Сұранысқа ие мамандықтар Тараз сервис және технология колледжінде даярланады

0 0

Бүгінде жас мамандар үшін еңбек нарығындағы бәсекелестікке төтеп беру қабілеті кәсіби білімнің сапасы мен оның заман талабы үдесінен шығу мүмкіндігінен көрінеді. Әсіресе нарыққа қажетті маманды жоғары кәсіби біліктілікпен даярлау білім беру саласындағы өзекті мәселенің бірі саналады.
Бұл орайда арнаулы орта кәсіптік білім беру ұйымдарына зор жауапкершілік артылғаны белгілі. Облыс орталығындағы Тараз сервис және технология колледжі заман талабы мен еңбек нарығының сұранысына сай маман даярлау ісін жүйелі жолға қойғанымен ерекшеленеді.

40 жылға таяу тарихы бар оқу орны осы уақыт ішінде арнаулы орта кәсіптік білімі бар мамандардың бірнеше буынын даярлап үлгерді. Қазіргі таңда Бекбол Маймышев тізгінін ұстаған колледжде 785 студент 8 мамандық бойынша білім алып жатыр. Олардың кәсіби дағдысын жетілдіру және оқу-тәрбие ісіне 85 педагог қызметкер жұмылдырылған.
Оқу орнының заманауи үлгіде жабдықталған материалдық-техникалық базасы жастардың жүрек қалаған мамандығын алаңсыз меңгеруіне мүмкіндік береді. Студенттердің жатақхана қажеттілігі де толығымен өтелген. Қазіргі таңда 65 студент білімгерлер үйінде тұрады.
Сондай-ақ колледжде 2018 жылы ерекше білім беру қажеттілігі бар студенттер үшін тең жағдай мен кедергісіз қолжетімділік жасау мақсатында инклюзивті білім беру бағдарламасы енгізілген. Осы бағдарламаның шарапатын «Ағаш ұстасы» және «Арнайы тігінші» біліктіліктері бойынша 28 студент көріп отыр. Есту қабілеті нашар студенттерге білім алуда сурдоаудармашы қызмет көрсетеді. Ал былтыр оқу орнында студенттерге қызмет көрсету орталығы ашылды.
Колледждегі маман даярлау ісіндегі басты ерекшелік ретінде әлеуетті жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнатылғанын айтуға болады. Сәйкесінше маман даярлауда дәл осы жұмыс берушілердің талап-тілегіне басымдық беріледі.
Студенттердің теориялық білімін іс жүзінде пысықтауда дуальды оқыту тәжірибесі енгізілген. 2019-2020 оқу жылынан бастап 265 студент дуальды оқытумен қамтылды. Оқытудағы озық әдіс негізінен болашақ аспаздар мен автослесарьларды, арнайы тігіншілерді даярлауда қолданылып отыр. Студенттердің практикалық сабақ кезінде дуальды оқыту бойынша келісімшарт жасалған мекемеде болуын колледж директорының бұйрығымен бекітілген тәжірибе жетекшілері бақылайды.

– Дуальды білім беру жүйесіне сай кәсіпорын мен колледж және студент арасында үш жақты келісімшарт жасалады. Бұл құжат Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің бұйрығымен түзілген «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі ұйымдар үшін дуальды оқыту туралы үлгілік шартқа» сай келеді. Әрі олардың барлығы да облыстық кәсіпкерлер палатасының реестріне тіркелген. Мамандықтар бойынша оқу жоспарлары, практика бағдарламасы мен жұмыс жоспары, кестесі серіктес кәсіпорындармен келісіледі.
«Келісіп пішкен тонның келте болмайтыны» сынды жұмыс берушінің сұранысына сай, ұсыныстары ескеріліп даярланған жас мамандар ертең міндетті түрде өз мамандығымен жұмыс таба алады. Тек студенттер талмай ізденіп, жүрек қалаған мамандығын меңгеруге бар күш-жігерін жұмсаса болғаны, – дейді колледж директоры Бекбол Маймышев.

Дуальды оқытумен бірге колледждегі оқу-өндірістік жұмыстарына да айрықша назар аударылады. Сондықтан колледж облыстағы 65 кәсіпорынмен әлеуметтік серіктестік бойынша келісімшарт жасаған. Дәл осы келісім студенттердің аталған кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтуіне мүмкіндік береді.
Тағы бір атап өтетін жайт колледж әкімшілігімен қолға алынған студенттердің кәсіби құзіреттілігін арттыру шаралары өз нәтижесін бере бастаған. Өйткені оқу орнында білікті оқытушылардың дәрісіне құлақ түріп, практиканы сала мамандарының жетекшілігімен тиісті кәсіпорындарда өткен студенттердің жұмыспен қамту көрсеткіші жаман емес. Былтыр колледжден 5 мамандық бойынша арнаулы орта білім алып шыққан 166 түлектің 85 пайызы жұмысқа орналасқан.
Сондай-ақ колледж студенттері жұмысшы мамандықтар бойынша білім алатын жастар арасында ұйымдастырылатын түрлі деңгейдегі байқаулардан топ жаруда. Өткен жылы өткізілген «Профи–2019» байқауында «Кондитер», «Аспаз», «Тігінші», «Қонақ үй шарушылығы» мамандықтары бойынша білім алатын Оксана Володина, Темирлан Галиев, Әсем Нұрланова, Комиля Ахророва сынды студенттер қарсыластарын қапы қалдырып, өз салаларында үздік екендігін іспен дәлелдей алды. «WorldSkills Жамбыл 2019» өңірлік чемпионатына қатысқан болашақ аспаздар мен шаштараздар, киім үлгілеушілері, көлік жөндеушілері де жүлделі орындардан көрінді. Осы сайыстан үздік шыққан Антон Бейзер («Шаштараз өнері» құзіреттілігі бойынша), Нұрсұлтан Исабеков («Аспаздық ісі» құзіреттілігі бойынша), Әсем Нұрлановалар («Сән технологиясы» құзіреттілігі бойынша) «WorldSkills Kazakhstan 2019» республикалық чемпионатында облыс намысын абыроймен қорғап, «Үздік маман» төсбелгісімен марапатталды.
Жақында ғана «Шаштараз өнері және сәндік косметика» мамандығының өндірістік оқу шеберлері мен студенттері Алматы мемлекеттік сервис және технология колледжінде өткен «Сән мұнарасы» атты шаштараз-стилистердің республикалық байқауына қатысып, жеңімпаз атанып қайтты. Бұл жолы І курс студенті Динара Теттер екі аталым бойынша жүлделі орындарға ие болса, өндірістік оқыту шебері Антон Бейзер ІІІ орынды жеңіп алды.
«ҚР колледждерінің ТОП-100 студенттері» жобасына қатысқан «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығының 3-курс студенті Ерасыл Берді Білім және ғылым министрінің арнайы дипломымен марапатталып, төсбелгіге ие болды.
Студенттердің толайым табыстарға жетуі үшін оқу-тәрбие жұмысын өз деңгейінде ұйымдастырып жүрген колледж оқытушылары да жетістіктен құралақан емес. Өткен жылы «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығының өндірістік оқыту шебері Роза Тажманова облыстық «Үздік педагог – 2019» байқауының жүлдегері атанды. «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығы бойынша арнайы пәндер оқытушысы Майя Мустафина «Инклюзивті білім берудің үздік педагогы» облыстық байқауынан топ жарып, республикалық кезеңде өңір намысын қорғау мүмкіндігіне ие болды.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.