Uncategorized

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жазғы мектебі өтті

Written by Aray2005

Таразда Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті және «Transparency Kazakhstan» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жазғы мектебі өтті.

Ашылу барысында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова, «Transparency Kazakhstan» қоғамдық қорының директоры Ольга Шиян, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Равиль Төлебаев құттықтау сөзін айтып, жазғы мектеп қатысушыларына шараның маңыздылығы туралы айтып өтті.

Іс-шараның мақсаты сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне «мүлдем төзбеушілік» ахуалын қалыптастыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа бүкіл қоғамды тарту болып табылады.
Жазғы мектептің жұмысына мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері, құқық қорғау органдары, үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері, кәсіпкерлер, заңгерлер, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, ЖОО-ның профессорлық-оқытушылар құрамы және жастар қатысты.

Шара барысында Ольга Шиян сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық және Қазақстандық жүйенің айырмашылығы туралы айтты. Сонымен қатар Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Нұр-Сұлтан қаласындағы офисінің экономика және қоршаған ортаны қорғау бағдарламалары жөніндегі ұлттық үйлестіруші – Ерлен Бадыхан мен «Zertteu Research Institute» қоғамдық қорының менеджері – Ғалымжан Оразымбет қатысушыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте азаматтық қоғамның атқаратын маңызды орны туралы айтып өтті.

Оқыту барысында қатысушыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі халықаралық тәжірибесі, қазақстандық сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қолданбалы құралдар мен қадамдық ұсынымдары, тиімді сыбайлас жемқорлыққа қарсы ынтымақтастықтың нақты мысалдары, сыбайлас жемқорлықтың теріс әсерін жою үшін пайдалануға болатын стратегиялар туралы толық ақпараттар беріліп және адалдық пен парасаттылық қағидалары айтылды.

Іс-шара соңында қатысушылардың көкейіндегі сұрақтарына нақты жауаптар беріліп, тыңдаушыларға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жазғы мектебінде оқығаны туралы сертификаттар табысталды.

ПІКІР