"Шабыт"

Түн асқан жол

Written by Aray2005

(әңгіме)

Көркем шығарма – жанның азығы, рухтың нәрі. Кезінде көпшіліктің сыралғы сырласына айналып, жата жастанып оқыған, адал махаббатты ұлықтап, нәркес саф сезімді насихаттаған Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» романы сол кездегі тұтас буынның мөлтек сыры болғаны жасырын емес. Қазіргідей алмағайып уақытта да шынайы мөлдір махаббатты әспеттейтін әсерлі туындылар қажет-ақ. Осыны көздеген көңіліміз бұған дейін «Студенттік күндер-ай», «Көкжиек жақын», «Түн тылсымындағы сыр» атты өскелең ұрпақтың тәрбиесіне өнеге сепкен туындылардың авторы, қаламгер Рахым Садықбектің қазіргі жастардың жанын тербеген, жалпы адам баласына тән мөлдір сезімді өзек еткен жаңа әңгімесін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

РЕДАКЦИЯДАН

Жол үстінде ымырт жабылды. Қараң­ғылана бастаған аспанда жауын бұлты тұтасып, үнсіз қауышып, белгісіз үрей туғыза жылжып келеді. Енді мезгіл өткен сайын нажағай жарқылы күшейе түсті.
Алыс көкжиек тұстан әлденеге наразы болғандай әлемді басына көтере гүрілдеп күркірейді. Кейде ол кейіс үнмен жауып, тіл қатқандай болады да, кейде күбірлеп, күңкілдеп жиекті кемерлей ұзап кетеді.
Желпи соққан қоңыр самал біртіндеп қатайып, дүниені дуылдатып кернеп әкетті. Әлден соң аспанды қақ айырғандай ащы үнмен ілесе жер үстін самаладай жарық қылып жіберген нажағай сәулесі ақырын ілбіп келе жатқан жүк машинасының әйнегінен де сығалады. Үсті брезентпен жабылған кузовта бір-біріне тығыла, үрпиісіп үш-төрт адам отыр. Әлгі бір кездегі нажағайдың күшті көкшіл сәулесі үрей билеген бұларды да шапшаң күйде бір-біріне жалт қаратып үлгерген.
– Апырай, мына күн қайтеді? – деген шалдың қарлыққан тарғыл үні естіледі. Жас шамалары алпысты алқымдап қалған кемпір мен шал алдарында толғақ қысып, қатты қиналып отырған келінінің жайына әбден қобалжулы еді. Бұл екеуінің сырт алқасын ала он екі, он үштер шамасындағы қыз бала аяныштан жүрегі езіле жүдеп, екі иығы әлсін-әлсін шошына селкілдеп қояды. Көп жылағандықтан көзі бұлаудай болып ісіп кеткен.
Машина жүрісі баяулай түсіп, сәлден соң кілт тоқтай қалды. Кабина есігі айқара ашылды да, суылдаған жел уіліне аралас шофер жігіттің зор дауысы естілді:
– О-о-оу, жауын болады. Осылай қарай қалың нөсер келе жатыр.
Ол машинаның арт жағын айналып келіп:
– Кәрия, Камиланы ішке алсақ қайтеді, тыныштау болар, – деді.
– Жоқ, жарқыным, ол жер тарлық қылады, тек сен сәл кідіре тұршы, – деп кемпір шалы үшін өзі жауап беріп орнынан тұрды. Қараңғыда сипалап жүріп қос қанат теке­метін еденге жазды. Үстіне көрпе төседі де, келінін қолтығынан еппен сүйеп кеп соған жатқызды.
– Қанекей, қозғала бер енді.
Машина жылжып жүріп кетті. Түн қараңғылығы жарқ еткен сәулемен тағы бір оянды да, артынша-ақ күңіренген, төңіректі кернеген мол шуылмен селдетіп жаңбыр құйып жіберді. Машина жарығының ішінде лезде мыңдаған жіңішке, сұрғылт түсті болат сымдар жоғарыдан төмен қарай сорғалай құлап, тұнып тұрып қалғандай еді. Ара-арасында күркіреген күшті дыбыс тым жақын тұстан естіліп, жаңбыр екпінін үдете түскендей. Мұндай сәтте кемпірдің шыдамсыздана жұбатқан әлсіз дауысы сан рет қайталана берді:
– Шошып қалма, шырағым, нөсер ғой бұл. Қазір азырақ жауып өтіп кетеді, шыдай түс! – дейді.
Кәмила дірілдеген жүрекпен әлдебір сұмдық азапты күткендей елеңдеп жатыр. Жұқалаң қабағын қатты шытынып тұрып, әлсіз жалынышпен көмек тілегендей төңірегіндегілерге жаутаңдап қарай берді. Әйел тәніндегі тынымсыз толқын күш бүктетіле аунақшып, аласұрып, шиыршақ атып, түйіліп тұрып-тұрып барып кейін серпиді.
Машина жүрісі жайсыздана бастады. Сел болып аққан жауыннан кейін жол табаны бұзылып, ылайлы тайғаққа айналды. Мазасыз қозғалып келе жатқан бетте ол кейде әлдене жарға соққандай кілт кідіріп, кейде бір оқ тиген жаралы құстай шыр айналып тұрып қалады.
Осындай мазасыз хал үстінде сырттан, қалың жауын ішінен талмаурап жеткен әлдекімнің дауысы естілді. Сәт өтпей-ақ жол үстінде бейтаныс адамның қалбаңдаған еңгезердей үлкен денесі көрінді. Машина аз кідіріп, оны мінгізіп алды.
– Туу, мына күннің құюын-ай, – дейді бейтаныс адам кузовтың ішінде сипаланып, отыратын орын іздеп жүріп, – үсті-басым малмандай су болды ғой, тегі.
Бейтаныс адам жиырманың үстіне жаңадан шыққан уыздай жас жігіт екен. Сіріңке жаққанда оның жұқалаң балғын жүзін, жалпақ кең маңдайын отырғандар анық көріп қалды.
– Жауын бола қояр деген ойымда болсашы. Түнделетіп «Үшаралға» жетіп қонамын дегенмін. Мына сіздер кезікпегенде халім тіпті мүшкіл еді, – деп ол аналарды ескі танысындай көріп сампылдап сөйлей жөнелді. Сонан соң сәл кідіріп тұрды да шалға қарап:
– Қалай, ақсақал, «Кемпірдің» тұмсығына жақын қалдық па? – деді.
– Қайдам, шырағым, жер бағдарлауға мүмкін болмай тұр ғой, – деп шал үмітсіз жауап қайырды.
Жас жігіт Кәмиланы жаңа байқаған сияқты. Қараңғыда назар тоқтатып, бірер қадалып қарап алды да, сұрауға батылы бармағандай тынып қалды.
Сәлден соң темір құрсаудай қысқан толғақтан Кәмила бебеу қағып, қайтадан мазасыздана бастады. Әйелдің қиналып жатқанынан қорқып кеткен манағы жас қыз солқылдап жылап жіберді. Шарасыздан жігері құм болып, бір бұрышта бүрісіп шал отыр.
Дәл осы сәтте әлденеден қатты шошынған кемпірдің үрейлі үні шықты:
– Әй, бұл қайсың? Бетім-ай, саған не бар мұнда? – деп кемпір қараңғыда жақын төніп кеп қалған жігіттің алдын кес-кестеді.
– Кәнеки, әрірек тұрыңыз!
Жігіт әмірлі үнмен кемпірді еріксіз кейін ығыстырды.
– Не дейді, Тәңір-ау, бұл несі?!
Жігіттің бұл оқыс қимылы аналарды сұмдық қылмыс көргендей шошытты. Бірақ ол қараңғыда әлдеқалай қарбалас қимыл жасап үлгергенше болған жоқ, толғақ қысқан әйел жанұшыра қарсыласып, күшті серпінмен мұны кеудесінен мықтап итеріп қалғанында жігіт ұшып түсті. Әйел ұяты бойына сұмдық бір тегеурінді мол қуат бітіргендей. Басы әлдене бір қатты затқа тиген еді. Көзінің оты жарқ етіп барып қайтып сөнді де, ол біраз уақытқа шейін өз-өзіне келе алмай жатты. Әлден соң ауырсынған шүйдесін қысып ұстап, тәлтіректеп орнынан тұрды да, қайнаған ашумен машинаның кабина жақ тұсын қос қолдап қатты-қатты дүрсілдетіп соғып жіберді.
– Тоқта, әй! Тоқта деймін, сайтан алғыр!
Машина кілт тоқтады да, іштен шофер атып шықты.
– Сен немене, мені бір тас керең деп ойлаймысың, жайырақ соқпайсың ба?
– Дәнеңе емес.
Ол енді әйелге қайта оралуға ыңғайланған еді. Әйел мұны сезіп, шегіншектеп бұрышқа тығыла түсті.
– Әрі кет, жолама маған!
– Жә енді, тыныш жат, – деді жігіт нық дауыспен.
– Мен дәрігермін. Жан керек болса менің дегенімді істе. Саған бір қастық ойлайды ғой деймісің. Онан да жөндеп балаңды табуды білсейші!
Түн ортасы ауып кетті. Әйел әлі де босана алмай азаптанып жатты. Дәрігер жігіт болса жас нәрестенің жарық дүниеге келер сәтінің тым жақын қалғанын іштей біліп, енді жас әйелді қамқор көңілмен тыныштандырып, жұбатумен болды.
– Шыдай түс, айналайын. Енді біраздан соң қандай ұл табатыныңды білесің бе? Сені енді ана деп құрметтейді ғой жұрт. Сен тым қорқа бермесейші. Кәне, үзіп-үзіп ұзағырақ, тереңірек бір-екі дем алшы. Иә, иә, дәл солай… Енді азырақ шыдасаң бәрі де өтеді.
Жігіттің сенімді, күшті үні енді толғақ қысқан келіншекке әлдеқалай бір сәтке болса да тыныс әпергендей. Мұндай сәтте төңірегінде отырғандар да біртүрлі жеңілдік сезінгендей болды.
Көкжиектегі таң қараңғылығы жұқарып, сыздықтаған сұрғылт сәуле меңдеп келе жатқан сәтте әйел босанды. Жас нәрестенің дүниеге келуімен жаңа әбігер – қуаныш әбігері пайда болды. Жаңбыр әлдеқашан тынған. Жер дүние енді таңғы шапақпен аппақ болып, көздің жауын алардай жалтырап көрінеді. Теңіз түбінен сүзіліп шыға-шыға келгендей биік таулар, жатаған бел-белестер пайда болды. Күн шықты. Жаңбырға малшынған жер бусанып жатты. Үзіліссіз, бір қалыппен желпи соққан таңғы самал бала жөргегінің жас иісін әкеледі. Жас ана үзіп-үзіп ұзағырақ бір-екі дем алды да, алғаш рет нәрестеге азаптан құтылған қуанышты жүзбен қарады. Бар қиындықты дәл осы сәтте бір-ақ сілкіп тастап, рахат тыныштықты қайтып тапқандай еді. Кенет ол қарсы жақ бұрышта басын төмен салып, үнсіз сазарып отырған манағы жігітке көзі түсіп:
– Керім, ойпырай, Керімбісің сен!– деді шошып кетіп. Жігіт басын шұғыл көтеріп алып, Кәмилаға қарай қадалып қатты да қалды. Тілі байланғандай. – Ой, тәубе-ай! Өмірде осындай да оқыс жағдай бола береді екен-ау!
Бұл өзі бір өткен күннің сыры еді. Ол кезде екеуінің де уыздай жас, мектеп қабырғасында жүрген кезі. Бір жолы бір топ оқушы осындай ағаш қорапты ашық машинаның үстінде кетіп бара жатқан. Бала Керім әлдеқалай Кәмиламен қатар тұрып қалған екен. Машина бір жайсыз жерде толқып қап екеуін иық түйістіргенде, қолдары бір-бірін қармап ұстай алғаны бар. Сол бойда айырылыспай, отты алақандар балапан жүрек толқынын қатар сездіріп тұрды. Екеуінің балаң сүйіспеншілігі кенеттен жолыққан қуаныш пен бақыттан аласұрып, жол бойы тыныш алмады. Арада бірер ай өткен соң Керім мектебін бітіріп, Алматыға оқуға түсіп кетті де, Кәмила ел ішінде қалып, еңбекке араласты. Күтпеген жерден көрші ауылдағы байланыс үзілді. Қимастық қинаған Керім өз-өзіне келе алмай, көпке дейін қапаланып жүрді.
Енді міне, тағдыр екеуін мүлде ойламаған жерде, оқыс жағдайда кездестіріп отыр. Жігіт әлден соң ғана есін жиып, мұның қасына келді. Осы кез машина оталып, орнынан қозғала берді. Екеуін бірде иық түйістіріп, бірде айырып жібереді. Машина гүрілі мен уілдеген жел дыбысы ғана естіліп тұр. Кәмила алғаш рет өзінің кінәлаған мұңды жүзін Керімге бұрып, баяу тіл қатты:
– Сен сонда сәл де болса батылырақ болғаныңда, тағдырымыз басқаша болар ма еді… Кім білсін, – деп барып тоқтады.
Басқалар естімесе де Керім мұны анық ұққан. Шарасыз күйде жаны езіле терең күрсінді.

ПІКІР