Сұхбат

«Табиғат байлығын талан-таражға салуға болмайды»

Табиғат – ортақ үйіміз. Сондықтан да оны қызғыштай қору әрбіріміздің азаматтық парызымыз. Дейтұрғанмен, кейде Тәңірдің тартуына қасақана қиянат жасайтындардың табылып жататындығы еріксіз қынжылтады. Осы орайда, облыс әкімі А.Мырзахметовтің тікелей тапсырмасына сәйкес, «Мамандандырылған жануарлар дүниесін қорғау жедел қызметі» мекемесінің жанынан табиғатты қорғау кеңесі құрылған болатын. Бүгінде бұл ұйымның аяқ алысы қандай? Қол жеткен нақты нәтижелер бар ма? Міне, осы сұрақтар төңірегінде кеңес төрағасы Ерназарбек ЖАНТАЕВПЕН сұхбаттасқан едік.

– Ерназарбек Жантайұлы, жуырда ғана облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен құрылған «Мамандандырылған жануарлар дүниесін қорғау жедел қызметі» мекемесі табиғатты қорғау кеңесінің төрағасы қызметіне тағайындалдыңыз. Жалпы, аталмыш кеңесті құру қандай қажеттіліктен туындады?
– Өңіріміз табиғат байлығына кенде емес. Осы құндылықтарымызды көздің қарашығындай қорғау әрбіріміздің парызымыз болғанымен де, Жаратушының адамзатқа берген үлкен сыйына қасақана қиянат жасаушылар көп. Өсімдіктер мен жануарлар әлемінің мол қазынасы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпес үшін құзырлы мекемелер тарапынан тиісті жұмыстар жүргізіліп-ақ жатыр. Алайда, атқарылып жатқан қыруар жұмыстарға қарамастан, браконьерліктің жолы кесілді деуге әлі ерте. Заңды белден басып, табиғаттың шырқын бұзу оқиғалары азаюдың орнына көбейіп бара жатқаны алаңдатады. Осы орайда, аймақтағы ахуалмен жіті танысқан облыс әкімі Асқар Мырзахметов қазіргі таңда саладағы түйінді мәселелерді шешуге айрықша басымдық беріп отыр. Сол мақсатта облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының жанынан «Мамандандырылған жануарлар дүниесін қорғау жедел қызметі» мекемесінің табиғатты қорғау кеңесі құрылды. Асқар Исабекұлы кеңесті басқаруды маған сеніп тапсырып, нақты міндеттер жүктеді. Бүгінде кеңестің төрт мүшесі бар. Барлығы да салада ұзақ жылдар еңбек атқарған тәжірибелі мамандар. Біздің мақсатымыз – табиғат қорғаушыларға, қорықшыларға керек кезінде ақыл-кеңесімізді айтып, тәжірибемізбен бөлісу және атқарылып жатқан жұмыстарды қадағалап отыру.
– Мамандардың айтуынша, қазір Қазақстанды мекендейтін аң мен құстың 300-ден астам түрі толық жойылып кету қаупінің алдында тұр екен. Ал, өңіріміздегі ахуал қандай?
– Қасиетті қазақ даласының қасіреті аз емес еді. Енді міне, киелі атамекеннің жортқан аңы мен ұшқан құсына да қатер төнді. Мойынқұм өңіріне 1990 жылдары солтүстіктен миллионға жуық ақбөкендер келіп қыстайтын. 1987-1988 жылдары елімізде «мүйіз бизнесі» басталды да ақбөкендерді қынадай қырып, басын кесіп алып, етін тастап кете баратын қаскүнемдер көбейді. Даламызға сән беріп, үйір-үйір болып жайылып жүретін сол ақбөкендер қазір көзден бұлбұл ұшты. Маңдайына сор боп біткен мүйізі түбіне жетті.
Сондай-ақ, «Аңдасай» қорығына 80-жылдың ортасында «Барсакелместен» 50 құлан жеткізілді. 1990 жылы 60 құлан алып келдік. Бұл суы тартылған Арал теңізінің қоршаған ортаға зиянды әсерінен ауырып, шетінен қырыла бастаған құландарды аман алып қалу мақсатында жасалған әрекет болатын. Сонда 1993 жылы барлық құландардың саны 250-ден асып жығылды. Мұнымен шектеліп қалмай 2007, 2008, 2009 жылдары «Алтынемел» табиғи қорығынан 92 бас құлан тағы әкелдік. Орташа есеппен алатын болсақ, сол құландар аман болғанда бүгінгі таңда басы 10 мыңға жетіп жығылатын еді. Өкінішке қарай, қазір сол құландардың бірде-бірі жоқ. Таудағы арқарларымызға да қауіп төнуде. Әзірге арқарға «аңсары ауғандарға» тосқауыл қою мүмкін болмай тұр. Себебі, тауға инспекторлар шыға алмайды. Браконьерлер тау жолының барлығына көлік жүре алмайтындай етіп «шипи» қағып тастайды. Инспекторлардың жолын бөгеу үшін мұнан өзге де небір қитұрқы әрекеттерге баруда. Елік пен қарақұйрық та сиреп барады. Кез келген қарайғанның түбінен қашатын қоян, қарсақ, түлкі, борсық та азайды. Шөлдің сұңқары мен дуадақ аулауға да облыс тұрғындары кейінгі жылдары әуестене бастады. Сұңқарды бағасының қымбаттығы үшін, ал дуадақтың еті адамды жасартады деген алыпқашпа сөзге сенгендер табиғатымыздың байлығын қынадай қыруда.
Қазір браконьерлер әбден қуланып алған. Арам пиғылды ойларын жүзеге асыру үшін күнілгері жоспар құрып, жан-жақты сайланып шығады. Соңғы үлгідегі техникалармен, құрал-жабдықтармен, шетелдік жүрдек көліктермен жарақтанғандар оңайлықпен ұстата қоймайды. Аң-құсқа қырғидай тиетін браконьерлікпен күрестің қиындығы да осында.
Осы ретте, бір нәрсені айта кеткенді жөн көріп отырмын. «Ақсақ құлан» ертегісін білмейтін жан жоқ шығар. Жошы қаған құланға құмартпағанда Шыңғыс ханның көз жасы төгілер ме еді дейсің кейде. Ұлының саятшылығы әкесінің соры болған жоқ па? Күйлі жануардың киесі ұрғандай көрінеді. Құлынынан айырылған ананың жанайқайы мен әкенің күйзелісі. Сондықтан, аңның киесінен қорқу керек. Аңның көз жасына қалғанның оңғанын көргенім жоқ.
– Ардақты атамекеніміздің қасиеті де, киесі де болып келген жортқан аң мен ұшқан құстың тұқымы тұздай құрымас үшін, қарынның және қалтаның қамымен түз тағыларын бейберекет қынадай қырған «қарақшыларға» қалай тосқауыл қоямыз?
– «Орман мен даланы мылтықпен емес, фотоаппаратпен аралайтын уақыт жеткен секілді» деген екен орыс ғалымы Аркадий Тимирязев. Ащы да болса бүгінгі қоғамның шындығы. Салада еңбек етіп келе жатқаныма ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Осы уақыт аралығында жануарлар дүниесін қорғауға тап бүгінгідей көңіл бөлінген емес. Орман мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 186 миллион теңге бөлініп, 50 дана түрлі көлік пен арнайы техника алынды. Табиғатты қорғау, заңсыз аңшылықтан бас тарту жөнінде Декларация қабылданды. Облыстағы мекеме-кәсіпорындар басшылары осы Декларацияға қол қойып, өздеріне тиісті міндеттемелер алды. Жабайы жануарлар мекендейтін ортаның және өсімдіктер әлемінің жойылуына жол бермеу үшін Қордай, Шу аудандарын қамтитын аумағы 367 мың гектар «Қордай-Жайсан» мемлекеттік табиғи қаумалы құрылуда. Бүгінгі күні ғылыми негіздемесі мемлекеттік сараптамадан өтуде. Жуалы, Талас және Жамбыл аудандарының аумағында «Жуалы-Қарашат» зоологиялық қаумалы үшін 148 мың гектар жер учаскелерін бөлу жұмыстары басталды. Яғни, облыс аумағының жарты миллионнан астам аңшылық алқабында аң аулауға, заңды түрде, мүлдем тыйым салынатын болады. Сонымен қатар, өңір басшысы аңшылық шаруашылықтарды жергілікті мәндегі ерекше қорғалатын аймақтарға кіргізу туралы тапсырма берді. Яғни, алдағы уақытта ерекше қорғалатын аймақтарға жолдама сатылып, аң атылмайды.
Жалпы, мамандардың дәл қазіргі уақыттағы алдына қойып отырған мақсаты – аймақ басшысының салаға көрсетіп жатқан қолдауын пайдалана отырып, табиғи байлықтарымызды қалпына келтіру.
– Өзіңіз айтып отырған жеке кәсіпкерлердің меншігіндегі аңшылық шаруашылықтардың өзі де табиғатымыздың байлықтарына үлкен зиянын тигізіп жатқан секілді…
– 2015 жылы ерекше қорғалатын аймаққа кірген «Үмбет» табиғи қаумалы 2001 жылы «Шахристан» аңшылық шаруашылығында болды. Сол жылдары бір төбенің басында 60-70 қырғауыл немесе топ-тобымен доңыздар жүретін. «Үмбет» қаумалы 2014 жылға дейін аңшылық шаруашылықтың иелігінде болды. Сонда аңшылық шаруашылықтың меншігінде болған жылдар аралығында «Үмбетте» бірде-бір тіршілік иесі қалмады.
Бүгінде таулы аймақтардың барлығында аңшылық шаруашылықтар ашылған. Белгілі бір шаруашылық иесіне еншісіндегі жердегі аң-құстың тек он бес пайызын ғана атуға жолдама беріледі. Сонымен қатар, жолдама тек бір күнге ғана беріледі. Шын мәнісінде аңшының бір жолдамамен қанша рет аңға шығатынын бақылап отырған ешкім жоқ. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелеуді облыс әкімі қазіргі таңда бақылауында ұстап отыр.
– Аудандардағы табиғат полициясын орталықтандыру мәселесін жиі көтеріп жүрсіз. Мұндай қадамға барғаннан не ұтамыз?
–Бұрнағы жылдары табиғат полициялары облыстық ішкі істер департаментіне қарайтын. Инспекторлар табиғат полициясымен бірге облыс орталығынан шығып, бірнеше ауданды қатар аралап шығамыз. Бір-бірімен байланысып отырған табиғат қаскөйлерін жаңылыстыру мақсатында бір күні Сарысу ауданында жүрсек, сол күні түнделетіп отырып Мойынқұм даласына бір-ақ жетеміз. Ал, қазір әр ауданда табиғат полициялары бар. Табиғатты қорғауға міндетті азаматтардың қандай деңгейде жұмыс жасап жатқаны біз секілді тәжірибелі мамандарға бесенеден белгілі. Аудандағы мамандар өздерінің аудандарынан басқа аймаққа барып қызмет атқара алмайды. Сондықтан да, сыбайластық орын алмас үшін уақыт оздырмастан орталықтандыру қажет.
Тағы бір жиі көтеріп жүрген мәселем – жекемен­шік­ке өтіп кеткен су айдындарын мемлекет меншігіне қайтару. Облысымызда бүгінде бірде-бір мемлекеттің меншігіндегі көл жоқ. Билікөл дейсіз бе, Тасөткел дейсіз бе, барлығы жеке кәсіпкерлердің қолына өтіп кеткен. Яғни, көлдің қызығын тек бір адам ғана көріп жатыр. Бұл мәселені тезірек шешу керек.
Жалпы, саладағы түйінді мәселелерді айтып таңды-таңға жалғауға болады. Ең бастысы, бұрынғыдай емес облыс әкімі және облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тарапынан айрықша көңіл бөлініп жатыр. Сондықтан, Табиғат-Ана сыйлаған ерен байлығымызды көбейте отырып, жамбылдықтардың ырысы еселене түсетін күн де алыс емес деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР