тілге тиек ете кететіні, аталған ауруды қазіргі таңда үй жағдайында емдеп жатырмыз. Бұл дәрілерді науқастарға жеткізіп беретін боламыз, – дейді №1 Тараз қалалық емханасының өкілі Ұлтай Құдиярова.

Шындығында, бүгінде жұқпалы ауру жасты да жасамысты да аяп жатқан жоқ. Ауруға шалдыққандар дәрігердің көмегінен бөлек дертіне шипа болатын дәріге де зәру. Сондықтан «Қайырымды болсаң — қайырын көресің» деген қағиданы ұстанған жергілікті кәсіпкерлер мен серіктестіктер дертпен күреске өз үлестерін қосып жатыр. Бұл өте құптарлық іс алдағы уақытта да жалғасын таба беретіндігіне сенім мол.

Шынболат Сейдуалиев

ПІКІР