"Шабыт"

Табиғатпен тілдескен талант

Бұрын да мезгіл-мезгіл облыстық, республикалық газет-журналдар бетінен көрініп жүрген құландық қаламгер Қуандық Шолақтың шығармашылығымен таныс оқырман қауым оның ақындық арынының жыл өткен сайын шұрайлана түсіп, шымыр, сырлы дүниеге айналып бара жатқанын жақсы ұғады. Әсіресе, ақын туған жер табиғатының әсем, сұлу көрінісін қолда сусыған жібектей есіліп, жалт-жұлт еткен құнды жыр гауһар-маржанына айналдырып, жүрекке жеткізе алатыны жыр сүйер қауымды тәнті етеді.
Поэзия тілімен табиғаттың сан қырлы құбылысын, әдемі көркін шебер жырлаған ақындар бұрын да болған, бола да бермек. Бірақ, Қуандық Шолақ оны өзінше пайымдап, өзінше қабылдап, өзінше суреттеп, өзінше жырлайды. Оған дәлел оның таяуда Алматыдағы «Таңбалы» баспасынан жарыққа шыққан таңдамалы жыр жинағы. Кітап «Табиғат – тұнған сұлулық», «Өлеңім – ойым өрнегім», «Лебіздер, сұхбаттар және рецензиялар» сынды үш бөлімнен тұрады.

Айта кету керек, Қуандық ағамыз бұл күндері тартымды да сырлы жырларымен нағыз табиғат суреткеріне айналды.
Мысалы, кітапқа енген «Ақбас тау» өлеңіне көңіл аударалық.
Ақбас тау киіп алып мұз бөрікті,
Жоғалтқан жаздағы әсем түз көрікті.
Бәйбіше секілденген сары қарын,
Қолы ашық күрең қабақ күз келіпті…
Шұғыла шудаланып шашылар шақ,
Тұрады таудың тарғыл тасы да ән сап.
Білмейсің көбелегі, гүлі қайсы,
Жасқайды жанарыңды жасыл алқап, — деп жырлайды ақын. Осы жыр шумақтарын оқып отырғаныңызда табиғаттың әдемі суреттері көз алдыңызға көлбеңдеп тұрып алады.
Көсіліп жатқан қырқаны,
Ырықсыз ымырт қымтады.
Көмейіне кетіп барады,
Әлжуаз, сарғыш нұр табы.
Қатайған сайын күзгі ызғар,
Түнере қапты шың, құздар.
Күшіктей көзін жаңа ашқан,
Жыпылықтайды жұлдыздар.
Бұл тәжірибелі ақынның «Ымыртта» деген өлеңінің екі шумағы. Әдемі, әсерлі жазылған жыр. Зер салсаңыз, бұл – қаламгердің шабытының құдіреті, жыр жолдарымен табиғат көрінісін шебер суреттеуі, табиғат пейзажынан алған сезімі.
Жалпы, ақын Қуандық Шолақ – қоршаған ортаны, туған өлке көрінісін жүрегімен сезініп, поэзия тілімен оны шебер суреттейтін табиғаттың тамыршысы десек, артық айтпағанымыз. Ол жұмбақ табиғаттың әркім байқай бермейтін құбылысынан ләззат алып, шебер жырлайды. Жазған жырларының тақырыбының өзі көңілдің қылын шертіп, елең еткізеді. «Долы нөсер долданып…», «Шуақ шашып, келеді шығыс күліп…», «Қар жауып тұр үлпілдек», «Боз өкпедей бозарып…», «Оранған ауыл бағы шілтерге аппақ…», «Көкте ойнақтап қуатты от…», «Ұйлығысып ұйықтап жатыр тіршілік…», «Көк төсіне барады сына қағып…» өлеңдеріндегі әрбір адамның ойына келе бермейтін тың, шымыр ойлар, тынысы кең, қайталанбас керемет теңеулер оның шырайлы шығармаларынан мол орын алған.
Нағыз ақындық қасиет оның күнделікті өмірден көріп жүрген табиғат тылсымдарын ерке жыр жолдарына түсіріп, жүректерді жылытар поэзияға айналдыруы емес пе?! Осы айтқандай, ақын кітабындағы өлеңдер де оның сыршылдығының, ойшылдығының, сезімталдығының айғағы. Табиғаттың сөзбен салынған суретімен танысып, таптырмайтын теңеулер, орамды ойларды оқып, қаламгердің ақындық шеберлігін мойындайсыз. Мысалы:
Сары алтындай сәт сайын нұр балақтап,
Тұрақтамай күнгейге, сырғанақтап.
Керегедей керіліп келе жатыр,
Ұзын сирақ сәулелер қырдан аттап.
Тағы бір жыр жолдарына көз жүгіртелік.
Ауық-ауық бисініп,
Жел қанатын жаяды.
Анда-санда ит үріп,
Түнді оятып қояды.
Мінеки, көріп отырсыз, ауылда өскен барлығы­мызға таныс сурет. Өзіміз талай куә болған туған жер көрінісін, ауыл өмірін, тау мен дала тынысын, жыл мезгілінде болатын өзгерістерді ақын дөп басып, қанатты, әдемі үлпілдек жырға айналдырған. Қаламгердің сөздері ерекше, теңеуі де жаңаша, жүрекке жылы. Даланың сырлы жырын жүрегімен тыңдап, жанарына көшіріп, ақ қағаз беттеріне айна-қатесіз түсіргендей тамаша табиғи пейзаж.
Жалпы, Қуандықтың шығармаларынан туған өлкеге, өскен жерге деген сүйіспеншілігі анық аңғарылады. Табиғаттың тәжірибелі тамыршысы екенін оның шығармасымен танысқан әрбір оқырман мойындайды.
Көкте ойнайды қуатты от,
Көрсеткендей асылық.
Шұғылалы шуақ боп,
Көктем жатыр шашылып.
Айдындарда құс қаптап,
Жәрмеңкесін бастады.
Тау басына қысты аппақ,
Мезгіл қуып тастады.
Бауырқанып, бұлқынып,
Бұлттар өтті сіркіреп.
Күлімдеген сәбидей,
Шыға келді қыр түлеп.
Ойы өлеңнен өрнек тапқан ақынның сөзі асқақ та астарлы, теңеуі талассыз тамаша! Өлең-жыр құдіреті деп осыны айтпай ма?!.
Қоңыр күздің келгенін шын ұққаннан,
Болар, арық құлағы құлыпталған.
Жар қабақта жалғыз тал жарбияды,
Қол шатырдай шаншылып ұмыт қалған.
Іргеде өзен аптықса күміс білек,
Керқұла ат тұр кермеде мініс тілеп.
Көз ұшында түлкі ме, қарсақ па әлде,
Сай жағалап барады тіміскілеп.
Осы жолдарды оқып отырып, ғажап күйге бөленесің. Туған жерді бұдан артық бағалап, құрметтеп, сүю мүмкін емес сияқты…
Енді оның «Сызды күз, сұр бұлттар» деген өлеңіне зер салайық:
Кеуделеп жайсаң жазды алқымдаған,
Күз келіп тау да, тас та салқындаған.
Жұп-жұқа селдір бұлттар жоқ кешегі,
Киіздей шұрық тесік қарпылмаған.
Жазды күз жалаңаштап, тонап алып,
Тұр түлеп қырқалардың жоны ағарып.
Мектептен үйге асыққан оқушыдай,
Түстікке құстар легі барады ағып.
Ақынның бұл жыр жолдарында күз мезгілінде табиғатта байқалатын өзгерістер ажарлы, әсерлі суреттелген. Сөз қадірін ұғатын адамды бей-жай қалдырмайды, көңілін сергітеді.
Ия, Қуандықтың қай өлеңін алмаңыз жыр жолдарында жалаң сөз, жаттанды ой жоқ, шынайы, қаламы төселген нағыз ақынның таза жүрек лүпілін сезесіз. Қаламгер поэзияның әдемі, ерке тілімен оқушысын тамсандырып, көңілге нұр сәулесін себе білген. Жақсы жырдың солай қабылдануы заңды да. Өйткені, жыр құдіретін жүрекпен сезініп, поэзия ой-сезіміңді қытықтауы шарт. Қалай болмасын, көңілді тебірентіп, жүрекке жетпеген, кісінің санасына тың ой туғызбаған, сырласына, мұңдасына айналмаған жыр – бос әурешілік. Ал, Қуандық ақынның қағаз бетіне түсірген жыр жолдары тау суындай мөлдір, таңғы шықтай кіршіксіз таза. Жырларын оқи отырып, кейде дәл осы көріністі мен қалайша байқамағанмын, неге сезбегенмін деп те ойлайсың. Сірә, нағыз дарынды ақынның жай адамнан ерекшелігі де сол болуы керек.
«Атажұрт», «Кешіккен көктем», «Көксеңгір», «Қоңыр жел», «Қоңыр әуен». Бұл Қуандықтың әр жылдары баспадан шыққан жыр жинақтарының атауы. Әлгі кітаптардың қай-қайсысын қолыңызға алып оқысаңыз тамаша пейзаждың қанық бояуларына тояттайсыз. Осы жинақтардың барлығы да эстетикалық талғаммен үйлесіп жатқан поэтикалық ырғағы бар әуен. Қолына қалам ұстаған жанның бақыты – оқырманына өз ойын жеткізіп, онымен етене болу, бірге жасау. Ол бақыт Қуандық Шолақты айналып өткен жоқ. Өлеңдерін құлағы түрік елі біледі, тіпті, жатқа оқиды. Сондықтан, Қуандық ағаны бақытты ақындар қатарына жатқызуымызға әбден болады.
Расында да, ақынның жырларын оқи отырып, сол суреттелген табиғат аясына өзімен бірге еніп кеткендей сезінесің. Әрбір жырынан табиғаттың тірі бейнесі мен мұндалап тұратыны тәнті етеді. Мысал ретінде қаламгердің «Не деген керемет күн» атты жырын оқып көрейік:
Өмірге шығар бәлкім сүйініші,
Сүйкімді-ақ шуақтың жымиысы.
Әтір сеуіп өткендей жаңа ғана,
Ауаға сіңіп қалған гүл иісі.

