Сұхбат

«Табысқа жету формуласы несиеге емес, ниетке байланысты»

Written by Aray2005

Баршаға белгілі, «ARAI» газеті Жастар жылына орай «Білгеніңмен бөліс, бизнесмен!» айдарын ашып, кәсіп бастағысы келетін замандастарға ой саларлық сұхбаттар ұсынуды қолға алған болатын. Жаңа жоба аясында есімі елге елеулі азаматтармен дидарласып, өмір жолы мен өнегелі істері төңірегінде пікір алмасуды мақсат тұттық. Осы орайда өткен жолы «Рысбаева и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сәуле Рысбаевамен әңгіме өрбіткен едік. Ал бүгін Түркістан облысындағы Бәйдібек, Жамбыл облысындағы Сарысу аудандарының Құрметті азаматы, «Алтын Орда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, меценат Дәулеталды Жанбаевпен сұхбаттасудың сәті түсті. 

– Адам өмірінің әртүрлі кезеңдерден тұратындығы белгілі. Соның ішінде балалық шақ балдәуреннің әсері бөлек. Бүгінде есімі елге белгілі кәсіпкер, үлкен жүректі азамат Дәулеталды Жанбаев қандай бала болды? Жалпы, қайда оқып, білім алдыңыз?
– Шынында, кім-кімге болмасын балалық шақтың баяны бөлек. Мен қазіргі Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Жарықбас ауылында туып өстім. Сонда мектеп табалдырығын аттап, қара таныдым. 1975 жылы алтын ұя – мектепті тәмамдап, Жамбыл облысының Жаңатас қаласына келдім.
Ол уақытта Жаңатас 3 қана ықшамауданы бар өте шағын шаһардың бірі болатын. Қалада небәрі 12 мыңдай ғана халық тұрды. Одан бері жарты ғасырға жуық уақыт өткен екен. Сол қаламен бірге өсіп-өндім десем де болады. Жалпы, мұнда келуімнің басты себебі білім алу болған. Яғни мектепті бітірген соң осы Жаңатас қаласындағы кешкі техникумға құжат тапсырып, тау-кен ісі бойынша мамандық алып шықтым. Одан соң іргедегі Қаратау қаласында Алматы политехникалық институтының филиалын бітіріп шықтым. Кәсіпкерлікке бет бұра бастаған уақытта экономикалық білімнің қажет екендігін түсініп, Көкшетаудағы экономикалық институтта да білім алдым. Осылайша алған білімімізді Жаңатас қаласында кәдеге жаратып, кеншілер шаһарында тұрып жатырмыз.
– Кәсіпкерлік саласы туралы сөз қозғап қалдыңыз. Байқауымызша, бизнеске ертерек бет бұрған сияқтысыз. Идея қайдан туындады? Жеке ісіңізді ашуға не түрткі болды?
– Бизнеске қоғам алып келді десем, артық айтқандығым бола қоймас. Оны жасыратын түгі жоқ. Кеңес Одағы ыдырап, еліміз егемендікке қол жеткізген сәт. Бодандық бұғауын бұзып, бостандықтың бақытына бөленген уақыт. Еңсеміз тік, рухымыз асқақ. Дегенмен осы шақтарда алып зауыттардың барлығы жұмыстарын тоқтатып, олардың орнына шағын кәсіпорындар іске қосыла бастады. Соған байланысты түрлі кооперативтер құрылды. Бізде тұрғын үй құрылысын жүргізетін комбинат болатын. Мен осы аталған кәсіпорында кен өндіру ісі бөлімшесіндегі теміржол саласы қызметін басқаратынмын. Айта кетерлігі, комсомол ұйымдары құлдырай бастаған кезде тұрғын үй құрылысын жүргізетін комбинат учаскелерінің барлығы кооператив болып қайта құрылды. Құрылыс саласы бойынша жоғарғы қабаттарға көтерілетін крандарға мамандар қажет болып, мені жұмысқа шақырды. Сол жерде екі жарым жылдай жұмыс атқардым. Шындығын айтсам, кооперативтің бүгіні мен болашағы бізге түсініксіз жағдай болатын. Бірақ сол қызмет атқарған екі жарым жылдың ішінде бұл саланы біраз зерделедім. Ақырында құрылыс та тоқтай бастады. Жұмыс болмаған соң, жұрт та екі қолға бір күрек іздеп, сыртқа бет алды. Осындай жағдайлар жеке кәсіп ашуыма алып келді. Содан бері бизнесімді жүргізіп келемін. Қазіргі таңда «Дәулет» атты шаруа қожалығым бар. Бұл салада 2004 жылдан бері жұмыс жасап келе жатырмын. Негізінен, қожалықта жылқы мен ұсақ малға көптеп көңіл бөлінген. Одан бөлек 2006 жылы «Алтын Орда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылды. Яғни құрылыс саласында бағымызды сынап келеміз. Әрине, кез келген саланың ауыртпалығы мен қиындығы бар. Дегенмен талпыныс пен табандылықтың, қажыр-қайрат пен адал еңбектің арқасында бірқатар нәтижеге де қол жеткізудеміз.
– Халқымызда «Бір кісі мың кісіге олжа салар» деген сөз текке айтылмаса керек-ті. Қазіргі таңда қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыз?
– Бүгінде «Дәулет» шаруа қожалығында 6 адам жұмыс атқарады. Олардың ішінде жылқышы, қойшылары мен көмекшілері бар. Өзім осы қожалықтың құрылтайшысы әрі басқарушысымын. Ал құрылыс жұмыстары көлемінің әр жылдары әркелкі болатындығы белгілі. Алған тапсырысымыз ұлғайған жағдайда, қосалқы мердігерге жүгінеміз. Қазіргі таңда «Алтын Орда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 40-50 адам жұмыс жасайды. Бұдан бөлек «Заңғар» сауда орталығын ашып, халыққа қызмет көрсетіп жатырмыз. Еңселі ғимараттың бірінші қабатындағы сұлулық салонына 8 адам жұмыспен қамтылған. Ал екінші қабатын жалға беріп қойғанмын. Ол жерде 22 адам кәсіпкерлікпен айналысады.
– Бұған дейін де әртүрлі марапатқа кенеліп жүрсіз. Ал былтыр «Сарысу ауданының Құрметті азаматы» атандыңыз. Қандай сезімде болдыңыз?
– Әлбетте, барлық жетістіктің артында үлкен еңбек жататындығы белгілі. Әрине, әрқайсысының орны бөлек. Құрылыс саласында тер төгіп жүргеннен кейін 2016 жылы «Қазақстанның Құрметті құрылысшысы» атағын алғанымды тынымсыз тер төгудің нәтижесі деп білемін.
Бәйдібек ауданының тумасы болған соң, сол жақтың қариялары кейде өтініш білдіріп жатады. Көптің тілегін ескере келе, туған ауылыма кіреберіс қақпа жасатып бердім. Мұндай тірлікті көршілес ауылда да жалғастырып, сондағы қариялардың батасын алдым. 2017 жылы өзім білім алған мектептің алдына «Түлектер аллеясын» салдырып, қызыл гранит тасынан құрмет тақтасын орнаттым. Ең әуелі, онда мектептің тарихы жазылды. Сонымен қатар сол мектепті бітіріп, әр салада үлкен нәтижелерге қол жеткізген азаматтардың да есімі ескеріліп, тақтадан орын алды. Оның ашылуында сол мектепті бітірген есімі елге белгілі азаматтардың барлығы жиналып, алғыстарын білдірді. Аудан басшылығы осындай жұмыстарды ескерген болуы керек, «Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы» атағын берді.
Ал Сарысуда жоғарыда атап өткенімдей,
44 жылдан аса тіршілік жасап келемін. Мұнда да біршама ілкімді істердің басы-қасынан табылып, қолымнан келгенше еңбек етудемін. Осыны ескерген аудан басшылары мен арнайы комиссия «Сарысу ауданының Құрметті азаматы» атағына лайық деп таныпты. Салтанатты сәтте толқыныстың болғанын жасырмаймын. Әрине, аудан басшылығына еңбегімді ескеріп жатқанына алғысымды білдіремін. Бұл атақ – қаншама жыл төккен теріңді, атқарған ісіңді зерделеуге бастайды екен. Осы орайда жіберген кемшіліктерің де ойға оралады. Яғни өз-өзіңе есеп бересің. Түйгенім, мұның барлығына халықпен бірге қол жеткізіп келе жатыр екенмін.
– Ел егемендігін алғалы бері бизнес саласында келе жатырсыз. Шыныңызды айтыңызшы, кей-кейде мемлекеттік қызметке ауысу немесе депутат атану туралы ойлар болды ма?
– Жасыратыны жоқ, Болат Мәдікенов Сарысу ауданының әкімі болып қызмет атқарған жылдары орынбасарлық қызметті ұсынды. Ал мен ол тұста «Алтын Орда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысын жаңадан бастап жатқанмын. Айта кетерлігі, Болат Мәдікеновпен комсомолдық кезеңдерде қоян-қолтық жұмыс атқарғандықтан, бір-бірімізді жақсы танимыз. Сондықтан да болар, оның таңдауы маған түсті. Бірақ құрылыс саласындағы бизнесті жаңадан бастап жатқандықтан ол кісіге алғысымды жаудырып, бармайтынымды айттым. Өйткені бастаған ісім орта жолда қалатын болды. Мұнан соң депутат болу туралы да ұсыныстар айтылды. Ауданның бұрынғы әкімі Жангелді Омаров та депутат болу туралы ұсынысын жеткізді. Олардан бас тартуымның себебі, мал шаруашылығы мен құрылыс саласы оңай іс емес. Баяғыда бір ағам: «Отыз жылдан бері шаруашылықта келе жатырмын. Бірақ «шаруашылық» деген сөздің мәнісін байқамаппын, Дәулеталды Шаруашылық деген– шылық пен былықтың ортасы екен ғой», деп еді. Бәлкім, ол кісі бұл сөзді шаршаған кезінде айтқан болар. Дегенмен әрбір еңбектің жемісі болады ғой. Сол секілді шылық пен былық болмаса да, мен атқарып жүрген салалардың қыр-сыры көп. Төрт түлік болғаннан кейін сақпаны, оларды қырқатын кезеңі болады. Жем-шөбі де уақыт күттірмейтін іс. Ал құрылысқа келер болсақ, нысанды уақытында бітіріп, тапсыру жауапкершілікті жүктейді. Бұлардың басы-қасында жүрмесең, жұмыс ешқашан өз нәтижесін бермейді. Мен жалпы табиғатымнан асқан жауапкершілікті қалаймын. Себебі маған ұнаған дүние ғана өзгеге ұнайтындай сезінемін. Осындай себептермен мемлекеттік жұмыстарға аса қызыға қойған жоқпын.
– Қазіргі таңда мемлекеттік-жекешелік әріптестік жүйесі қолға алынып, жаңа жобалар жүзеге асып жатыр. Оның алғашқы қатарында өзіңіз де медициналық нысандар соғып, пайдалануға бердіңіз. Сіз осы жүйенің қандай тиімді тұстарын атап өтер едіңіз?
