Жамбыл жаңалықтары

Сыбайластықтың көшін қай сала бастап тұр?

Written by Aray2005

Облыс әкімдігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Онда комиссияның былтыр және жыл басынан бері атқарған жұмысының қорытындысы сараланды. Қорытынды көрсеткіштер сыбайлас жемқорлық қоғам мен мемлекет үшін әлі де елеулі мәселе болып отырғандығын айғақтай түскендей.

– 2019 жылы облыс бойынша сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін 33 лауазымды тұлға сотталса, олардың басым бөлігі білім саласында қызмет етеді. Басқа салалардан да сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы бұзушылар бар. Ең көп фактілер Тараз қаласында, Шу, Байзақ, Жуалы және Меркі аудандарында орын алған, – деп атап өтті облыс әкімі.
Өзекті тақырып бойынша толық ақпаратты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев баяндады.
Департамент басшысы еңбек және сыбайлас жемқорлық заңнамасының орындалуы бойынша мониторинг барысында қызықты фактілер анықталғандығын айтты. Мысалы сыбайлас жемқорлық әрекеттері бойынша жауапкершілікке тартылған мемлекеттік органдар мен кәсіпорындардағы 9 лауазымды тұлға бүгінге дейін басшылық қызметтерін жалғастырып келген. Тек сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің араласуынан кейін ғана олар өз жұмыстарынан шеттетілген.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы тұру мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тапсырмасы бойынша «Ашық бюджеттің интерактивті картасы», «Бизнесті және инвестицияларды қорғау» сияқты жобалар іске асырылуда. Қазіргі уақытта облыс, қала, аудан әкімдіктерінің басқармалары мен бөлімдеріне қарасты 900 ұйым өз бюджеттері туралы ақпаратты жариялады.
– Өткен жылдың қорытындысы бойынша департамент сотқа сыбайлас жемқорлық жасаған 70 істі жолдаса, 90 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстарынан келтірілген шығын көлемі 1,2 миллиард теңгені құрап, 930 миллион теңге мемлекетке қайтарылды. Шағын және орта бизнес қызметіне араласуға, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға бөлінген қаражатты жымқыруға қатысты қылмыстардың саны артқан, – деп атап өтті Ә.Әшірбаев.
Анықталғандай мемлекеттік құрылымдар арасында жергілікті атқарушы органдар сыбайлас жемқорлыққа аса бейім. Әсіресе білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, ауыл шаруашылығы, құрылыс, энергетика және ТКШ салаларында заңбұзушылыққа жиі жол берілуде. Сонымен қатар жиында құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қатысты өткен жылы 29 қылмыстық іс қозғалғандығы да айтылды.
Ағымдағы жылдың үш айында сотқа жолданған сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстық істердің саны 27-ге жетсе, осы бөлік бойынша 28 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Баяндамашы облыс көлемінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2020 жылға арналған кешенді жоспарды іске асыруға байланысты бірқатар ұсыныстарын да ортаға салды.
Жиынды қорытындылай келе Бердібек Сапарбаев ағымдағы жылдың бірінші тоқсанындағы сыбайлас жемқорлық көріністерінің себептерін егжей-тегжейлі талдау және нақты іс-қимыл бағдарламасын әзірлеу қажеттігін атап өтті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жүйелі, кешенді шаралар қажет. Өңір басшысының айтуынша, бұл істе өз қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының отставкасы бойынша түзетулер енгізілген заңнама айрықша негізге алынуы тиіс.
Жергілікті атқарушы органдар халық үшін ашық және қолжетімді болуға міндетті. Осыған байланысты аудандық әкімдіктерге 1 шілдеге дейін Тараз қаласы, Меркі және Талас аудандарының әкімдіктері сияқты сервистік режимге көшу жөнінде тапсырма берілді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР