Қоғам

Табиғи газ төңірегіндегі тартыс

Written by Aray2005

немесе кеңестіктердің жанайқайын кім тыңдайды?

Елбасы «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінде елді мекендерді газбен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша басымдық берілгені белгілі. Расында да, тұрғын­дардың тұрмыс-тіршілігін түзеу­де табиғи газдың орны бөлек. Дей тұрған­мен, әлі де болса, көгілдір отынға қол жеткізе алмай отырған ауылдар аз емес. Таяуда редакциямызға хабарласқан Байзақ ауданындағы Кеңес ауылы тұрғындарының да жанайқайы – осы көгілдір отын төңіре­гін­де.

Мәселенің мәнісін білмек мақсатта аталмыш елді мекенге арнайы ат басын бұрғанымызда ауыл ағайындарынан ауызбіршіліктің қашқанын бірден бай­қа­дық. Олай дейтініміз 377 түтіні бар алақандай ауылдың жұртшылығы «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару­дың» орнына екіге бөлініп, егесуді әдетке айналдырған. «Даудың басы – Дайрабай­дың көк сиыры» демек­ші, араздастықтың басты себебі – ауыл­ға газ кіргізу мәселесі. Бір топ көгілдір отынның келгенін қалайды, екінші тарап бұл тірлікті құптамайды. Жұрт­шы­лықтың арасында жанжал тудырған жайттың анық-қанығына көз жеткізу үшін қос тараптың пікіріне бірдей құлақ түрдік.
Айту керек, тұрғындар табиғи газдың тартылуына түбегейлі қарсы емес. Тек, құбыр тарту құнының қымбатқа түскендігін қаламайды.
– Бұл газ құбырын «Байзақ Газ Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Алайда, серік­тестік газды үйме-үй кіргізіп беру үшін әр шаңыраққа 580 мың теңгеден баға белгілеп отыр. Бұл не деген масқара? Мұндай бағаны естігенде төбе шашымыз тік тұрды. Себебі, көршілес ауылдарға газ 350-370 мың теңгеден тартылып жатыр. Сонда «Байзақ Газ Сервис» компаниясы 580 мың теңге деген бағаны қайдан алып отыр? Бұл халықты қанау ғой, – дейді ауыл тұрғыны Әсет Мамаев.
Ә.Мамаевтың сөзін жалғай кеткен Төрегелді Егізбаев есімді тағы бір тұрғын бастапқыда баға тіпті 620 мың теңге болғанын айтып қалды.
– Құрылыс басталмай тұрып ком­пания өкілдері газдың бағасын 620 мың теңге деп бекіткен бола­тын. Алайда, қарсылығымызды білдіргеннен кейін 580 мың теңгеге төмендетті. Бірақ, бұл әлі де болса қымбат. Өйткені, жуырда ауылға келген тағы бір компания газ құбырын 350 мың теңгеге жүргізіп беретіндігін айтты. Бірақ, ауыл әкімі Болысбек Оразов олардың ұсынысын тыңдамай, кеңсесінен қуып шықты. Оның себебін әкіміміз халыққа түсіндірмеді.
Ал, «Байзақ Газ Сервис» серік­тес­тігінің қазір жүргізіп жатқан құрылыс жұмыстары өте сапасыз. Қадаған қадаларының түптері бетондалмаған. Әйтеуір бәрі көзбояушылық үшін жасалып жатқандай. Оған қоса, газ құбырын әр үйдің қақпасының үстінен жүргізіп беру үшін тағы 15 мың теңгеден жинап алып жатыр. Бұған қалай шыдауға болады? – дейді Төрегелді ақсақал.

