"Тарих. Таным. Тағылым."

Сұрапыл соғыстың біз білмейтін құпиялары

Белгілі тарихшы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының екі мәрте иегері Тілеу Сәдуақасұлы Көлбаев әскери журналист ретінде де елімізге кеңінен танымал болған еді. Ол кісі өзінің саналы ғұмырын қазақ тарихының ақтаңдақтарын ашуға жұмсады. ХХ ғасырдағы ұлт басына төнген нәубеттердің шындығын сөйлеткен, екінші дүниежүзілік соғыс тұсындағы қазақ жауынгерлерінің ерліктері жайында, жалпы айтқанда, өткен ғасырдың алғашқы жартысына қатысты іргелі зерттеулерінің нәтижесінде 20-ға жуық монографияның авторы болды.
«Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін», «Все для фронта, все для Победы», «Өшпес даңқ», «Вечно живые», «Алматы Ұлы Отан соғысы жылдарында», «Отан үшін от кешкендер», «Суровая драма народа» атты кітаптары жарық көрді.
Төменде 2017 жылғы 15 маусымда өмірден озған ғалымның Ұлы Отан соғысы жылдарында шайқастың алдыңғы шебінде болған қазақ батырлары жөнінде Ресейдің Подольск қаласындағы мемлекеттік соғыс архивінің құжаттары негізінде жазылған материалдарын ықшамдап ұсынғалы отырмыз.

РЕДАКЦИЯДАН

«Егер Мәлік Ғабдуллин болмағанда,
Мәншүкке Батыр атағы берілмес еді»

Аққан жұлдыздай қысқа ғана ғұмырында халқының, елінің атын даңққа бөлеген батыр қыз, қазақтың аяулы аруы Мәншүк Мәметова жайында айтылып та, жазылып та жүр. Көркем фильм де бар. Әйтсе де, төмендегі мақаланың жөні бөлек. Өйткені, бұл – Мәншүкпен қан майданда қатар жүріп, қара нанды бөліп жеген, соғыс тауқыметін бірге тартқан қарулас достарының, үзеңгілес жолдастарының естеліктері.
Сан ерліктің басын құраған Мәншүкке Батыр атағы жаны шейіт болғаннан соң алты ай кешігіп берілген. Бұдан «Бұл қалай?» деген сұрақтың тууы заңды да. Осы жағдайға байланысты біз Мәншүкті оққа ұшар алдынан бірнеше минут бұрын көріп, соңғы рет тілдескен, ерлігіне жалғыз куәгер әрі сүйегін жинаған, сол кездегі қазақтың ұлттық 100-атқыштар бригадасының кіші лейтенанты, бүгінде дүниеден озған Ахметқазы Ахметжанұлының естелігінен біраз жағдайларға көз жеткізуімізге болады.

«Онда мен «Прощай Родинада», танкіге қарсы тұратын дивизионның комсоргі болатынмын. Біз жауға алғаш соққы беруіміз, тіпті болмаса, жарылғыш бөтелкені белге байлап, танкінің астында қалып, бірге жарылуымыз керек. «Прощай Родина» деген – сол.

1943 жылғы қазанның 11-і күні біздің дивизионның біраз жауынгерін Изочи стансасын алу үшін құрамымызбен жаяу әскерге – командалық батареяға бөліп жіберді. Осылайша біз Мәншүктің батальонына қосылдық. Стансаны алған жағдайда Қазақтың 100-бригадасына Изочи аты берілетін болды. Ұрысқа кіру үшін біз Үлкен Иван мен Кіші Иван көлінің арасынан өттік. Мәншүктер жаудың көп келетін жерін пулеметпен қарсы алу үшін биіктеу жотаға орналасты да, жауынгерлік орнын белгіледі. Таңғы алтылар шамасында ұрыс басталып кетті. Бар күшімізбен Изочиді (шығындалсақ та) басып алдық.

Майданның заңы – басып алған жеріне дереу бекіну керек. Сөйтіп, окоп қазып, әркім өз тіршілігін жасауға кіріскенде, бізден екі-үш есе күші көп жау қайта шабуылға шықты. Орнығуға шама бермеді. Біразымызды қырып жіберді. Қалған тірілеріміз позицияны өзгерту үшін артқа шегіндік. Қайтар жолымызда Мәншүктер тұрған төбешікті басып өтуге тура келді. Оның үстіне, окоп кеңдеу болатын. Төбешікке келсек, Мәншүктен басқа тірі жан жоқ. Басынан жараланыпты. Бұрынғы ұрыс орнында емес, өз қаруының оғы таусылған соң, окопқа жақын жолдасының пулеметін іске қосайын деп жатыр екен. Арамыз небәрі төрт-бес метрдей ғана. Мәншүктің жалғыз екеніне көзіміз жеткен соң, бізбен жүруін өтіндік. Ол: «Бара беріңдер, мен кетсем, сендерді кім қорғайды?» – деді. Сосын біз: «Мәншүк, қызықсың, Гитлердің бар әскерін жалғыз сен қырып тауыспақсың ба, кеттік», – дедік. Көнбеді. «Сендерді мен қорғамасам, жете алмайсыңдар», – деп, пулеметті іске қосып жіберді. Біз амал жоқ кете бардық. Артымыздан дүмпулер естіліп жатты. Біраздан соң дала да тыншыды. Біз бір-бірімізге қарап, «все» дедік. Егер сол жолы Мәншүк дәл осындай батырлық көрсетпегенде, 100-атқыштар бригадасының тірі қалған жауынгерлері, мүмкін, бұлай отырмас та едік. Менің қара жерді басып жүргенім, сол қара қыздың арқасы.

Содан қалған бірнеше жігіттер штабқа жеттік. Бригада комиссары Сақтаған Бәйішевке Мәншүктің артта қалғанын, жаудың көп күші екпіндеп келе жатқанын жедел түрде баяндадым да, өзімнің дивизионыма кеттім. С.Бәйішев дереу дөңгелене қорғаныс жасауға кірісті. Немістер Изочиді алғанымен, күші әлсіреп қалған болуы керек, қайтадан шабуылға шықпады.

Қараша айының аяғында 100-бригада мен 31-бригаданы қосып, 1-атқыштар дивизиясы құрылды. Жау Изочиді көпке дейін ұстап, ешкімді жолатпады. Мәншүктің ерлігін өзіміздің жауынгерлік газетімізде алдымен Асқар Закарин, сонан соң «Қазақ қызы» деп Жекен Жұмаханов жазды. Батыр атағын Мәншүк алты айдан кейін алды. Оның себебін мен соғыс біткеннен кейін бригада комиссары С.Бәйішевтің хатшысы, кейіннен 120-миллиметрлік дивизионы бастауыш партия ұйымының хатшысы болған жерлесім Байуақ Ахметовтен естідім. Ол бертінде, 1974 жылы қайтыс болды. Семейде біраз жыл ол кісінің қарамағында қызмет істедім. Байуақ: «Егер Мәлік Ғабдуллин болмағанда, Мәншүкке Батыр атағы берілмес еді», – деп отыратын.

Мәншүктің ерлікпен қаза тапқаны туралы жазылған газеттер Мәскеуде Қызыл Армияның Саяси Бас басқармасының орыс емес ұлттардың жауынгерлері арасында үгітші болып істейтін Мәлік Ғабдуллиннің қолына тиеді. Оның үстіне, Мәлік Мәншүкті штабта, 1943 жылы маусым айында келгенде көргенімен қатар, анасы Әминамен хат алысып тұрған. Мүмкін, Әмина «қызыма бас-көз бол» деп тапсырған да шығар. Мәншүктің қазасын ести салысымен, ол дереу Невель қаласына келеді. Ол кезде 100-бригада тарап, 1-ат­қыш­тар дивизиясы құрылып жатады, ал Байуақ сол уақытта Невель қаласындағы 6-гвардиялық армияның резервінде тұрады. Мәлік келе-сала: «Мәншүкке не жасап жатырсыңдар?» – дейді. Олар екінші дәрежелі Отан соғысы орденіне ұсынғандарын айтады. Мәлік жатып кеп ашуланады. Сосын тұрып: «Айтыңдаршы, Алматы мен Мәскеудің арасы қанша шақырым?» – дейді. Біреуі «4800» десе, біреуі «5000 шақырым» деп жатады.

«Мейлі, 4 мың-ақ болсын. Басқаны қойып, қазақтың жиырмаға жаңа шыққан қызы сонша жерден Отанымды, Мәскеуді қорғаймын деп келіп, қолына орыстың винтовкасын алып соғысамын деуінің өзі сендерге ерлік емес пе?! Осыдан артық не керек? Дереу құжаттарын қайта дайындаңдар. Комсомолдың Орталық комитетінің бірінші хатшысы Михайловқа, болмаса маған Батыр атағын берген Калининнің өзіне барамын. Тіпті Ворошиловқа кіремін. Одан түк шықпаса, менің Мәлік атым құрып кетсін, өзімнің жұлдызымды беремін» деп, қайтадан дайындалған құжаттарды алып кетеді.
Содан алты ай дегенде Мәншүкке 1944 жылы 5 наурызда Батыр атағы беріледі. Көп жерлерде Мәншүкті батырлыққа ұсынған Қазақстан үкіметі еді дейді, мүмкін Мәлік оларға хабарласып, «қатынас қағаз жазыңдар» деп сұраған шығар. Әйтпесе, майдан даласы қайда, Қазақстанның үкіметі қайда еді?!

Құралайды көзге атқан

Ыбырайым Сүлейменов 100-бригаданың капитан Ушаков басқарған екінші батальонның мергені еді. Бригада ең алғаш неміс фашистерімен шайқасқа кіріскен 1942 жылдың қарашасынан бастап Ыбырайымның даңқы шыға бастады.
Ол Молодой Туд, Приездово, Друздово, Тройня, Плеханово ұрыстарында, одан кейін Невель, Великие Луки қалалары үшін болған қырғын шайқастарда өзінің асқан мергендік өнерінің арқасында көптеген фашистің көзін жойды. Бригада төрт ай бойы бел шешпестен ауыр ұрыстарда болды. Тек 1943 жылдың сәуірінде ғана екінші эшелонға көшіріліп, Великие Луки іргесіндегі Ступино биігінің айналасына жайғасты. Осы уақытқа дейін Ыбырайым Сүлейменовтің жалғыз өзі жер жастандырған фашистердің саны 239-ға жетті. Бұл кезде Сүлейменов жалғыз 100-атқыштар бригадасының ғана емес, берісі бүкіл 3-Екпінді армияның, арысы бүкіл Калинин майданының ең атақты мергендерінің бірі болды. Армия, майдан газеттерінде Сүлейменов есімі мадақталған мақалалар жиі басылып тұрды.

1943 жылдың ақпанында 100-атқыштар бригадасы Невель қаласына беттеді. Маусым айында Калинин майданына қолбасшы болып А.Е.Еременко, ал 3-Екпінді армияның басшылығына К.Н.Галицкий келді. Ұрыс алдындағы үзіліс кезінде әскери жаттығулар өткізілетін. Сондай жарыстарда Ыбырайым асқан шебер мерген екендігін көрсете білді. Майдан қолбасшысы Еременко оған әбден риза болып, кеудесіне «Қызыл жұлдыз» орденін қадап, қолына өзінің сағатын тақты. Содан соң қапсыра құшақтап: «Есеп бойынша 239 фашисті жер қапсырғаның рас екен. Әрдайым аман бол, сен нағыз батырсың», – деді. Ал, К.Н.Галицкий өзінің «1941-1944 қаһарлы жылдар шежіресі» деген кітабында Ыбырайымның ерлігін сүйсіне жазады.

Тағы бір дерек, армиялық «Фронтовик» газетінің 1943 жылғы 10 наурызда шыққан санында басылған. Мұнда «Мерген жолдас, Сүлейменов Ыбырайымдай бол!» деген жалпы тақырыппен құралайды көзге атқан снайпердің фашистерді мұрттай ұшырудағы тәжірибесі, айла-әрекеті басқа-ларға үлгі етіп ұсынылады. Сонымен бірге Ыбырайымның қару ұстап, түрегеліп тұрған суреті берілген. Беттің төменгі жағына «Орденді мерген Сүлейменов Ыбырайым 239 немісті жер жастандырды» деген сөздер үлкен әріптермен жазылып қойылған.

Даңқты мергеннің ерлігін паш ететін құжаттардың қатарына Краснодар қаласында тұратын запастағы полковник Виктор Ильич Куценков жіберген листовканы да жатқызуға болады. Тараз қаласындағы облыстық өлкетану мұражайына жолдаған хатында ол былай деп жазған: «Сіздердің жерлестеріңіздің асқан ерлігі туралы листовканы жиырма жылдан астам уақыт сақтадым. Соғыс кезінде көптеген жауынгерлер көзге түсті. Сол үшін олар ордендермен, медальдармен наградталды. Ал, ең таңдаулылары жөнінде листовкалар жазылатын. Бұл листовканы 3-Екпінді армияның саяси бөлімі шығарған. Ыбырайым Сүлейменов жауды жеңуге көп үлес қосты…» Ыбырайым Сүлейменов 1943 жылы шілде айында Совет Одағының Батыры атағына ұсынылды. 3-Екпінді армия әскери кеңесінің бұл ұсынысын Калинин майданының басшылары бір саты төмендетіп, Ленин орденіне түсірді де, Сүлейменовтің жауынгерлік құжатын жоғарыға, Москваға жіберді. Сол құжат бойынша Сүлейменовке КСРО Жоғарғы Советі Президиумының 1944 жылғы 4 мау­сымдағы Жарлығы бойынша Ленин ордені берілді.

