Табысты да танымал түлектер Таразда бас қосады

0 31
Ақпан айының аяғында Жамбыл облысында «Жомарт түлек» форумы өтпек. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.
«Республикада алғаш болып Жамбыл облысы «Жомарт түлек» жобасын қолға алған еді. Бұл жоба туған жеріне танымал, түрлі салада еңбек етіп жүрген түлектердің табысты өмір жолын жас ұрпаққа насихаттауды мақсат етеді. Соңғы 30 жылда облысымызда 400 мыңнан астам түлек мектеп бітірген екен. Аймақтың білім ошақтарынан еліміз бен әлемге танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, әйгілі ұстаздар, ғалымдар, дәрігерлер, спорт, өнер және қарапайым еңбек адамдары қанат қаққан.
Жоба аясында jambyl-tylek.kz сайты іске қосылып, бүгінде 71 мыңға тарта азамат тіркелді. Түлектер өз мектебі үшін өнегелі істер жасайды, ағаш отырғызады, кітап сыйлайды, табысқа қалай жетуге болатыны жөнінде іні-қарындастарына дәріс оқиды. Білім алған мектебі мен ауылының дамуына үлес қосқан атымтай жомарттар соңғы бес жылда 1 млрд. 850 млн. теңгеге демеушілік көмек көрсетіпті. Демек, жоба арқылы түлектердің өнегелі істері насихатталып, ұрпақтар арасындағы сабақтастық жалғасады. Жастардың бойында Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілік қалыптасып, патриоттық сезімдері оянады.
Биыл 25-ші ақпан күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өңірде алғаш рет «Жомарт түлек» форумын өткізуді жоспарлап отырмыз. Дәстүрлі және онлайн форматта ұйымдастырылатын бұл шарада туған өлкемізден шыққан белгілі азаматтарды, өңір тумаларын туған жерінің әлеуметтік мәселелерін шешуге, елдік бастамаларды іске асыруға, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, коммуналдық шаруашылық және басқа да салалардағы маңызды жобаларды жалғастыруға шақырамыз.
Форумның негізгі өзегі еліміздің, облыстың 30 жылда жеткен жетістіктерін кеңінен паш ету, бірегейлік пен бірлікті нығайту аясында қоғамды топтастыру, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру, жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеу деуге болады. Алқалы жиынға А.Әшімов, М.Жолдасбеков, А.Миразова, Т.Балықбаев сынды тұлғалар да қатысады. Сонымен қатар облыстан шыққан белгілі азаматтар, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, Тәуелсіздік құрдастары шақырылады» – деді Е. Жұматұлы өз жазбасында.

Leave A Reply

Your email address will not be published.