Бізбен тілдесу барысында Сара Маматаева есімді тұрғын да тағы бір шикіліктің шетін шығарғандай болды.
– Ауыл әкімінің әкесі Әштай Оразов бастаған адам­дар­дың қымбат газ құбырын тартуды қолдауының себебі бар. Олар үшін «Байзақ Газ Сервис» компаниясы «50 мың теңге жеңілдік жасаймын» деп уәде бергенін естідік. Міне гәп қайда жатыр? Әйтпесе, арзан газ кіргеніне кім қарсы болсын? Өз басым 580 мың теңгеге көгілдір отын кіргізе алмаймын. Мен тұратын көшеде 16 үй бар болса, соның тек 5-і ғана газ құбырын жүргізуге келісіп отыр. Сонда қалғандары қайтпек? Қазір ауылда есік алдында бір тауығы жоқ адамдар бар. Олардың да жағдайын ойлау керек қой, – дейді С.Маматаева газ құбырын тартуға түбегейлі қарсылығын білдіріп.
Ал, ауыл әкімінің әкесі бастаған екінші топтың айтар өз уәжі басқа.
– Келіп тұрған газға қарсы болған халықты түсінбеймін. Бұлар мемлекеттен тегін газ кірсін деп отыр. Бірақ, ол бағдарлама бізге қашан жететіні белгісіз. Кейбір тұрғындар қит етсе, арыз жазып шыға келеді. Ауызбіршіліктің болмауынан бірінен кейін бірі 5 әкім қызметінен кетті, – дейді Әштай Оразов.
Бұл пікірді Кеңес орта мектебінің мұғалімі Бақыткүл Жұматаева да құптады.
– Негізі, жекеменшік компанияның көмегімен болсын, ауылға көгілдір отын тартуға халықтың өзі келісім берді. Менде 150 тұрғынның қолы қойылған тізім бар. Ауылға газ 20 шақырым жерден тартылатындықтан, оның бағасының қымбат болатындығына түсіністікпен қарап отырмыз. Арнайы комиссия құрып, қазір көше-көшелерде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. «Байзақ Газ Сервис» компаниясымен де мәмілеге келіп, егер тұрғындар 580 мың теңгенің 70 пайызын төлейтін болса, қыс түскенше газды үйме-үй кіргізіп беруге келісіп отыр. Және олар жағдайы төмен 10 отбасыға газ құбырын тегін тартып беруге демеушілік жасамақ.
Ашығын айтатын болсақ, ауыл тұрғындарында мүлде ауызбіршілік жоқ. Бәрін бүлдіріп жүрген 1-2 арызқой кісілер. Олар тіпті, ауыл әкімінен ақша талап еткен. «Егер ақша бермесең, саған жұмыс жасатпаймыз» деп қорқытқанын да естідік. Осыдан кейін олардың сөзіне қалай ғана сенуге болады? – дейді мектеп мұғалімі.
Осылайша екі тарап бірін-бірі «жерден алып, жерге салып» жаға жыртысуға дейін барғаннан кейін, амал жоқ ауыл әкімін іздестірдік. Аудан орталығында жүргенін айтып, түске таяу жеткен ауыл әкімі Болысбек Оразов та жиылғандарға басу айта алмады. Тіпті, тұрғындардың арасынан «Сізді өмірі көрген емеспін. Ауылдың әкімісіз бе?» дегендер де табылды. Шыны керек, ауыл басшысын халықтың арасынан арашалап алуға тура келді. Сосын мән-жайды түсіндіріп беруді сұрадық.
– «Байзақ Газ Сервис» компаниясының жұмыстарын үш айдай бақылап, зерделедім. Содан кейін ғана газ құбырын тартуға келістім. Менің жұмысым үйлестіріп беру ғана. Халықтың өзі көгілдір отын сұрағаннан кейін, құрылысқа бас-көз болып жүрмін.
Рас, құрылыс басталмай тұрып тағы бір компанияның өкілдері келіп, 350 мың теңгеге газ тартып беретіндіктерін айтты. Бірақ, олардың қолдарында бірде-бір құжаттары болмай шықты. Сондықтан күмәнді серіктестіктің қызметіне жүгінуден бас тарттым.
Ал, үй қақпасы үстінен газ құбырын жүргізіп беруге 15 мың теңгеден жинап жатқан мәселеге келсек, бекітілген талап бойынша 3,5 метр биіктікке дейін компания құбырды тегін тартады. Одан асса үй иесі қосымша ақша төлеуі керек. Бұл – серіктестіктің талабы.
Жағдайы төмен 10 отбасыға тегін газ тартып беру мәселесіне мен араласып жатқаным жоқ. Ол тізімді ауыл азаматтарынан құрылған комиссия жасауда.
Егер халықтың дені газ тартуға қарсы болса, құрылысты қазір тоқтатамыз, – деп ауыл әкімі бұқара шешімімен санаса­тын­дығын жеткізді.
Осылайша, әкім түйткілдің түйінін тарқатқандай болған еді, ауылда жүргенімізді естіп жеткен «Байзақ Газ Сервис» серіктестігі басшысының орынбасары Айдар Икрасов халықтың ашуын қайта шақырды. Оған себеп, көпшілік газ құбырын жүргізіп жатқан компания өкілдерін осы таңға дейін бірде-бір мәрте көрмегендіктен, оны сұрақтың астына ала жөнелді. Не керек, компания өкілі газды Тегістік ауылынан тартып жатқандарын айтып шыр-пыр қақты. Егер 377 үйдің 270-і өтініш берсе, газ құбырын тарта беретіндіктерін, компанияның көгілдір отынның бағасын 620 мың теңгеден 500 мың теңгеге дейін арзандата алатындығын айтты. Ол осылайша серіктестікті қанша қорғауға тырысқанымен, тұрғындар егер газ құбыры 350 мың теңгеге жүргізілмесе, ақша төлеуден бас тартатындықтарын ашық жеткізді. Осы сәтте серіктестік өкілі бағаны тағы 400 мың теңгеге түсіру туралы басшылықпен ақылдасып көретіндігін айтып, бәрімізді аң-таң қалдырды. Сонда компанияның ойына келген бағаны қоя беретін болғаны ма?
Әрине, байыбына бармай байбалам салудан аулақпыз. Алайда, осы «Байзақ Газ Сервис» компаниясы Кеңес ауылына көршілес Үлгілі елді мекеніне де газ құбырын жүргізіп, қыста газ қысымы жетпегендіктен ондағы тұрғындар бүрсең қағып шыққанын естідік. Ал, Байзақ ауданының әкімі Рахматілдә Рахманбердиевтен білгеніміз аталмыш серіктестік Үлгілі ауылындағы бір көшеге ғана газ құбырын тартып, қалған көшелер кейінірек көгілдір отынға басқа компанияның көмегімен қосылған екен. «Содан газ қысымы көтерілмей, халық қыстан қысылып шықты», – дейді аудан әкімі.
Шындығын айтайық, аудан басшысынан осындай жауап естігенде таңғалдық. Себебі, «Байзақ Газ Сервис» компаниясы бұған дейін аталмыш аудандағы 22 елді мекенге газ құбырын тартқан екен. Егер олардың барлығында Үлгілі ауылындағыдай құрылыс ақаулары шығып жатса, бұған кім жауап бермек? Түптеп келгенде екіге қақ бөлініп, берекесі қашып, бір шешімге келе алмай отырған Кеңес ауылы да ертең үлгіліліктердің кебін кимейтіндігіне кім кепіл?
Тағы бір назар аударатын жайт, кеңестіктердің газ мәселе­сі­не қатысты облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына жазған арыздарына мекеме басшысының орынбасары Нұрбай Тілегеновтың қолымен жауап келген екен. Онда Байзақ ауданындағы Кеңес ауылын қосқандағы 21 елді мекенді мемлекет тарапынан көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін жобалық сметалық құжаттамалар әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысы алынғаны айтылған. Сондай-ақ, жобаға қаржы 2019-2020 жылдары қарастырылатындығы жазылыпты. Ал, хат мәтінінің соңында «Байзақ Газ Сервис» серіктестігі ұсынып отырған 580 мың теңгенің қымбат екендігі тайға таңба басқандай көрсетілген. Білдей бір басқарманың өкілі осылай тоқетерін айтыпты. Оған қалай сенбеске?
Қалай дегенде де, бұл талқылайтын емес, тез арада нақтылайтын мәселе. Өйткені, былтыр Шу ауданына тартылған көгілдір отын бағасына да тұрғындар қарсы шығып, арты айқай-шуға ұласқан болатын. Сондықтан жүгенсіз кеткен жекеменшік компанияларды да бір жөнге келтіретін кез жеткен секілді. Бұл мәселемен енді облыс әкімдігіне қарасты құзырлы мекемелер айналысады деп сенеміз.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

Байзақ ауданы

ПІКІР