Ол кезде Ыбырайым Сүлейменов өмірде жоқ еді. 1943 жылы 15 қазанда Невель қаласын фашистерден қорғау жолындағы шайқаста асқан ерлікпен қаза тапқан болатын.
Москваның әскери баспасы 1987-1988 жылдарда шығарған «Герои Советского Союза» деген екі томдықты ақтарсаңыз, көп нәрсеге көз жеткізесіз. Мысалы: «Артемьев Иван Тимофеевич. Русский. Пулеметчик. Огнем своего пулемета уничтожил более 30 солдат и офицеров противника» (1-томның 78-79 беттерін қараңыз);
«Архипов Василий Степанович. Русский. Пулеметчик. При отражении контратаки противника уничтожил несколько десятков гитлероцев» (1-томның 81-бетінде);
Блажун Андрей Федорович. Украин. Стрелок. В рукопашной схватке уничтожил несколько гитлерцев» (сонда, 166-бет).

Бұл мысалда келтірілгендер соңғысынан өзгесі – пулеметшілер мен автоматшылар. Жалғыз оқты снайпер винтовкасына қарағанда, бұл қарулардан оқты жаңбырша жаудыруға болады. Соның өзінде де олардың әрқайсысының жойған дұшпандары жүзге жетпейді немесе содан аз-ақ асып жығылады.
Ыбырайымның Жеңіс күнін жақындату жолында қасықтай қанын, шыбындай жанын аямай шайқасқан теңдесі жоқ ерлігін тарихи құжаттар, оның осы күні көзі тірі майдандас жолдастары нақты дәлелдермен бұлтарғысыз айғақтайтынын тағы да қайталап айтамыз.

Мәселе – «ол 1942 жылдың басынан 1943 жылдың қазанына дейінгі мерзімде фашистердің 281 солдаты мен офицерін жер құштырған» делінген мәліметте. Бұл цифр қайдан алынған? Бұрыннан мәлім 239-ға Невель қаласы түбінде өлтірілген 42 фашисті қосыңыз. Сонда жоғарыда көрсетілгендей нәтиже береді, яғни немістің атқыштар батальонының тең жартысын жалғыз өзі жойған болып шығады.
Қолда бар құжаттарды салыстыра зерттегенімізде, Ыбырайым жер жастандырған басқыншылардың саны 300-ден әлдеқайда көп болғанына көз жеткіздік. Олай дейтінім, Невель қаласын екінші рет жаудан азат еткен 6 қазандағы ұрыстарда 60 жаудың құртылғаны белгісіз себеппен есепке алынбай қалған. Сонымен, атақты мергеннің қолынан оққа ұшқан неміс солдаты мен офицерінің саны 341 болды. Жалғыз оқты винтовкамен осыншама жауды жою – соғыс тарихында бұрын-соңды болмаған ерлік!

Атақсыз қалған батырлар

Жалпы, қазақтардың Ұлы Отан соғысындағы ерлігі ересен болды. Оны мынадан көруге болады. КСРО Батырларынан саны жағынан бірінші – орыстар, екінші орында – украиндар, үшінші орында – белорустар, төртінші орында еврейлер тұрды. Бесінші орынды қазақтар иеленді. Басқа ұлт өкілдерінің бәрі қазақтан кейін тұрды. Бірақ бұл барлық ержүрек адамдардың бағасы емес. КСРО Батыры атағын алуға лайықты көп адамдар атаусыз қалды. Ол туралы ағылшын жазушысы Александр Верт өз кітабында қазақтардың ерлігін ерекше атап көрсетті.

…Отан ортақ болғанымен, орталықтың ала қойды бөле қырқып, ұсақ ұлт өкілдерінің ерен ерлігін елеусіз қалдыруға тырысқанын несіне жасырамыз. Ерлікті бағалауға келгенде Кеңес үкіметінің басшылары нәсілшілдікке бой алдырды. Аз ұлттардың өкілдерін ұлты орыс қолбасшылар мен командирлер тарапынан кемсітуге жол берілді. Олар өздерінің түймедейін түйедей етіп көрсетуді мақсат тұтты. Славян нәсілдердің басқалардың майдандағы көзсіз ерліктеріне күдікпен қарауы, менсінбеуі орын алды. Бұл – тоталитаризмнің сталиндік солақай саясатының салдары еді.

Біз, бүгінгі ұрпақ, ештеңені ешқашан ұмытқан емеспіз және ұмытпаймыз да. Қазіргі сәулетті өмір үшін жанын пида етіп, кеудесін оққа төсеген, арамызда әлі де белгісіз болып келген ерлер есімін ел есінде қалдыру – бәріміздің азаматтық борышымыз. Біздің міндетіміз – 1418 күн мен түндегі ел тағдырын еңкеймей көтерген аға-әкелеріміздің қаһармандығын бүгінгі ұрпаққа үлгі етіп көрсету.

Тілеу КӨЛБАЕВ,
тарих ғылымының докторы, профессор, ҚР ГҒА-ның академигі, ҚР Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты

ПІКІР