Жастар.kz

Түлектерге диплом табысталды

Еңсесі биік Елордамыз Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы қарсаңында Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде «Мамандығым – болашағым!» атты диплом тапсыру рәсімі өтті. Айта кету керек, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 77-қадамына сәйкес, еліміздегі 10 үздік колледждің қатарына енген білім ордасын биылғы оқу жылы 15 мамандық бойыша 476 түлек тәмамдап отыр. Оның ішінде 58 түлек үздік үлгеріммен үлгі көрсете білді.

Салтанатты шарада Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Жанар Орынбаева құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілегін жеткізді. Келесі кезекте өңірдің еңбек нарығында қажетті мамандарды зерделейтін және бос жұмыс орындары туралы мәліметтер базасын қалыптастыратын жергілікті жұмыспен қамту орталықтарының өкілдері сөз алды. Басқосуға сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбек, «Амангелді ГӨЗ» /Газды өңдеу зауыты/ ЖШС-ның ауысым бастығы Дәулет Егембердиев, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Химия және химия технология» кафедрасының меңгерушісі Гүлсім Матниязова, «Мұнай газ ісі» кафедрасының меңгерушісі Бауыржан Манапбаев, тағы да басқа азаматтар қатысып, лебіздерімен бөлісті.
Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласып, колледждің өнерпаз түлектері әуелетіп ән салып, би билеп, көрермендердің көңілін бір серпілтіп тастады.

Ардақ САПИБУЛЛА

ПІКІР