Түрмедегілерде телефон да, пышақ та бар…

0 0

Облыстағы түзеу мекемелеріне жоспарлы тінту жұмыстары жалғасуда. Бұл жолы 158/7 мекемесін тексерген құзырлы орган мамандары бірқатар рұқсат етілмеген бұйымдарды тәркіледі.

Атап айтсақ, ерекше режимдегі түзеу мекемесіндегі жазасын өтеушілерден 37 ұялы телефон, 25 телефон қуаттағыш құрал, 5 SIM-карта және 48 пышақ, қолдан жасалған кескіш сияқты адам өміріне қауіп төндіретін суық қару табылған.
Тінту жүргізген мамандар тыйым салынған заттардың басым көпшілігі сотталғандардың туған-туыстарының көмегімен ішке енгенін айтады. Яғни, тыйым салынған заттарды жазасын өтеушілердің туыстары мекеменің сыртқы қоршауынан лақтыру фактілері азаймай тұр. Мәселен жыл басынан бері дәл осындай 80 дерек тіркеліп, заңды бұзған 51 азамат ұсталған. Облыс бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының міндетін атқарушы, әділет полковнигі Теңізжан Жәнібеков туған-туысын заңбұзушылыққа итермелеген сотталғандардың тәртіптік жазаға тартылатынын, ал заңды бұзған азаматтардың жазасыз қалмайтынын ескертеді.
– Біз Тараздағы ЖД-158/7 мекемесіне жоспарлы тінту жұмыстарын жүргізіп, сотталғандардан тыйым салынған заттарды тәркіледік. Бұған дейін, дәл осындай жұмыстар ЖД-158/2 және ЖД-158/4 мекемесіне жүргізілген. Жалпы, тыйым салынған заттардың мекемеге ену арналарын анықтау мен жолын кесу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады. Сондықтан, түзеу мекемелерінде жазасын өтеуші жақындарына көмектеспек ниетте заңды бұзған азаматтар жауапкершілікке тартылатынын қатаң ескертеміз, – дейді Т.Жәнібеков.
Мұндай тінту жұмыстары Тараз қаласының түрмелерінде соңғы он жылдың бедерінде болмағанын айта кеткен жөн. Енді мұндай ауқымды шарадан қандай нәтиже шығатыны белгісіз. Алайда, темір тордың арғы бетінде өз «заңымен» өмір сүретіндерге бұл ұнамайтыны анық. Бірақ, тәртіп болмаған жерде, тыныштық пен береке болмайтындығын да ұмытпаған жөн.

С.Жапарұлы

Leave A Reply

Your email address will not be published.