– Кәсіпкер ретінде айтар болсам, біздер үшін аса бір пайдасы бар дей алмаймын. Бірақ қоғамға керек нәрсе. Мен мына жерден пайда таппадым екен деп кері шегінуге болмайды. Биліктен келген тапсырма Алладан келген бұйрықпен бірдей. Былтыр бізге ауданнан екі медициналық пункт салып беру туралы ұсыныс түсті. Бұл ұсынысты жерде қалдырмай, жаңа нысандар салып бердік. Дейтұрғанмен жүйе қолданысқа енді ғана енгізіліп жатқаннан кейін біршама түсініспеушіліктер болғандығын да жасырмаймын. Мәселен, бастапқыда жерді қосалқы шаруашылық ретінде берді. Одан кейін қайтадан сатып алдық. Осыған қарамастан мойнымызға алған жұмысты уақытылы бастап, белгіленген мерзімде аяқтадық. Алайда құжаттарына байланысты қаражатты жылдың аяғында алдық. Әрине, жобалық-сметалық құжаттары бойынша 15 орындық мекеме. Оның құны 90 миллион теңгеге жуықтайды. Олардың ішіне инфрақұрылым тарту жұмыстары да кіреді. Бірақ біз ол жұмыстарды 35 миллион теңгеге жасадық. Сапасы да сала мамандарының көңілінен шығып, жоғары бағасын берді.
– Қазіргі таңда әлеуметтің әлеуметтік желіге жегілген заманы болды ғой. Байқағанымыз, сіз де кейінгі кезде осы «Facebook-ке» тіркеліпсіз. Мұның мәнісі неде?
– «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуовтың жиналыстардың бірінде «Facebook» әлеуметтік желісіне тіркелу туралы ұсынысын айтқаны бар. Сондай-ақ аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Қуаныш Құлыбеков те желіге тіркелу арқылы жылт еткен жаңалықтарды қарап отырасыз дегеннен кейін өз парақшамды аштым. Шынтуайтында, оны 100 пайыз пайдаланамын деп айта алмаймын. Арасында өз ойымды жазып, оқырмандарыммен бөлісіп тұрамын. Оның бірі Елбасының өз өкілеттілігін тоқтату жөніндегі шешіміне байланысты пікіріммен бөлістім. Алда Президент сайлауы өтеді. Бұл тарихи сәт, үлкен оқиға. Сондықтан да әрбір азамат бұл саяси науқаннан тыс қалмай, белсенділігін, өзіндік көзқарасын танытуы керек. Міне, осындай ойларымды алдағы уақытта да жазып отыратын боламын.
– Сол әлеуметтік желіден сіздің жастық шақта жазған өлеңіңізді көзіміз шалып қалды. Шығармашылыққа қаншалықты жақынсыз? Рухани дүниеге көзқарасыңыз қандай?
– Біз елуінші жылдары дүниеге келген азаматтармыз. Жастық шағымызда әлеуметтік желі секілді ақпарат құралдарының бірін де көрген емеспіз. Барлығымыз жата-жастана газет, кітаптар­ды оқитын едік. Мысалы, Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», Саттар Елубаевтың «Менің құрдастарым» секілді кітаптарын оқып өстік. Бұл дүниелер бізге кәдімгідей әсер ететін. Жастық шақтағы арман бізге қанат бітіретін. Одан кейін тарихи «Жанталас», «Арпалыс» секілді кітаптар қызығушылығымызды оятты. Әлжаппар Әбішовтың «Найзағай» деген шығармасын оқып отырып, Мәди болғымыз келетін. Сондықтан кітап біздің ең жақын рухани досымыз болды. Теледидар біздің ауылға 1974 жылы келе бастады. Ал 1969 жылы электр жүйелері тартылды. Оған дейін дизельдік шағын стансалар болушы еді. Олар уақытпен беретін. Соған қарамастан майшаммен кітап оқып, сабақ орындайтынбыз. Осындай себептерге қарап отырып, қатарымның барлығы әдебиетке жақын деп айта аламын. Соның бірі – менмін. Кезінде жазушы да, ақын да болғымыз келді. Биыл Жастар жылы дегенге оқушы кездегі дәптерімді ақтарып отырып, бұрын жазған өлеңімді желіге жүктегенім бар. Сол өлеңді салғаннан кейін түрлі пікірлер жазылды. Біреулер мақтаса, арасында даттағандар да табылып жатты. Дегенмен ол жазылғанына біршама уақыт өтіп кеткен дүнием болатын. Әр жылдары жазылған өлеңдерім де бар. Айта кетерлігі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жазылған алғашқы кітабым «Қарасу атамекенім» деп аталады. Оның бағасын халық өзі берді. Алған кісілер рақметін айтып, қариялар ақ батасын жаудырды. Мұның барлығы менің руханиятқа деген көзқарасымның оң екендігін аңғартса керек.
– Қоғамда әртүрлі мәселелер туындап жатады. Сізді азамат ретінде қандай түйткілдер толғандырады?
– Қай кезеңде де болмасын басты байлығымыз тыныштық екендігі ақиқат. Ұрпақтың аман-есен өсіп-өнуі мен алаңсыз еңбек етуі. Еңбек болғанда да адал еңбек. Сондай-ақ халқымызда ауызбіршіліктің болғанын қалаймын. Бас-басымызға би болмай, әркім өз жолымен жүрсе ғана қоғам дамиды. Қабырғама бататыны – базбіреулердің көтере алмас шоқпарды беліне байлайтындығы. Қолынан келмесе де ел сенімін арқалап, халық қалаулысы болғысы келеді. Әрине, ел сенімін арқалаған дұрыс, бірақ соны алып жүре аласың ба? Мәселе осында. Пайдаң тисе жақсы. Былғары орындыққа отырып алып, нәтиже шығармасаң, аманатты арқалаудың қажеттілігі қанша?! Сондықтан «Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» деген сөз текке айтылмаса керек-ті.
Қазір Құдайға шүкір, еңбек еткен жерде қалмайды. Бұдан да қиын кезеңде жұмыс істегенбіз. Ең алғашқы кооперативтер құрылып жатқан шақта «Көбік ауызданғаннан көрі бұлақтың басынан барып, екі қатар картоп екші. Жиырма тауық ұсташы. Ол көбейеді. Содан нәсіп тересің, нәпақа табасың» деуші едім. Осылай қатарлас жігіттерді қайрайтынмын.
– Бүгінде кәсіп ашқысы келетіндер бар. Бірақ алғашқы қадамды неден бастарын білмей жатады. Кейбіреулер әуелі капитал болғаны дұрыс дейді. Бұл орайда сіздің түйгеніңіз қандай?
– Оның барлығы қате пікір. Кәсіпкер ретінде әртүрлі басқосуларда көп боламын. Сонда несие сұрап жатады. Шындығы керек, мен ондайдан қорқамын. Себебі іс бастағаннан кейін түскен қаржыны банкке берем бе, әлде ары қарай дамуға жұмсаймын ба деп ойланасың. Несие алған адам осылайша қаржыны қай жағына жеткізеді? Сондықтан кәсіп бастарда несие алып, қыруар қаржы іздеудің қажеті жоқ сияқты. Әрине, бұл менің жеке пікірім. Жалпы, үлкен істі бастау үшін, мүмкін, несие қажет те шығар. Бірақ мен ол саламен жүрген жоқпын. Кәсіптегі менің ұстанымым уыстап бастап, оны ары қарай дамытып отыру. Мақұл, несие алдық делік. Жұмысың алға баспай қалса, қасыңдағы серіктерің мен банктің алдында қандай күйде қаласың?! Оның үстемеақысы тағы бар. Сол себепті де табысқа жету формуласы несиеге емес, ниетке байланысты.
– Биыл Жаңатас қаласына 50 жыл. Сіз үшін қаланың қай кезеңдері қымбат?
– Барлығымызға алдымен, өзіміздің жастық шағымыз қымбат. Адамзаттың да көктем мен жазы, күзі мен қысы бар деп бөлетін болсақ, әрине, көктем мен жазы маңызды рөл атқаратыны белгілі ғой. Мен бұл қалаға 17 жасымда келдім. 1977 жылдан бастап мұнда жас мамандар шоғырлана бастады. Ал 1979 жылы «екпінді құрылыс» қарқын алды. Осылайша қала өркендей түсті. Сол жылдары халықтың саны 60 мыңнан асты. Одан кейін 1990 жылдары құлдырауды бастан өткерді. Айта кетерлігі, бұл шаһарға 1969 жылы қала статусын берген. Менің мұрағатымда ескі фотосурет бар. Бұрынғы «Привокзалный», қазіргі «Әулиеата» көшесінде екі қабатты 4 үй болатын. Әлгі фотосуретте солар көрініс тапқан. Ол да болса, қымбат мен үшін. Тағы бір айта кететінім, камсомолдық кезеңдер де ұмытылмас шақ қой. Сол кезеңдер, яғни 1979-1980 жылдары Жаңатастың жарқыраған жылдары болды. 1982 жылдары тұрғын үй құрылысын жүргізетін комбинаттың жұмысы басталды. Бұл зауыт сол кездегі КСРО бойынша төртінші зауыт болды. Өкінішке қарай, кейіннен жұмысы тұралап, ғимараттары бұзылып кетті. Жалпы, оны соғудың себебі, осы төңіректегі Таукент, Қаратау және Жаңатас қалаларын қажетті материалдармен қамтамасыз ету болды. Оның салған үйлері мобильді болатын. Осы қаладағы 3, 7, 8 және 9-ықшам­аудандар алып комбинаттың күшімен салынды. Сондай-ақ Таукентте де үйлер бой көтерді. Қаратау қаласында да біршама баспана салынды. Халық үдере көшкеннен кейін оның барлығы бос қалды. Қазір Құдайға шүкір, қаңырап тұрған үйлер қайта қалпына келтірілуде.
– Жаңатастың даму болашағын қалай елестетесіз?
– Әкемнің «Ержігіттің қолында шара үш рет толады, үш рет төгіледі» деген жақсы сөзі есімде қалыпты. Адам да, жер де солай болады екен деуші еді. Ол кісілер ертеректе осы жерден құмға қарай мал айдап өткен кезде «Уілдек», қазір біз «Итауыз» деп атайтын аумақтан қорқады екен. Себебі жыңғыл, шеңгел басып, адам жүретін жер жоқ болыпты. Одан кейінгі жылдары осы жерден Жаңатастың жарқырап жанғаны қандай керемет деп таң қалатын. Соған қарап адам секілді жердің де бағы жанатынына көз жеткізген. Жаңатастың жұлдызын жарқыратқан жер­асты байлығы ғой. Сондықтан бізге химия керек. Онсыз бізге өмір жоқ десек те болады. Жарты­ғасырлық белесті артқа тастаған шаһар әлі дамиды, көркейеді. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан да жарқын жобалар қолға алынып, жергілікті атқарушы орган жүйелі жұмыстарды жүзеге асыруда. Соның арқасында ел-жұрттың ертеңгі күнге деген сенімі де нығая түседі.
– Сөз соңында оқырмандарға тілегіңіз болса…
– Жоғарыда өзің айтпақшы, қазір әлеуметтік желінің заманы болып тұр. Дегенмен бүгінгі жастарға газет-журнал, кітап оқуды насихаттауымыз қажет. Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» шығармасы желісінде кино туынды түсірілген еді. Сол кітапты мен бірнеше қайтара оқып, әр жеріне мұқият зер салатынмын. Және сондай шығарма желісі бойынша Досхан Жолжақсынов «Құнанбай» фильмін түсірді. Қарап отырсақ, ол дүниелер кітаптағы мазмұн мен оқиға желісін толық ашып бере алмады. Мұнда айтпағым, әлеуметтік желі бір бөлек, кино бір бөлек, ал кітап бір бөлек. Сондықтан кітапқа көп көңіл бөлуіміз керек-ақ. Сондай-ақ қай салада жүрсек те аянбай еңбектенуіміз қажет. Себебі барлығына еңбек жеткізеді.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Тұрсынбек Сұлтанбеков

ПІКІР