«SURET DESIGN» – өміршең өнердегі заманауи көзқарас

0 13

Қоршаған ортада, қоғамда, таңажайып табиғат әлемінде, тіпті әрбір адам баласының түр-тұлға, болмысында сөзбен айтып жеткізе алмайтын құбылыстар мен элементтер болады. Мұндай жағдайда сурет өнері сөйлейді. Бүгінгі таңда дамыған елдерде өнердің бұл түріне деген қызығушылық өте зор. Қолдау да жоғары. Оған қоса нақты уақытта жаһандық суретшілер арасында арт жанрына ерекше мән берілуде.  Десек те ендігі таңда бейнелеу өнерінің қыр-сырын әлемдік қылқалам шеберлерінен қалыспай меңгеру тараздықтар үшін де қолжетпес дүние емес. Себебі жуырда жас та болса өз ісін жетік білетін тараздық Ақбота Мамбеталиева өзі туып-өскен өлкеде бұрын-соңды болмаған «Suret Design» арт мектебін ашып отыр.

Қазақы қылқалам шежіресінде Қастеевтерден кейін де қаншама суретші ғұмыр кешті. Десек те көпшілік олардың әрқайсысын жыға тани бермейтіні жасырын емес. Себебі сананы тұрмыс, заманды нарық билеген бүгінгідей алмағайып уақытта өнердің осы түрі қоғам назарынан тыс қалып келе жатыр. Ал жүйесін тапқан жаһандық дамыған алпауыт елдер сурет туындыларынан да толағай табыс тауып отыр. Себебі онда түрлі аукциондар, ақылы көрмелер күнделікті тіршіліктің ажырамас бөлігіне, кәсіптің көзіне айналған. Әйтпегенде бейнелеу өнеріне деген қызығушылық пен сұраныс бізде де жоқ емес. Осыны ескерген Тараздың тумасы Ақбота Мамбеталиева шетелдің шеберлерінен сурет өнері бойынша мол тәжірибе жинап, өзі де кәсіби бағытта тараздық таланттардың басын бір арнаға тоғыстырып отыр.
– Бізде бір күндік мастер-кластары да қамтылған. Сурет салуды нөлден бастап үйретеміз. Алдын ала зерделеп, Тараз қаласында бүгінге дейін осындай бағыттағы сурет мектебі жоқ екенін байқадым. Содан неге жасап көрмеске деген ой келді. Сұрастыра келе, қалада бейнелеу өнеріне қызығатындар көп екенін көрдім. Мектепте жас ерекшелігі жоқ. Жеті жастан жетпіс жасқа дейінгі зейнеткерлеріміз де келе алады. Қазірдің өзінде бізде зейнеткерлер баршылық. Тағы бір айта кетерлігі, мұндағы арт деген сөз тек қана суретке арналмаған. Өнерге жалпылама қатысты ұғым. Сондықтан қазірден бастап тігін курстарын қосып жатырмын. Сазбалшықпен бұйымдар жасау да болады. Мұнда көбіне мен жаңа техникаларды үйретемін, – деген Ақбота 1997 жылы шаһарда дүниеге келіп, Жамбыл ауданының Аса ауылындағы Жеңістің отыз жылдығы атындағы мектепте қара таныған күннен бастап сурет салуды мақсат еткен. Өнердің басқа түрлерінен де кенде емес.
– Кішкентай кезімнен өнерге жақын болып өстім. Үшінші сыныптан бастап Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық мектепте оқып, алты жыл домбыраның қыр-сырын жетік меңгердім. Сол секілді жас күнімнен суретке деген қызығушылығым жоғары болды. Әр түрлі деңгейдегі бейнелеу өнері байқауларына қатыстым. Кейінірек ҚазҰУ-ге оқуға түскеннен кейін суретке деген талпынысым арта түсті. Тоқтамай сурет салып, көптеген курстарға қатыстым. 2020 жылы оқуымды бітіріп, Таразға оралған бойда Тараз шаһарында сурет өнерін жандандыруды мақсат еттім. Осылайша алғаш рет қараша айында істі бастадым. Халық өзінен-өзі жинала түсті. Қазіргі таңда 200-ге жуық адам бізден сурет сырын меңгеріп, өздерінің картиналарын салып үлгерді. Бірнеше рет қайта келген адамдар да бар. Бізден үйреніп, аз уақытта өздері де табыс тауып жатқандар жоқ емес. Ал осы мектебімізді қала орталығына жақын мекенжайдан 8 мамыр күні аштық. Соның өзінде оншақты оқушымыз бірнеше мастер класта білім алуда. Жанымда өзімнен бөлек тігін саласы мен сәулет, дизайн бойынша сабақ жүргізетін әріптестерім бар. Қаламыз «қызыл аймақта» болғандықтан ашылу салтанаты кең ауқымда өткен жоқ. Болашақта үлкен көлемдегі өнер мектебіне айналдырғым келеді. Өнерге қатысты білім мен тәжірибенің барлығын осы бір арнаға тоғыстыру – басты мақсатым. Яғни суретпен ғана емес, сәнді, музыканы да қосу жоспарда. Сондай-ақ тек облыс орталығымен ғана шектеліп қалмай, барлық аудандарды қамтығым келеді. Маркетинг жағынан тәжірибем болғандықтан істі өзім жүргізудемін, – дейді Ақбота.
Қатысушылар бұл мектепте қаламмен сурет салудан бастап Resin Art, текстуралық пастамен 3D әсер беретін көлемді картиналар жасауды да меңгеруде. Өз кезегінде бұл жазғы демалысқа енді ғана шыққан мектеп оқушылары үшін де бос уақытты тиімді пайдалануға арналған таптырмас шығармашылық шеберханасы деп айтсақ артық болмас. Тіпті бала тәрбиесімен үйде отырған аналар тарапынан да сұраныс жоғары.
– Бала күнімнен бейнелеу өнеріне қызығушылығым басым болды. Бірақ сурет мектебіне алғаш рет келуім. Оқыған мамандығым заңгер. Өз салам бойынша жұмыс жасап келемін. Қазіргі таңда баламен уақытша үйде отырғандықтан әлеуметтік желілерден осы мектеп жайлы естіп, өзімнің қабілетімді байқап көргім келді. Қазіргі таңда суретті қай қырынан бастау керек екенін, сан түрлі бояудың сырларын меңгеріп жатырмын. Мұнда шығармашылық адамдар еркін форматта үйретуде. Қосымша дизайнды да меңгергім келеді. Қазір аптасына үш-төрт мәрте келіп жүрмін. Ал тез үйренгісі келетіндер жиі келеді, – дейді қала тұрғыны Жанерке Сағынтайқызы.

«Бәрі суретті түсінуге тырысады. Неге олар құстардың үнін ұғуға тырыспайды?!» деп әйгілі Пабло Пикассо айтқандай, құстың тілін, уақыттың жүрісін, жауынның биін, дауылдың шабысын көкірек көзімен көре білетін суретшілер үшін бүгінде шығармашылықтың ауқымы кең-ақ. Тек талап пен талпыныс болса болғаны.
Осы ретте өзінің табиғи талантын табыс көзіне айналдырып, өзі секілді замандастарының, өзінен кейінгі һәм өзіне дейінгі буынның сурет салуға деген құштарлығын оятып, қызығушылығын арттырып, білгенімен бөлісіп отырған Ақботаға шалқар шабыт, шығармашылықтың шыңын тіледік.

Н.Серікханұлы

Leave A Reply

Your email address will not be published.