"Көңілашар"

«ТҮРКСОЙ» таланттары Тараз төрінде

Written by Aray2005

Апта басында М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың Марс Үркімбаев атындағы Жастар сарайында «ТҮРКСОЙ» жастар камералық оркестрінің концерті өтті.

Аталған оқу орны мен Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымы бірігіп ұйымдастырған концертті шаһардың өнерсүйер қауымы, университет студенттері мен оқытушылары тамашалады.
Құрамында бүгінге дейін 10 елдің 100-ден астам талантты жастары өнер көрсеткен оркестрге бұл жолы Татарстанның Халық артисі Ренат Салаватов, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Анвар Акбаров, Әзірбайжанның танымал жас таланты Мұстафа Мехмандаров дирижерлік етті.
Жас өнерпаздардан құралған оркестр сахна түндігін Чайковскийдің «Серенедасымен» түрді. Мұнан соң қырғызстандық Сейдалы Медетовтің «Мақташы қыздың әні», түркиялық Тургай Эрденэрдің «Симфониеттасы», түрікменстандық Нури Халмедовтің «Калыбельная-Фантазиясы», әзірбайжандық Фикрат Амировтың «Низами» симфониясы көрерменнің көңілінен шықты. Айта кетерлігі, концертте камералық оркестрдің сүйемелдеуіндегі қазақстандық жас музыкант Біржан Мыңбаевтың «Илигай» вариациясы мен Дәулеткерейдің «Көроғлы» сынды туындылары жиналған көпшіліктің құлақ құрышын қандырды. Тірі музыкамен көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген концерт Иоганнес Брамстың №1 «Венгр биі» туындысымен қорытындыланды.
Мұнан соң «ТҮРКСОЙ» ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов сахнаға көтеріліп, концерттің Жастар жылы аясында ұйымдастырылып отырғанын алға тартып, ТарМУ ректоры Махметғали Сарыбековке алғысын жеткізді. Сондай-ақ ол «ТҮРКСОЙ» жастар камералық оркестрінің Орталық Азияға алғаш рет турнеге шыққанын да атап өтті.
– Оркестріміз құрылған күннен осы кезге дейін әлемнің түкпір-түкпірінде концерттер берді. Алайда өз аймағымызда осындай ірі турне ұйымдастырмап едік. Бұл турне біз үшін туған аймағымыздағы алғашқы турымыз болады. Оны «Түркі әлемінің мәдени астанасы» етіп жарияланған Түркістан қаласынан бастап, 29-31 тамызда Шымкент қаласында жалғас­тырдық. Енді міне, қазақ жеріндегі ең көне қалалардың бірі– Тараз шаһарында өнер көрсетіп жатырмыз. Біздің ойымызша, Тараз қаласы Қазақстаннан келесі кезекте «Түркі әлемінің мәдени астанасы» атануға лайық бірден-бір қала, – деді Д.Қасейінов
Өз кезегінде университет ректоры Махметғали Сарыбеков аталған концерттің Жастар жылы аясында университет студенттеріне сыйлық болғанын тілге тиек етіп, оркестр құрамына алғысын жеткізді. Сондай-ақ «ТҮРКСОЙ»-дың Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов оркестрге дирижерлік еткен Татарстанның халық артисі Ренат Салаватовты, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Анвар Акбаровты, Әзірбайжанның танымал жас таланты Мұстафа Мехмандаровтарды Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы «Үздік табыстары үшін» төсбелгісімен марапаттады.
Бұдан соң концерттік турне Алматыда және Қырғызстанның Бішкек, Әзірбайжанның Баку қалаларында жалғасады.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ПІКІР