"Шабыт" Сұхбат

«Сурет арқылы кейбір адамдардың өмірін оң арнаға бұрғаныма қуанамын»

Күні кеше облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасы Өңірлік коммуникациялар қызметінің мұрындық болуымен «Ұлы Дала рухы» атты фестиваль ұйымдастырылғаны белгілі. Тараз қаласындағы «Достық» үйінде өткен айтулы шара барысында елімізге белгілі иллюстратор-суретші Аңсаған Мұстафаның туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Біз осы сәтті қалт жібермей, өнер иесімен сыр-сұхбат құрған едік.

 

– Аңсаған ханым, талайлы Тараз шаһарына қош келіпсіз! Қателеспесем, осыдан үш жыл бұрын Қазақ хандығының 550 жылдығында да өңірімізге келіп, жеке көрмеңізді өткіздіңіз. Қаладан қандай өзгерістерді байқадыңыз?
– Қазақылықтың қаймағы бұзыл­маған, ықылым замандардан атадан балаға жалғасып келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымыз берік сақталған Тараз қаласы маған туған жерімдей ыстық. Жеке көрмемді өткізіп, еліміздің бірқатар облыстарында болдым. Бірақ, қасиетті Әулиеата өңірі сыйлаған әсерді ешбір қаладан сезіне алмадым. Маған солай көрінді ме, әйтеуір қаланың қай көшесімен жүрсеңіз де ұлттық болмысымыздың исі аңқып тұрады. Бір ғана құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан «Март» ойын-сауық орталығын мысал ретінде алсақ жеткілікті. Қазақы ою-өрнектермен безендірілген ғимарат көздің жауын алады. Жасыл желекке оранған шаһардың тазалығы да таңдай қақтырады. Таразда бірнеше күн болып кеткен қонақтардың еліне барған соң мұндағы тұрғындардың қонақжайлылығын, даладай дархан көңілін, баладай ақ пейілін талайға дейін ұмыта алмай, аңсап жүретіні сөзсіз. Адамдардың ыстық ықыласы, тамылжыған табиғаты жаныңды жылытады.
Ел мерейін өсіріп, мәртебемізді асқақтатқан хандықтың тойынан бері қала сәулетінде үлкен өзгерістер орын алған екен. Самаладай жарқыраған көшелер, сәні кірген саябақтар, жанданған тұрғын үй құрылысы, бәрі-бәрі қаланың ажарын ашып, көркін кіргізген. Бір сөзбен айтқанда, өңір тұрғындарының жайлы тұрмыс кешуі жолында жасалып жатқан игі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба берсін дегім келеді.
– Әдетте ұзақ жылдық тәжірибесі бар кәсіби суретшілердің өзі тек белгілі бір ортада ғана мойындалғаны болмаса, республика деңгейінде есімі көп атала бермейді. Ал, сіздің аз ғана жылдың ішінде үлкен танымалдылыққа ие болуыңыздың сыры неде?
– Алғаш рет 2010 жылы «Facebook» желісіне тіркелдім. Қарап отырсам, ақындар өз өлеңін, кинорежиссерлер өз туындыларын желіге жүктеп, көптің талқысына салуда. Сонымен «Неге өз жұмыстарымды салып отырмасқа?» деген ой келді. Сол оймен өз еңбектерімді желіге жүктей бастадым. Әсіресе, қоғамдағы түрлі әлеуметтік мәселелер бейнеленген суреттерім көптің қолдауына ие болды. Ә дегеннен-ақ көпшілік қызу талқылап, мақтау сөздерді жарыса жазып жатты. Сәйгүлік те қиқуға қиқу қосылса шабысын үдете түседі емес пе? Сол секілді еңбегімді бағалап айтылған жылы пікірлер шабыттандыра түсіп, бұрынғыдан да көбірек сурет сала бастадым. Арада уақыт өте келе, еліміздің түкпір-түкпіріндегі достарым көрме өткізіп кетуге арнайы шақыра бастады. Міне, уақытымды текке өткізбей «Facebook» желісін тиімді пайдаланғанымның нәтижесінде және жанашыр достарымның риясыз пейілінің арқасында азды-көпті танымалдылыққа ие болдым.
– Еңбектеріңізде телефонға тәуелділік, отбасылық кикілжің, ұрпақ тәрбиесі сынды бүгінгі қоғамның шынайы бет-бейнесі көрсетілген. Жалпы, идеяны қайдан аласыз?
– Осыдан бірнеше жыл бұрын Қызылордада көрме өткіздім. Көрмені тамашалауға келген Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев көрмені аралап көріп, оң бағасын берді. Өзіне ұнаған суреттер жайында айта келіп, «Байқасаңыз, қазір жатырмын деген сөзді көп еститін болдық. Жұмыс іздейін деп жатырмын, барайын деп жатырмын, жолда келе жатырмын деп жалғасып кете береді. Осы жайында бір сурет салып шығуға болатын секілді» деп идея тастады. Кейін идеяны санамда әбден пісіріп, сурет салып шықтым. Осылайша көбіне идеяны айналамдағы адамдар айтып жатады.
– Суреттеріңіз сатылымға шыға ма? Коммерциялық құпия болмаса бағасын білсек…
– Әрине, сатып алушылар табылып жатса қуана-қуана сатар едім. Бірақ, осы күнге дейін сатып алуға ешкім қызығушылық танытпады. Бағасына келер болсақ, қайбір жылы көрме өткізгенде бір суреттің бағасы 100 долларға бағаланған болатын.
– Яғни, бұл кәсібіңіз арқылы ешқандай табыс тауып отырған жоқсыз. Уақытым текке кетіп жатыр деп ойламайсыз ба?
– Егер білсеңіз «Мамам мені өлтіретін шығар» деген еңбегім бар. Бір күні бейтаныс бір келіншек «Facebook» желісі арқылы жаңа туған нәрестенің суретін жіберіп, «Бұл баланың кіндік шешесі сіз» деп хабарлама жазып жіберіпті. Алғашында түсіне алмадым. Сөйтіп, әлгі келіншекпен танысып-білісіп, ашылып әңгімелесе бастадық. Айтуынша, отбасында үлкен дау-дамай туындап, күйеуімен ажырасып кеткен. Ал, ішіне бала біткенін кейін бір-ақ біледі. Амал жоқ, алдырып тастауға шешім қабылдайды. Дәрігерге ертең барамын деп отырған күні ғаламтордан «Мамам мені өлтіретін шығар» деген суретімді көріп қалады. Суретті көргеннен кейін жандүниесі астаң-кестең болып, сең соққан балықтай күй кешкен келіншек әуелгі шешімінен табанда бас тартады. Осы жайды баян еткен келіншек ыстық ықыласын білдіріп, алғысын жаудырған. Мұнан кейін де осы тектес оқиғалар орын алып, осы күнге дейін бірнеше қазақстандық азамат, азаматшалардың кіндік шешесі болып үлгердім.
Рас, кейде сіз айтқандай барлығына қолды бір сілтеп, негізгі жұмысыма басымдық бергім-ақ келеді. Дегенмен, сурет арқылы әлдекімдердің өмірінің оң арнаға бұрылуына ықпал ете алып жатқанымды ойласам, бойыма қайта күш-қуат біткендей болады.
– Дейтұрғанмен, соңғы кездері сурет салуды сиреткен секілдісіз?
– Себебі, бірнеше жылдан бері ұлттық нақыштағы футболкалар, толстовкалар дайындап жатырмыз. Өзіміздің шағын цехымыз бар. Бірнеше адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз. Сондықтан да, уақытымның көп бөлігі цехта өтіп, қарбалас жұмыстармен сурет салуға мұрша болмай жатады. Алайда, қайда жүрсем де түрлі идеяларды ойластырып, санамда алдағы уақытта салынатын суреттің нобайын дайындап жүремін. Мүмкіндік болған жағдайда салып тастауға тырысамын. Сондықтан, сиреткенім рас, бірақ мүлдем қол үзген жоқпын.
– Демек, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойында туған идеяңыз жемісін беріп қана қоймай, бүгінде кәсіп ретінде дөңгелетіп отырсыз ғой…
– Рас, алғашында ұлттық нақыштағы футболкаларға байланысты нақты жоспарым болған жоқ. Отандық телеарналардан, баспасөз беттерінен Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланатынын естігенде суретші ретінде қандай үлес қоса аламын деген ой туды. Сонымен ойлана келе, желіге ұлттық нақыштағы футболканың сызбасын жүктеп «Егер 550 лайктан асса, осындай қазақы футболканың 55 түрін саламын» деп жаздым. Көрсеткіш мыңнан асып жығылды. Ғаламтордағы белсенді достарым пікірлерін, ұсыныстарын ортаға салды. Осылайша бел буа іске кірісіп, жарты жыл бойы сурет салдым. Мейлінше жұмысым арқылы ұлтымыздың ұлы тұлғаларын, халқымызбен біте қайнасқан салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызды танытуға барымды салдым. Дайындаған өнімдерім хандықтың тойына байланысты еліміздің әр аймағында өткізілген шараларда кеңінен пайдаланылды.
Ең бастысы ақша қуып емес, жастарымызды ұлттық рухта тәрбиелеуге аз да болсын үлесімді қоспақ ниетте қазіргі таңда да кәсібімізді жалғастырып жатырмыз.
– Білуімізше, сіздің идеяңыз негізінде ұлттық нақыштағы футболкаңыздың жалған көшірмесін жасайтындар көбейген. Тосқауыл қоя алдыңыз ба?
– Алғашында жалған көшірме Қытайдан дайындалып келіп жатыр деген ой келген. Кейін анықтағанымыздай, ешқандай да қытайлық емес, өзіміздің отандастарымыз екен. Жарты жылға жуық уақытымды сарп етіп, табанымнан таусылып алаяқтарды іздедім. Тіпті, футболкаларым сатылып жатқан Бішкектің базарларына дейін бардым. Бірақ, еш нәтиже шықпады.
– Суретші ретінде ел өміріндегі елеулі оқиғаларда белсенділігіңізді танытып, үн қосып отырасыз. Өзіңізге де мәлім, Елбасымыз биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялайтынын айтты. Бұл ретте қандай идеяларыңыз бар?
– Шыны керек, бұл туралы мүлдем ойламаған екенмін. Алғаш рет сіз ой тастап отырсыз. Алдағы уақытта қаперге ала жүретін болдым. Жастарымыздың бойына жігер сыйлаған «Жастар жылында» өзімше үлесімді қосып, қалыс қалмауға тырысамын.
– Аудиторияңыздың басым бөлігі жастар. Жалпы, «Жастар жылы» қандай жұмыстар атқарылуы керек деп ойлайсыз?
– Әрине, еліміздің ертеңгі болашағына баланып отырған жастарды қолдау мақсатында мемлекет тарапынан атқарылып жатқан нәтижелі жұмыстар аз емес. Жастарға қатысты шешімін таппаған мәселе де көп. Сондықтан, «Жастар жылы» ең алдымен жастарды баспанамен қамтуға басымдық берілсе екен деп ойлаймын. Көппәтерлі жатақханалар салынса нұр үстіне нұр болар еді. Баспанасы бар, көңілі тоқ жастардан үлкен нәтиже күтуге болады. Жалпы, келесі жылы жастарымызды келелі өзгерістер, жағымды жаңалықтар күтіп тұр деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР