Түйетауық – табыс көзі

0 1

Елімізде құс етіне деген сұраныс артып келеді. Тауық, қаз, үйрек секілді құстардың ішінде түйетауықты өсіруге деген құлшыныс басым.

Құсты өсіріп, бағудың өзіндік қиындығы бар. Осыған қарамастан сарыкемерлік Айнұр Сейдалиева түйетауық өсіруге бел буады. Бұрын аймақтық медбике болып жұмыс жасаған ару біраз уақыт жұмыссыз қалады. «Бастау Бизнес» жобасы аясында білімін жетілдіп, өз кәсібін ашуды жөн көреді. 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болысымен, өткен жылдың қараша айында Талас ауданына қарасты Саду Шәкіров ауылындағы құс фазендасынан 98 бас түйетауық сатып  алып, осылайша құс өсiрудi кәсiп етеді. Қосымша қаражат қосып, құстарды азықтандыратын дәрумендерге бай жем түрлерін де алуға қол жеткізеді.
— «Соңғы кезде нарықта құс еті мен жұмыртқаға деген сұраныс жоғары екенін байқадым. Кәсіпкерлер палатасына осы бағытта кәсіп бастауға ұсыныс жасап, бизнес-жоспарымды құрып, оны қорғап шықтым.
Алға қойған міндетім — құс басын көбейтіп, жұмыртқа мен балапандарын сатуды, ал жұмыртқа баспайтындарын сойып, дайын етті дүкендерге немесе тапсырыс бойынша өткізу.  Нақтырақ айтқанда қолымдағы барыммен тоқтап қалмай, кәсібімді одан ары үлкейткім келеді»,- деді жас кәсіпкер.
Айнұр Саятқызының айтуынша, түйетауық өсіруден бұрыннан хабары бар. Өйткені оның ата-анасы да үй құстарын өсірумен айналысқан. Жем талғамайтын үй құстарының бірегейі — түйетауық.
Түйетауық балапандары бес айда – 7-8, ал бір жылда – 12-14 келіге дейін салмақ қосады. Оның бір келісі базарда 1500-1600 теңге болса, дүкендерде 2000 теңгеден сатылады. Алғаш сатып алып келгенде балапандардың салмағы не бары 3-4 келі, ал кәзір әрқайсысының салмағы 8 келіден 13-14 келіге дейін тартыпты.
Құс шаруашылығы үлкен еңбекті талап етеді. Күркетауық тазалықты, күйлі күтімді және таза ауланы қажетсінеді екен.
Уақытпен санаспай, тынымсыз еңбектеніп жатқан Айнұр көзiн тапқанға түйетауық та табыс көзi екенін дәлелдеп отыр.

Гүлжан Русланқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.