Қоғам

Сұрапыл заманның көзі тірі куәгері…

Written by Aray2005

94 жастағы Хадиша әжейдің қиындыққа толы өмір жолынан бір үзік сыр

 

«Несіне жетісесің бала батыр?

Қариялар азайып бара жатыр.

Бірі мініп келместің кемесіне,

Бірі күтіп, әнекей, жағада тұр» деп Мұқағали ақын жырлағандай, жиырмасыншы ғасыр басындағы ел өміріндегі сұрапыл жылдарды көзімен көрген, балғын балалық шағы сонау қиын-қыстау кезеңге тұспа-тұс келген балалардың алды қазір тоқсан жастан асты. Қиын өмір, қатал тағдыр қойсын ба, олар қазір күн санап азайып бара жатыр…

Жазмыш шығар, Б.Момышұлы ауылының қарт тұрғыны Хадиша Тілепбергенқызының да балалық шағы 1930 бен 1950 жылдардың аралығындағы қиын жылдарға тұс келді. Әкесі Тілепберген Төлендиев пен шешесі Әпен колхоз басшылығы қайда, қандай жұмысқа жұмсаса, сонда көшіп-қонып жүретін шаруа кісілер болған екен. Хадиша Тілепбергенқызы 1926-шы жылы қазіргі Билікөл ауылдық округінің орталығы Қарабастау ауылында туған. Бір сөзбен айтқанда, әжей өткен ғасырда орын алған сұрапыл оқиғалардың көзі тірі куәгері.

-Әкем мен шешем колхоз жұмысындағы шаруа кісілер болатын. Мен 1926-шы жылы туған екенмін. Ол уақытта құжат алудың қиындығына байланысты туу туралы куәлікті кейіннен алған екен. Бірақ ол құжатта туған жылым 1930-шы жылы  деп қате толтырылыпты. Әкем қайтыс болғанда шамамен мен 12-13 жаста болатынмын. Әкемді көреалмаушы бақталастары тамағына у қосып беріп өлтірді. Әлі есімде, әкем дүниеден өтер алдында қатты ауырды. Содан біреулер емдейміз деген желеумен тамағына «белгісіз дәріні» қосып жіберген. Содан әкем қайтып оңалмады. Шешем де уақытпен санаспай үнемі колхоздың ауыр жұмыстарында жүретін. Бір білетінім, ауылдың әйелдері Қарабастау ауылынан аудан орталығына сатылы арбамен сүт таситын. Онда сүт құятын үлкен-үлкен «бидон» деп аталатын ыдыстар болатын. Соларды арбаға көтеріп салып, көтеріп түсіреді. Сатылы арбаны әйелдер айдайды. Жаяу-жалпылап отырып орталыққа жетеді әйтеуір. Ауыр бейнетті белуардан кешкен шешем де мезгілсіз дүние салды. Сондай қиыншылықтардың барлығын көріп, жүректен өткізу – кім-кімге де оңай емес әрине.

Жас кезімізде қиыншылықты көп көрдік қой. Буынымыз бекімей жатып колхоздың жұмысына араласып кете бардық. Онда колхоздар арпа-бидай, қызылша егетін. Жұмыс күшінің тапшылығына байланысты жас балалардың барлығы ауыр жұмысқа жегілетін. Онда соғыс уақыты, жұмыс күші өте тапшы. Ол уақытта қазіргідей ағылған көлік жоқ, шаруашылыққа қажетті трактор да жоқтың қасы. Біздің колхозда бір ғана трактор болатын. Оның өзі ескі-құсқы. Бидайды қол орақпен орып, баулап-баулап, қырманның басына таситынбыз. Одан соң бидай үлкен домалақ диірмен таспен уатылып болған соң қабығынан ажырату үшін оны үлкен кісілер суыратын. Оны сатылы арбаға салып, қамбаға апарып төгетінбіз. Қаншалықты аш құрсақ жүрсек те бір уыс бидай ұрлап көрмеппіз. Тәртіп қатал болатын. Керекті дәнімізді бидай орылған алқаптан масақтап теріп алатынбыз. Оны үйге әкеп масағынан ажыратып, қуырып жейміз. Мал азығына қажетті пішен шөпті де қарт кісілер сай-сайдан оратын. Бауланған шөпті сайдан қырға шығарып, маяға апарып жинайтынбыз.

Иә, сол қиын жылдарда болған ашаршылықтың шет жағасын біз де көрдік. Ел ішінде азық-түлік тапшы. Масақ тереміз. Кейде ол да жоқ. Есекке мініп алып, таудан алғы теруге баратынбыз. Алғы дегеніңіз — өте улы шөптің тамыры. Тауларда қазір де бар. Оны таспен езіп, ағаш шараларға салып, сумен екі-үш қайтара жуатынбыз. Біраз уақыт тұрған соң сүтке салып қайнатып ішетінбіз. Сүті жоқ отбасылар суға қайнатып ішетін. Біз сол алғының арқасында аман қалғанбыз. Қазір осыны жастарға айтып берсең, сенбейді. Біздің өткен өміріміз оларға ертегі сияқты,- дейді қарт әжей.

