Sport

Сұрмергендер сүрінген сәт

құрамалар әр кездесуде жан алысып, жан берісуде. Мұндай сәтте сұрмергендер мүлт кетіп, алыптар жүрісінен жаңылып жатуы да жаңалық емес. Сонымен плей-офф біз күтпеген қандай «тосын сыйлармен» таңғалдыруда?

1/8 финалдық кездесулердің ең алғашқысы азулы Франция мен Аргентина құрамаларының арасында өтті. Соңғы Еуропа чемпионатының финалисі мен соңғы Әлем чемпионатының ақтық айналымында күш сынасқан құрамалар арасындағы кездесу ашық айқаста өрбіді. Кездесудің алғашқы минутында Мбаппеге қарсы бұзылған ойын тәртібіне белгіленген 11 метрлік айып добын Гризман сауатты орындай білді. Осылайша, есепті француздар бірінші болып ашқанымен Месси бастаған аргентиналықтар сәт сайын қауіпті соққыларын қақпаға бағыттаумен болды. Осындай ұрымтал сәттердің бірінде Ди Мария таразы басын теңестірді. Тіпті, артынша Месси тағы бір голды Франция қақпасында тулатып, талайды таңғалдырды. Осы екінші гол Аргентина үшін үміт отын қайта жақты. Десе де, 19 жасында Әлем чемпионатында үш гол салып үлгерген Килиан Мбаппе француздар үшін екінші голды соғып, құрамасына басымдықты қайта бұрды. Осыдан кейін сарапшылар болжағандай Аргентинаның ойынынан береке кетті.

Жанкүйерлер үшін бір Месси ғана алаңда ойнап жүргендей көрінді. Олай дейтініміз, барлық шабуылдар Лионель арқылы өрбігендіктен, қорғаушылар оның адымын аштырмай жатты. Нәтижесінде, есепті екінші таймда 4:2-ге жеткізген француздар, тоқсан минут түгесілер тұста босаңсыды. Осыны сәтті пайдаланған Аргентина есеп айырмасын бір допқа қысқартқанымен, бәрібір Әлем чемпионатымен қош айтысты. Енді Месси бастаған жігіттер Мундиальдің қалған бөлігін мұхиттың арғы бетінде теледидар арқылы тамашалайды.
Француздардың ширек финалдағы қарсыласы Уругвай-Португалия арасындағы ойында анықталды. Бұл жекпе-жекте де уругвайлықтардың сұрмергені Эдинсон Кавани екі гол соғып, құрамасын құрлықтық бәсекенің келесі кезеңіне шығарды. Ал, Португалия қорғаушысы Пепенің бұрыштамадан соққан жалғыз голы Еуропа чемпиондарын ширек финалға шығара алмады. Қазір Аргентина мен Португалияның Әлем чемпионатымен қош айтысқанын емес, Месси мен Криштиану арасындағы текетірес тоқтағанын басылымдар жарыса жазуда. Соңғы 10 жыл ішінде «Алтын допты» кезек-кезек алып, жанкүйерлерді де, футболшыларды да жалықтыра бастаған Роналду мен Лео арасындағы бәсеке осы мундиальда аяқталды. Ширек финалдық жолдаманың бірі – алаң иелері Ресей құрамасына бұйырды. Плей-оффта азулы Испаниямен тең ойнаған ресейліктер пенальтиде 3:4 есебімен басым түсті. Осылайша, турнир басынан сенсация жасап келген көршілеріміз тағы айды аспаннан шығарып, тарихында тұңғыш рет ¼ финалдық кезеңге шықты. Бұл сөз жоқ, Ресей футболы үшін толайым табыс.

Ал, Мексика аяқдопшыларын сүріндірген азулы Бразилия құрамасының келесі кезеңдегі қарсыласы Бельгия-Жапония арасындағы матчта анықталды. Тартысты өткен бұл ойында бельгиялықтар әупірімдеп жүріп жеңіске жетті. Енді ¼ финалда Бразилия мен Бельгия құрамалары өзара кіл мықтыны анықтайтын болады.

Келесі мачта Швеция Швейцарияны жарыс жолынан шығарды. Ойындағы жалғыз голды 63 минутта Эмиль Форсберг соқты. 1/8 финалдағы соңғы ойында Колумбия мен Англия құрамалары кездесті. Негізгі уақытта 1:1 есебімен тең ойнап, қосымша уақытта да бір-біріне басымдығын байқата алмады. Қос команда арасындағы жеңімпаз пенальти сериясы арқылы анықталды. Нәтижесінде ағылшындар жеңіске жетіп, ширек финалда Швеция құрамасына қарсылас атанды. Осылайша, футболдан әлем чемпионатының ширек финалына шыққан барлық құрама белгілі болды.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР