"Дін"

Сылтау айтып, сауаптан құр қалма!

Written by Aray2005

Рамазан айы жаз мезгіліне түскен кез еді. Күн көкжиектен көтерілісімен ысып, түскі уақытқа жақындамай жатып аптап қапырық қысатын. Сондай күндердің бірінде орталықтан тысқарыда орналасқан ауылдағы қариямен сұхбат­тасуға жолға шыққанбыз. Ниетіміз – өз ауласынан жылыжай салуды қолға алған қарияның ісін көпке үлгі етіп, мақала жазбақшымыз.

Біз ауылға жеткенде түскі мезгіл жақындап, күннің ысуы да бұрынғысынан бетер күшейді. Іздеп барған ақсақалды үйінен таптық. Салғалы жатқан жылы­жайы­ның орнын жалғыз өзі қол күрек­пен қазып жүр екен. Амандық-саулық сұрасқан соң, сапарымыздың мақсатын түсіндірдік. Жылы жымиып, байыппен сөйлейтін атайдың жүзінен мейірім еседі. Бізбен әңгімелесе тұрып, жұмысын жалғастыра берді. Төбені тесер ыстыққа біз шыдай алмай салқын үйге кіргенше асығып тұрмыз. Ал атайдың жүзінен ондай ештеңе байқалмайды. Сондай сабырлы. Маңдайынан төгілген терін қолорамалымен сүртіп тастап, күрегіне бар күшін сала топырақты қаза түседі. Сірә, біздің аптапқа шыдамай мазасызданғанымызды аңғарса керек:
– Балалар, үйге кіре беріңдер, мен қазір мына ісімді сәл оңтайлап алайын, сосын барамын. Үйде апаларың бар, шай қойып жатқан болар. Шөлдеген де шығарсыңдар, – деді. Күткеніміз де осы еді, қуанып кеттік. Атай жұмысын жалғастырып, күн астында қала берді.
Біраздан соң дастарқан басына келген қария:
– Менімен сұхбаттасу үшін күннің ыстығына қарамай келіпсіңдер, ал шай ішіп, шөл басыңдар. Маған қарайламаңдар, ауыз бекітіп едім, –
деп дастарқандағы нанды турады.
– Мынандай қапырықта күні бойы ауыз бекітіп, қол еңбекпен айналысқан қиын емес пе? – дегеніме сабырлы жүзбен жымиған атай:
– Сабыр сақтасаң, кез келген қиындықты жеңуге болады. Және бұл ораза – Алланың бұйрығы. Сендер міне, бастықтарыңның бұйрығын орындау үшін жолдың алыстығына, күннің ыстығына қарамай, қызған темір көлікте сонша сағат отырып келдіңдер. Не үшін? Сендерге жұмыс, айлық беріп отырған бастықтарыңның тапсырмасын орындау үшін. Ал Алла бізге тек сол табыс көзін ғана емес, мына жарық дүниені көрсетіп, он екі мүшеңді сау етіп, емін-еркін қимылдап, қажетіңді орындауға денсаулық берді. Ақыл-сана беріп, басқа тіршілік иелерінен жоғары етті. Ата-анаңды аман, бауырыңды бүтін, еліңе тыныштық, басыңа бейбіт заман бұйыртты. Өмір сүруіңе не қажеттің бәрін берді. Ішер ас, киер киім, түнер баспанадан да кенде еткен жоқ. Осының бәрін берген жалғыз Раббының бұйрығын неге орындамасқа? Бастығыңның бұйрығын орындамай көрші, жазасыз қалмайсың. Ал Алланың кеңдігі сондай, қаншама пенделері бұйрығын орындамаса да бірден жазаға тартпай, иманын күшейтіп, ақылға келуіне мүмкіндіктерді көрсете түседі. Күннің ыстығы да, жұмыстың ауырлығы да Жаратушымның разылығының қасында түк те емес. Нәпсінің тілеуі Жарылқаушы Иемнің талабынан күшті емес. Бұл дүниедегі қиындықтардың бәрі де уақытша ғана сынақ. Сабыр сақтасаң, мол сауапқа кенелесің. Әлдекім жұмысқа орналастырса немесе қандай да бір сыйлық жасап, құрмет көрсетсе, оның көңілін қалдырмау үшін бәрін жасауға дайын боламыз. Ал бізге бәрін берген Алланың разылығы үшін нәпсіңе тойтарыс жасап, сабыр ету соншалық қиын ба? – деп байсалды қалпынан танбай, бәйбішесі құйған шайды қол жалғап бізге ұсынды.
Қарттық адам бойындағы әл-қуатты кемітеді демей ме, алайда бізге сабырдың үлгісін көрсеткен атайдан қайраттылықты көрдік. Иманы күшті адамды ештеңе де құлата алмайды екен. Біразымыз тепсе темір үзетін жаста болсақ та түрлі сылтаумен шөлден, аштықтан, әлсіреуден қорқып, берекелі айдың құтынан құр қалып жүрміз. Анығында ашығу, шөлдеу, ұйқы – нәпсі ғана. Осылардың көлеңкесінде қалған жүрегіміздің иманға шөліркеуін сезіне алмай жүрген сыңайлымыз. Жаратқан Иеміздің мол сауабына кенелер айда нәпсіден тиылып, иман жиып, рухани азық алуға не кедергі?

Қамар Қарасаева

ПІКІР