Хадиша Тілепбергенқызы 1947 жылы туған үйінен қазақы салт-дәстүрмен ұзатылып, бұрынғы Түркісіб колхозының байырғы тұрғындары Тойшыбек пен Күләйдің шаңырағына келін болып түседі. Күйеуі Жұмәділ осы шаңырақтың тұңғыш ұлы болатын. Жұмәділдің Орынбек, Орынбай, Сапар есімді інілері, сонымен бірге, Сейсекүл есімді қарындасы болған екен. Қазір аталған кісілердің барлығы о дүниелік болған. Жұмәділ Тойшыбекұлы Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер. Майданға бір емес, екі мәрте барып, оның екеуінде де ауыр жараланып, елге қайтарылған екен.

-Жұмәділ екеуміз шаңырақ көтермей тұрып, ол кісі соғысқа барып келген екен. Екі мәрте ауыр жараланған. Алғаш жамбасынан жарақат алса, кейін мойнына оқ тиген. Күйеуім соғыстың зардабын аямай-ақ тартты. Оның үстіне, қайын атам мен енемнің отбасылары да көп қиыншылықтарды бастан кешірген. Содан мен 1949-шы жылы осы шаңыраққа келін боп түстім. Бұл кісілердің отбасы 1947 жылы аудан орталығына көшіп келген екен. Енемнің айтуынша, бес әйел сонау бұрынғы Түркісіб колхозынан екі-екі пұттан бидай арқалап, аудан орталығындағы астық дайындау мекемесіне әкеліп тапсыратын көрінеді. Мұндағы жұмыспен, басшылармен таныс болып, үлкен ұлы Жұмәділді осында тұрақты жұмысқа орналастырады. Содан отағасы астық дайындау мекемесінде табан аудармастан 42 жыл жұмыс істеді. Ауыр-жеңіл деместен аталған мекемеде кез келген жұмысты істеді. Еңбек озаты болды. Отбасында бес қыз, бір ұл тәрбиелеп, өсірдік,- деп еске алады кейуана.

Әжейдің жасы тоқсанның төртіне келсе де әлі тың. Құлағының сәл ауырлағаны болмаса, біз қойған сұрақтың барлығына тыңғылықты жауап беріп отырды. Бір өкініштісі, әжейдің 1951, 1953 жылдары туылған Шырайкүл, Бейсекүл есімді екі қызы кішкентайында шетінеп кетіпті. Жалғыз ұлы Нұрбайдың да о дүниелік болғанына жиырма жылдан асып барады. Ал одан кейін өмір есігін ашқан қыздары Сапаркүл, Саракүл, Балакүл өмірден өз орындарын тапқан. Бүгінде олар бір-бір шаңырақтың ұйытқысы болып отыр.

«Шаңыраққа ие болып қалатын, Ұлдың аты ұл ғой шіркін қашанда» демекші, Тойшыбековтер әулетінің жалғыз ұлы Нұрбай Жұмәділұлы да өмірден ертерек озды. Ұрпақтарының тілеуін тілеп отырған ақ тілеулі ана Хадиша әжейдің «ана көңіліне» медеу болатыны, жалғыз ұлының кіндігінен бір ұл мен үш қыздың қалғаны. Әулеттің үлкен немересі Қанат Нұрбайұлы ауданда заңгер болып еңбек етеді. Хадиша әжей ұл-қыздарынан 20-ға жуық немере, 22 шөбере сүйіп отыр.

-Айналайын, балаларым, тоқсаннан асқан қарт әжелеріңді іздеп келгендерің үшін рақмет! Бұрынғылар айтпақшы, «кәрі қойдың жасындай» жасымыз қалды. Біздің өміріміздің көбі кетіп, азы қалғанын өздерің де білесіңдер. Бұл фәниде көп жасадық, көпті көрдік. Бұл да Құдайдың бізге көрсеткені шығар. Қай күні болсын, біз мәңгілік сапарға аттанып кетеміз. Елдің болашағы, қара орман ұрпағымыздың жалғастығы саналатын жас ұрпақ аман болсын. Қазір елімізде жастардың білім алуына, қалаған мамандығын алып, жұмыс жасауына барлық жағдай жасалған. Олар біз көрген қиыншылықты көрмесін. Бейбітшіліктің, тоқшылықтың қадірін біліп өссеңдер, жаман болмайсыңдар. Тәуелсіз елде өсіп-өркендеп, бақытты ғұмыр кешіңдер, айналайын! Өскелең жас ұрпаққа аналық, әжелік ақ батамды беремін,- дейді Хадиша әжей.

Нұржан Манасұлы,

Жуалы ауданы

ПІКІР