Қоғам

Түлектер білімі таразыланды

Written by Aray2005

Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды дегенше мектеп түлектері мен ата-аналардан дегбір қашады. Оны жылда көзімізбен көріп, жүрегімізбен сезінеміз. Биыл тест тапсыруға тиісті мектеп түлектері алты лек бойынша білімдерін сынады.

Жалпы, облысымыз бойынша барлығы 5 814 бала Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтіпті. Биыл 100-ден аса балл алған оқушыларымыздың қатары қалың. Әрине, бұл ұстаздардың өлшеусіз еңбегі, балалардың үздіксіз ізденісі мен ата-аналардың ақталған үміті.
Облыстық білім басқарма­сының баспасөз хатшысы Әйгерім Иембердиева:
– Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу облысымызда жылдағыдай емес, 6 лекпен өтті. Алғашқысы Қордай ауданында, 2-лекпен Байзақ, Жамбыл және басқармаға қарасты мектептердің, 3-лекпен Жуалы, Қордай, Меркі, Мойынқұм, Т.Рысқұлов, Сарысу, Талас, Шу аудандарының, 4-лекпен Байзақ, Жамбыл, Тараз қаласына қарасты мектептердің, 5-лекпен Жуалы, Меркі, Мойынқұм, Т.Рысқұлов, Шу аудандарының түлектері тестілеуден өткізілді. Соңғысы Тараз қаласында болды. Бұл жылы оқушыларымыз жақсы көрсеткіші көрсетті,– деді.
Білім сынағында жоғары деңгейден көрінгендердің бірі – Серік Заманбек.
– Қаншама уақыттан бері дайындалып, уайым болған тесттен 92 балл жинадым. Сондай қуаныштымын. Тараз қаласындағы №37 Ы.Сүлейменов атындағы мектепті бітірдім. ҰБТ-ны үлкен өмірге бастайтын алғашқы қадам деп білемін. Мақсат айқын болса, армандар орындалатынына көзім жетті. Осы сынақтан жоғары ұпай алу – басты мақсатым еді. Көздегеніме жеттім. Менің болашағым үшін барын салып, келешегіме алаңдаған ата-анам мен ұстаздарыма айтар алғысым шексіз. Қандай биіктерге жетсем де сол кісілердің үлесі екенін ешқашан естен шығармаймын. Енді жоғары оқу орнына құжат тапсырмақпын. Бұйыртса, алдағы уақытта өзім таңдаған ІT, электр энергетикасы сияқты мамандықтармен халқыма адал қызмет етуді көздеп отырмын,– дейді жас түлек қуанышын бізбен бөлісіп.
Баласының жеңісін көріп, үмітінің ақталғанына шат-шадыман қуанған ата-аналардың көңілі риясыз. Ақтарылған тілектері де теңіздей телегей.
– Қызым Тахмина Асқар Т.Рысқұлов ауданындағы №1 мектеп-лицейде білім алып, міне, биыл орта білімді аяқтап отыр. Мектеп қабырғасында алған білімін сарапқа салатын сыннан сүрінбей өтіп, бәрімізді қуанышқа бөледі. Қызымның алға қойған мақсаты көп. Қай саланың қыр-сырын меңгерсе де туған еліне аянбай еңбек етсе, біздің басты арманымыздың орындалғаны сол болмақ. Барша қазақ жастарының қадамына құт тілеймін, – дейді ата-ана Асқар Сарбасов.

Өмірдің жаңа белесіне, жаңа армандарға аяқ басқан жастарға біз де сәттілік тілейміз. Кемел келешекке бастаған қадамдарың оңынан болып, қанаттарың талмасын, жас достар!

Қ.РАХМЕТУЛЛИНА

ПІКІР