Астанаға 20 жыл

Сырлы саздың сайыпқыраны

Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында жартығасырлық тарихы бар Жамбыл облыстық филармониясының ұйымдастыруымен сайыпқыран сазгер, дарынды дирижер, нар тұлға Нұрғиса Тілендиевтің шыңға біткен шынардай шалқар шығармашылығына арналған «Өз елім!» атты кеш өтті.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы ел мәдениетінің маржандарын өскелең ұрпаққа насихаттау негізінде және жауһар қала Астананың 20 жылдығына орай ұйымдастырылған сазды кеште композитордың өмір мен өнердегі текті тұлғасын, табиғи талантын, бекзада болмысын, азаматтық қасиеттері мен қырларын ашып көрсеткен деректі фильм көпшілік назарына ұсынылды.

Ал, шығармашылық концерттің шымылдығы «Ақкербез» би ансамблінің орындауындағы «Шаттық» биімен ашылып, кеш барысында жұртшылықтың сүйіп тыңдайтын рухани қазынасына айналған, әр қазақ баласының жүрегінен ойып тұрып орын алған композитордың баға жетпес лирикалық әндерінің шығу тарихы айтылды.

Табиғатынан тарпаң таланттың тарланы, туған халқы үшін өнер жолында аянбай еңбек еткен, шын дарын иесі Нұрғиса Тілендиевтің классикалық төл шығармалары Ұлы Дала ұрпағы үшін ұлттық рух пен мәуелі мәдениеттің қайнар бұлағы екені ақиқат. Кеш барысында өнер көрсеткен жамбылдық «Алатау» тобы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Анна Вундер, мәдениет саласының үздіктері Оңал Азаматова, Маралбек Бабақұлов, Жанатбек Кәдіров, Торғын Орынбаева, Ғани Мәтебаев, Мәдина Сағынбекова, «Мерей» дуэті мен «Ақкербез» бишілер ансамблі өшпейтін, өлмейтін өнер иесінің өнегесін өскелең ұрпаққа самала сазбен жеткізді.

Тіпті, аңызға айналған «Аққу» күйіне биші Нигора Давранова «Аққу» биін билеп, ерекше әсерге бөленген әнсүйер қауым, әсіресе мектеп оқушылары кеш барысында композитордың туындыларын караоке арқылы қосыла орындап, филармония өнерпаздарына құрмет-қошеметтері мен ыстық ықыластарын жаудырды.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР