Қоғам

Түлектер кешіне тыйым бола ма?

Written by Aray2005

Екі күннен кейін облыстағы 446 жалпы білім беретін мектепте кезекті оқу жылы аяқталып, жез қоңырау соғылады. Бұл мектеп бітіруші түлектердің 11 жыл білім нәрімен сусындаған алтын ұясымен қимай қоштасатын сәті. Алып ұшқан көңіл, алысқа қанат қомдаған қыран, сонау қиырдан қол бұлғаған асқақ арман бар мұнда. Биылғы оқу жылын 222 мың 801 оқушы аяқтаса, оның 8 мың 796-сы 364 жалпы білім беретін орта мектепті біржола тәмамдайды. Жыл сайын мектеп бітіруші түлектер соңғы қоңырау соғылып, қолдарына аттестат алғаннан кейін мектеп бітіру кешін алаулатып-жалаулатып өткізіп, алтын ұямен қоштасу рәсімін шоуға айналдыратыны үйреншікті жағдай.
Әсіресе кейбіреулердің бір күнгі кешке бола шетелдік қымбат автокөліктерді жалдап, шаһарды он айналып, елпілдеп-желпілдеп, думанды кешті құны адам таңғалдыратын мейрамханаларда атап өтетіні бар. Оған алдын ала қызу дайындық жасап, қыруар қаражат жинап, үстіне киетін мерекелік киімін Алматы, Шымкент секілді ірі қалалардан тапсырыспен алдырып немесе барып киініп, ата-анасын әбігерге түсіріп жататыны жылда айтылып жүр. Бұл бір отбасы үшін түкке тұрғысыз қаражат болса, ал енді бір жанұяның бюджетіне айтарлықтай салмақ түсіреді. Бауыр еті баласының тілегін қарызданып-қауғаланып жүріп орындайтын ата-аналар да көп. Осыған байланысты ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслиxатында түлектер кеші бүгінде бәсекеге айналып бара жатқанын тілге тиек ете отырып, алтын ұямен қоштасуға арналған салтанатты кешті бұрынғыдай мектепте өткізу жолын ұсынған еді.
«Өкінішке қарай, соңғы кездері түлектер кешін кім және қайда өткізсе өз еркі болып қана қоймай, бұл шара кәдімгідей бәсекеге айналып кетті. Меніңше, түлектердің кеші бұрынғыдай өтуі керек. Біздің ата-аналарымыз солай өткізді. Біз де мектепте ұйымдастырдық. Сонда нағыз мектеппен қоштасу кеші болады», деді Күләш Ноғатайқызы.
Осыдан бір ай бұрын облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетованың да «facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшасында ата-аналарды түлектер кешін өткізбеуге шақырған жазбасы жарияланған болатын. Рахия Сейітбекқызының аталған жазбасында: «Құрметті ата-аналар! Бір айдан кейін мектептерде оқу жылы аяқталады. Балабақшалар өз түлектерін мектепке шығарып салады. Түлектердің аттестат тапсыруын 15 маусымға дейін мектеп қабырғасында өткізу туралы білім басқармасының арнайы xаты, бұйрығы бар. Ақша жинап, түлектер кешін өткізуге тыйым салынған. Ал мектеп директорлары,сынып жетекшілері өз жұмыстары үшін айлық алып отыр. Оларға не үшін ақша жинайсыздар?! Біз құқықтық мемлекетпіз, жемқорлыққа жол бермейік. Мектеп түлектерінің кеші мектеп қабырғасында, артық шығынсыз, есте қаларлықтай мағыналы түрде өтуі керек», делінген. Жазбаға пікір қалдырған әлеуметтік желі қолданушылардың кейбірі ауылдық жерде бітіруші түлектердің сынып жетекшісіне сыйлық жасайтынын, мұндай үндеу жылда жарияланатынын, бірақ түлектер кеші бәрібір тойланатынын қынжыла жазғанымен, барлығы басқарма басшысының ойын құп көретінін жеткізген.
Ата-ана да, бала да мұғалім құрметі үшін аста-төк дастарқан жайып, олардан қорыққанынан сыйлық жасамайтыны белгілі. Оларды ешкім қинамайтыны да ақиқат. Тек қалтасы қалың ата-ана немесе «бай баласы» өзінің іш тартатын мұғалімін риза еткісі келіп, сыныптастарына идея тастауы бек мүмкін. Ал бұл қарапайым отбасын қинайтыны анық. Рахия Тұрмаханбетова осындай мәселелердің жолын кесу үшін ата-ананы түлектер кешін өткізбеуге, ақша жинамауға шақырып отырған жоқ па?! Бұл саралап қарасаң, расында, құп көрерлік жайт.
Рас, баласының өз-ісіне толыққанды азамат ретінде жауап бере алатын жасқа жеткенін, жаңа өмірге қадам басу сәтін кейбір ата-ана дүрілдетіп өткізгісі келетін шығар. Бірақ қатардан қалдырмай, ешкімнен кем қылмай өсірген ұл-қызының үлкен өмірге қадам басуы думандатып өткізілген салтанатты кешпен өлшенбейтінін ұмытпауымыз керек. Осы орайда біз облыстың бас ұстазы Рахия Сейітбекқызына жолыққан едік.
– Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2019 жылғы 25 сәуірдегі №5-11-4/1492-И хатына сәйкес жалпы орта білім беретін ұйымдарда «Болашақ – жастардыкі» тақырыбында түлектердің мектеп бітіру кештері 12 маусымда мектептерде өткізіледі. Түлектер кешін шоуға айналдырмау, қоштасу кешін мектепте өткізу туралы жетінші сәуірде барлық орта білім беру мекемелеріне хабарландыру жіберіліп, сол орта мектептердегі ақпараттық тақталарға ілінді. Директорлар, сынып жетекшілері мен ата-аналар арасында жиын өткізіліп, үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде барлық мектептер түлектер кешін мейрамханада атап өтуден бас тартты. Бұл ұсыныспен келіскен ата-аналарға алғысымыз шексіз, – дейді басқарма басшысы.
Осы орайда бірқатар білім ошақтарына хабарласып, «Түлектер мектеп бітіру кешін өткізуден бас тартуы мүмкін бе?» деген сұрақты төтесінен қойдық. Білгеніміздей, қайырымдылыққа ден қойып, өзгелерге үлгі көрсетіп отырған мектептер бар екен. Мысалы, Жамбыл ауданы, Шайқорық ауылындағы орта мектептің директоры Алма Жатқанбаева осындай жаңалықпен бөлісті. Ол ата-аналармен келісе келе, биыл мектеп бітіру кеші Рамазан айымен тұспа-тұс келгендіктен кештің орнына ауызашар беруді жоспарлағандарын, сондай-ақ Қ.Сарымолдаев атындағы балалар үйіне қайырымдылық жасау көзделіп отырғанын жеткізді. Тараз қаласындағы №39 мектеп-гимназия да байыпты бастамаға лайықты үн қосып отыр.
– Жалпы, биыл 11-сыныпты 72 оқушы бітіреді. 25 мамырда мектебімізде «Соңғы қоңырау» жиыны, 12 маусымда аттестат тапсыру рәсімі өтеді. «Соңғы қоңыраудан» кейін 11-сыныптың мектеппен қоштасуға арналған концерттік бағдарламасы өтеді. Бұдан басқа жиын болмайды. Біздің мектеп үйде де, түзде де түлектер кешін өткізуден үзілді-кесілді бас тартқан облыстағы 10 мектептің қатарында. Ешқандай дастарқан мейрамханада да, мектепте де жайылмайды. Бұл ата-аналармен келісісе отырып жасалған байлам, – дейді № 39 мектеп-гимназияның директоры Гүлнар Рапбаева.
Осы мектептің биылғы түлегі Досбол Бауыржанның анасының да пікіріне құлақ астық. Ол басында ата-аналардың екіге жарылып, соның бір тобы түлектер кешін өткізгісі келгенін жасырмады. Дегенмен ауық-ауық бас қосып жүріп, ақыр соңында барлығы мүлде түлектер кешін өткізбеуге бекінгендерін, баланың ең қуанышты сәті салтанатты кеш емес, жоғары білім алып, таңдаған мамандығы бойынша елге қызмет ету екенін, оларды әлі алда ҰБТ-дан ойдағыдай балл жинау жауапкершілігі күтіп тұрғанын тәптіштеді.
Расында мектеп бітіруші түлектер алдағы уақытта мемлекеттік емтихандарды ойдағыдай тапсырып, ата-ана үмітін ақтап, қолдарына аттестат алуы қажет. ҰБТ деген асудан қиналмай өтіп, одан кейін асқақ арманға қанат қағып, асқаралы биіктерді бағындыруы керек. Осыны түсінген бүгінгі буыннан айналған абзал. Әйтпесе 12 маусымнан кейін «менің баламның мектеп бітіру кеші мектепте емес, мейрамханада өтуі керек, қазір бала мектептің емес, менің жауапкершілігімде. Ендеше, бұл сәтті мейрамханада әлде үйде атап өтемін бе, оған ешкім тыйым сала алмайды» деген сарында ата-аналар табандап тұрып алса қайтер едік? Ең бастысы – 12 маусымнан кейін әр ата-анаға өз баласы үшін үлкен жауапкершілік жүгі артылғалы тұрғанын еске саламыз.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР