Сыртқа шықпай, спортпен шұғылдан!

0 5

Коронавирус індетінің алдын алу мақсатында қолға алынған «Біз біргеміз!» республикалық акциясы аясында облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы «Үйде болып, спортпен шұғылданайық!» атты жобаны жандандырды.

Аталған бастама аясында Рио Паралимпиадасының чемпионы Зульфия Габидуллина, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров, студенттер арасында әлем чемпионы Мейіржан Әшіров, каратэден Азияның екі дүркін жеңімпазы Гузалия Гафурова, қазақ күресінен әлем біріншілігінің жеңімпазы Айбол Айтбек, бокстан бүкіләлемдік әскерилер ойындарының екі дүркін чемпионы Асланбек Шымбергенов, Рио Олимпиадасының қатысушысы Руслан Жапаров сынды жамбылдық жампоздар өңір спортшылары мен тұрғындарды үйде болып, барлық сақтық шараларын сақтауға және әртүрлі дене жаттығуларын жасауға шақыруда.

Аталған спортшылардың жаттығулары облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының www.zhambylsport.kz сайтында және әлеуметтік желілердегі jambylsport парақшаларында көрсетілуде. Осы сілтеме арқылы кез келген жамбылдық мемлекет мақтаныштарынан пайдалы кеңестер алып, толағайлардың жаттығу процесін тамашалай алады. Бұдан бөлек басқарма жуырда тағы бір тың бастаманы көтергелі отыр.

– Біз қазір спортшыларымыздың үйде жаттығуы үшін бір жобаны қарастырудамыз. Ол әрбір спортшының бапкерлері шәкірті үшін уақыт белгілеп, онлайн форматта жаттығу жүргізетін болады. Яғни әдіс-тәсілдерді бапкер онлайн түрінде көрсетіп, оны шәкіртінің мүлтіксіз қайталауын бақылайды. Бұдан бөлек онлайн форматта шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ сынды ойындардан да мамандардың дәріс беруін ұйымдастырсақ деп отырмыз. Әзірге бұл жобамыз жан-жақты пысықталу үстінде. Алайда, алдағы уақытта жамбылдықтар мен спортшылар үшін жол тартатыны анық, – дейді облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков.

Иә, бұл сөз жоқ бас бармақпен бағалауға тұрарлық бастама. Бұны Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың жуырда халыққа арнаған үндеуінде тұрғындардың үйде жатып спортпен шұғылдануын қамтамасыз ету туралы берген тапсырмасының айқын нәтижесі деп бағалау керек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.