Есіңнен әсте кетпен, ұмытылман,
Дегендей, көрікті екен бүгін бұл маң.
Сүйір саусақ, самал қыз еппен ғана,
Сүртеді қызғалдақтың шығын тұнған.

Шыңдардың қайда кеткен сұсы бірден?
Елтуде бұлақ шуы, құс үнімен.
Кеткен бе, аласарып Алатау да,
Басқасын сұлулықтың мысы мүлдем.

Не деген керемет күн, керемет күн,
Бар сынды болмысында ерен екпін.
Шомылтып ақ жауынды ақ шуаққа,
Тұр екен көктен күміс себелеп кім?

Сұлу май үлбіреп тұр қанатының
Ұшында қызыл-жасыл көбелектің
Не деген керемет күн!
Күншуақ жаздың жұп-жұмсақ, майда қоңыр ғажап күнін әсте әркім сезіне бермейді. Сол жаздың бір күнінің өзінде қаншама теңеулер жүр. Ғажап сурет! Дәлдеп айтсақ, бұны жаздың әнұранындай қабылдауға әбден болады! Тіпті, әрбірден соң өзің де сол күннің құшағына еніп, оның шапағат-нұрына шомылып тұрғандайсың.
Қуандық ақынның жырларын бірінен соң бірін тоқтаусыз, бас көтермей оқып, жан-дүниеңді рухани байыта түсесің, оқисың да ойланасың, жүрегің жылып, ішкі әлемің шуақты нұрға тола түскенін сезінесің.
Қуандық Шолақтың жыр топтамаларын оқып болып, одан алған әсер үстінде менің ойыма арқалы ақын Мұқағали Мақатаевтың:
Туады, туады әлі нағыз ақын,
Нағыз ақын бал мен су тамызатын…
Жыр сөздері жай болып атылғанда,
Атылғанда, аспаннан оқылғанда.
Мылқауларға тіл бітіп, керең естіп,
Жанар пайда болады соқырларға… — деген жыр жолдары оралды.
Ақын болу – арман. Әйтеуір ұйқас қуып, қара сөзді жыр жолдарына айналдырмақ болып, өздерін «ақынмын» деп жүрген жандар бұл күндері жетерлік. Бірақ, олардың жазғанының барлығы кімді болмасын селт еткізер поэзия емес, дәлірек айтсақ – сөз ұқсастығы, тақпаққа айналған қарасөз. Көзі қырағы, көңілі ояу, талғамы биік оқырман кімнің-кім екенін жырдың бір шумағынан-ақ аңғарады, бағалайды. Тәуба, елімізде жыр өнерін терең меңгеріп, қазақ поэзиясының түндігін желкілдетіп, жұртқа айтар тың ойымен артына өшпес із қалдырып жатқан қабырғалы ақындар мен жазушылар баршылық. Оған шүкіршілік етеміз.
Жерлес ақынымыз Қуандық Шолақ алдағы күндерде де жанға жайлы, әсем, шұрайлы, нәрлі, сырлы, тұшымды, жүрекке жылы жырларымен көпшілік қауымды сусындата беретініне сеніміміз мол.
Ауылда жүріп-ақ, ұлттық жыр әлеміне үн қосып, жұлдызы биік жүрген, табиғатпен сырласқан саңлақ ақынға жаңа шабыт, шығармашылық табыстар тілейміз.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Тараз қаласы

ПІКІР