Сындарлы сәтте БАҚ өкілдері халыққа қажетті ақпарат таратуы тиіс

0 2

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшілерімен және республикалық басылымдардың меншікті тілшілерімен кездесті. Басқосуда әлемдік пандемия әңгіме арқауына айналып, өңір басшысы ақпарат саласының мамандарын халықты ақпараттандыру мен түсіндіру бағытында жұдырықша жұмылуға шақырды.

– Қазір өңірде ғана емес, еліміздегі басты мәселе – коронавирус індеті болып тұр. Бұл тұрғыда облыста орын алған жағдай қалыпты. Осы таңға дейін дерт жұқтырған 45 адам тіркелсе, оның 11-і сырт елден келген. Сондай-ақ Дели-Тараз бағытындағы ұшақтан да 6 инфекция жұқтырған адам анықталды. Дертке шалдыққандармен байланыста болғандардың барлығы карантинге алынып, жағдайлары жіті бақылауда. Бұйыртса бірер күнде карантинге алынғандар арасында жазылып шыққандарды ауруханадан шығарғалы отырмыз. Дегенмен, қанша сақтық шараларын ұстануға халықты шақырсақ та қала ішінде қатынаған көліктер мен адамдардың саны азаймай тұр. Сол себепті қауіпті кеселдің алдын алу үшін тұтас облысты карантинге жабу туралы шешім қабылдадық. Әрине, бұл экономикамызға өзінің салқынын тигізері анық. Алайда, тұрғындардың саулығы үшін осындай қадамға барып отырмыз. Бір айта кетерлігі, «Қазфосфат», «Еврохим» сынды үлкен кәсіпорындар өз жұмысын тоқтатпайды. Олар жұмысшыларын арнайы көлікпен өндіріс орнына апарып, кешкісін қайта тұрғылықты жеріне жеткізіп салуға міндеттеліп отыр. Сондай- ақ қоғамдық көліктер мен такси қызметінің де жұмысы реттеліп, тиісті шектеулер қойылды. Осы жағдайларды бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері халыққа жіті түсіндіруі керек. Сол себепті сіздердің бүгін бастарыңызды қосып отырмын, – деді облыс әкімі.

Шындығында коронавирус пандемиясы Қазақстанның ғана емес, әлем елдерінің экономикасына ауыр соққы болып отыр. Бір қырынан мемлекет тұрғындарының денсаулығын ойласа, екінші жағынан әлеуметті және экономикалық қиындықтар қос бүйірден қысуда. Осы орайда Үкімет айлық жалақысыз қалған тұрғындарды қолдау, кәсіпкерлерді демеу және алдыңғы шептен табылып жүрген дәрігерлерді ынталандыру жұмыстарына баса көңіл бөлуде. Бұл бағыттағы жұмыстар облыста да жүйелі қолға алынуда.

– Ең алдымен жасы үлкен адамдардың үйінде отыруы, тек қажеттілік туындағанда ғана көшеге шығу сынды шектеулер қойылды. Алайда, коронавирус жұқтырғандардың санының күрт өсуі Қордай ауданында сақтық шаларын күшейтуді, кейіннен Тараз қаласына карантин режимін енгізуді, енді міне облыс көлемінде карантин жариялауға әкелді.

Карантинге дейін тұрғындарға облыс шеңберінен шығуға және сыртта жүргендерге Тараз қаласына оралуға мүмкіндік берілді. Бұл халықтың саулығы үшін жасалған шара екенін бұқара түсінуі керек. Бірер апта үйде болып, мүмкіндігінше оқшауланса, өңір тұрғындарының өздері үшін пайдалы. Жағдай тұрақталған бойда барлық шектеулер алынып тасталатын болады, – деген облыс әкімі одан әрі жұдырықша жұмылсақ қана індетті жеңетінімізді тілге тиек етті.

– Бәріміз бірге болсақ қана індетті жеңеміз. Мемлекет бүгінгі дағдарыспен күресу үшін қазынадан 10 миллиард доллар қаржы бөлді. Осы қаржыны біз мақсатты жұмсап, өңір экономикасымен тікелей байланыстағы негізгі салалардың жұмысын тоқтатпауымыз керек. Тұрғындарға төтенше жағдай кезінде қолдау білдіру үшін белгіленген барлық әлеуметтік төлемдер төленеді. Дәл қазір ең бірінші көктемгі дала жұмыстарына көңіл бөлгеніміз абзал. Егер науқанда көп егін ексек, ертең соның қызығын көреміз. Одан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жамбылдықтардың тұрмыстық табысын жақсартуға бағытталған пилоттық жоба мен шағын және орта бизнес субъектілері туралы көп жазуы керек.

Мал шаруашылығы да назардан тыс қалмауы тиіс. Еңбек адамдарына жәрдем беру мақсатында алдағы уақытта 3 су қоймасын салып, ағын су мәселесін шешсек деп отырмыз. Одан бөлек интернет пен ұялы байланыс желісі де жолға қойылады.

Қордайдағы жағдай бойынша да заңды шешімдер қабылданады. Сондай-ақ оқиғаның салдарымен күресу жолдарын да журналистер жұртқа дұрыс түсіндіргені абзал.

Қашықтықтан оқытуда да ешкімнен қалыс қалып жатқанымыз жоқ. Бір сөзбен айтқанда, тұрғындардың үйден шықпай, карантиндік режимді сақтауға бар мүмкіншілік жасалды. Енді тек осы талаптарды қатаң ұстану керек, – деген Бердібек Машбекұлы сөз соңында әл-Фарабидің 1150, Абайдың 170 және Жеңістің 75 жылдығы сынды айтулы мерейтойларды да телеарна мен газет арқылы насихаттауға жіті көңіл бөлуді тапсырды. Және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің тек коронавирус тақырыбын қаузай бермей, көпшілікке рухани азық болар ұлттық намыс, жастар тәрбиесі және қызықты дүниелер жазуға шақырды.

Кездесу барысында БАҚ өкілдері материалдық базаны жақсарту, қаламақы төлеу және редакция ғимаратының жалдау ақысына жеңілдік жасау секілді мәселелерді көтеріп, оларға тұшымды жауаптар алды.

Саятхан Сатылғанов

Leave A Reply

Your email address will not be published.