Сыр бүккен сурет шындығы

0 8

Бұдан бірнеше жыл бұрын-ақ «кейбір ауылда соғыс ардагері қалмапты» дегенді естігенде жүрегіміз мұздап сала беруші еді. Ал биыл Жеңістің 76 жылдығына Қордай ауданы бойынша үш майдангер ғана аман жетті. Сұрапыл соғыс өртін белуардан кешіп келгендермен бірге бүтін бір дәуір көшіп барады. Әрқайсысының көкірегі толған қазына еді. Әсіресе Кенен ауылында тұрған соғыс ардагері, кәріқұлақ, көнекөз қария Мұсақан Құрамысов ақсақалдың айтқан бір әңгімесі әлі күнге жадымнан өшер емес.

Бәкене бойлы, өзі де, сөзі де жылдам, шежірені көп білетін қария бірде аудандық газеттің редакциясына жиегі жемтір-жемтір, сарғайып кеткен бір суретті әкеліп көрсетті. Көрсете отырып, қазақтың сүт бетінде қаймақтарын қынадай қырған сұрқия заманның кесапатынан сыр ақтара бастады. Әңгімелерін бейжай отырып тыңдау мүмкін емес-ті.
– Бұл сонау қанды шеңгелі қысып тұрған әйгілі 37-жылғы сурет. Ворошилов атындағы колхоздың Горно-Никольский жетіжылдық мектебінің оқушылары осы суретке түстік. Бір жылдан соң мектепті бітіріп шыққан алғашқы түлектері де біз болатынбыз, – деп қария бір уақ үнсіз қалды. «Тікенді сайда» өткен бейкүнә балалық шағы көз алдына келген тәрізді. Көне суреттегі жүздерінен әлі балалық табы кетпеген, құлын-тайдай тебісіп өскен парталастарының әрқайсысына емірене көз салып, саусақтарымен аялай сипайды. Айтуынша, суреттегі отыздан аса адамның үшеуінің ғана көзі тірі көрінеді.
– Алдыңғы қатарда отырған бесеуі мұғалімдер еді. Бесінші адамның жүзі суреттен ойылып қалу себебін түсіндірейін, – деп Мұсекең жан күйзелтер бір сырдың шетін шығарды.
«Кінә» суреттегі мұғалім Жұмаш Кеженовтың өзінде де емес, Красногор аупарткомының хатшысы болған ағасында екен. «Халық жауы» атанып, айдалып кеткен оның інісі де көп ұзамай сол қара тізімге ілініпті. Суретті сақтағандардың заманның ыңғайынан үркіп, сақтанған түрі әлгіндей. Сол Жұмашпен бірге сотталған мектеп директоры Сауранбек Қалығұлов та онжылдық мерзімін толық өткеріп келіп, кейіннен ұстаздық жолын жалғастырып, аудандық оқу бөлімінде қызмет етіпті. Бұл суреттің сталиндік жазалау құрығына іліккендерге қатысты бірінші сыры осындай.
Екінші сыры Ұлы Отан соғысымен байланысты. Суреттегі жиырма төрт оқушының он үші әр жылдары майданға аттанған болса, олардың тоғызы аман оралып, ал Бекен Садықов, Саудабай Сыйқымов, Оршабек Шайқыбеков, Айнабек Құлманов қыршынынан қиылды. Он тоғыз жасар Бекеннің әкесі Садық сол жылдары қырықтан жаңа асқан азамат екен. Амал не, өзі де, ұлы да соғыстан оралмады. Бірі Мәскеу түбінде, бірі Сталинград майданында опат болып, бір үйдің шаңырағы ортасына түскен. Ал жалпы Горно-Никольский ауыл кеңесі бойынша екі жүзден аса азамат ел қорғауға аттанған-ды.
Соғыстан оралған кластас тоғыздың өзінен басқасы түгел өмірден өтіпті. Сол кезде бәрінің аруағын әспеттеп жоқтаушысы болып, естелігін жалаулатып жүрген Мұсекең және екі «қыз» ғана бұл суреттің тірі кейіпкерлері екен.
– Үшінші сыр, бұл суреттің Горно-Никольский (Көктөбе) мектебінің алғашқы қарлығаштары екендігі. 1932 жылы мектеп табалдырығын аттағанда мен сегіз жаста екенмін. Енді міне, сексеннің сеңгіріне де көтерілдік, – деп миығынан бір күліп қойды қария.
– Айтпағым бұл да емес, биыл осы мектептің шаңырақ көтергеніне 75 жыл толғалы отыр. Дүркіреп той өткізбесе де жаңа оқу жылы басталған бірінші қыркүйек күні бүгінгі ұрпаққа осыны паш етіп арнайы шара өткізсе. Білім ұясының бастауында тұрған алғашқы түлектерін еске алу, өліге салауат айтып, тіріге құрмет көрсету бүгінгілерге парыз, – деп бізге де сұраулы жүзбен қарады.
Біз де Мұсекеңнің айтқандарына қосылатынымызды білдірген едік сол кезде. Заман қанша өзгеріп, көзқарастар сан құбылып, кейбір жайттар сағымға айналса да жадымыздан ұмытылмауы тиіс қастерлі ұғымдар бар емес пе. Оның бірі – тарих. «Өткенге топырақ шашпа – болашақ алдыңнан тас атар» дегенді ұмытпасақ екен. Шежіре сурет бізге осыны ескертеді.
Әрине, уақыт атты ұлы әмірші алдында бәрі өзгереді. Осы әңгімені бізге жеткізген майдангер қария да қазір өмірде жоқ. Бірақ сурет иесінің аманатына қиянат жасамай, онда бейнеленгендердің аты-жөндерін толық жариялап отырмыз. Әлдекім одан өзінің жақын адамдарын табар. Алдыңғы қатарда (солдан оңға қарай)– мұғалімдер Рахымбай Нүсіпов, Қали Сәрсебаев, Нина Александровна, Кәрім Қалабаев және жүзі суреттен ойып алынған Жұмаш Кеженов; екінші қатарда – Айымжамал Қабылбекова, Бұтан Бәзілов, Елібай Жиенбаев, Мұсақан Құрамысов, Әлдібай Оразымбетов, Жамал Сатығұлова, Айымжамал Лизатова, Жәміш Абданбаева, Мекелай Жартыбаев; үшінші қатарда– Мұратхан Сағымбаев, Оршабек Шайқыбеков, Саудабай Сыйқымов, Мұқатай Мысықбаев, Тоқтасын Бахридинов, Нарынхан Әшімов, Бәти Жеңбаева, Тұртемір Нәшіралиев; төртінші қатарда– Медер Ермеков, Жүнісәлиев (Бішкекте молда болған), Тастанбай Иманқұлов, Жетпісбай Көмеков, Бекен Садықов, Қабылбек Өмірзақов, Мінәш Тұрлыбекова.

Құрманбек ӘЛІМЖАН,
ардагер журналист,
Қордай ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.