Табысы төмен қызметкерлерге кімдер жатады?

0 15

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл бюджеттік сала қызметкерлерінің айлық жалақысы 30 пайызға көбейеді. Олардың қатарында білім саласының мамандары да бар. Алайда, аталған үстемақы тек айлығы төмен қызметкерлерге ғана қосылатыны белгілі. Десе де, бұл жүйе қалай жүзеге асады? Және табысы төмен мамандарға кімдер жатқызылады? Міне, осы сауалдарға жауап іздеп, мәселенің түбіне майшаммен үңіліп көрген едік.

Облыс әкімдігінің білім басқармасы берген мәліметке сүйенсек, қазір өңірде 446 мектеп бар екен. Онда барлығы 25528 маман қызмет атқарып жатса, оның 22455-і пән мұғалімдері. Енді осы білім саласы қызметкерлерінің қаншасы 30 пайыздық үстемеден үмітті?
– Жалпы, алдағы уақытта облыс бойынша білім беру саласындағы 30 мың адамның жалақысы өседі деп күтілуде. Біз бұл межені штаттық бірлікке сүйене отырып жасадық. Ал жалақысына үстеме қосылатындардың қатарына мектепке дейінгі ұйымдар мен интернаттардың тәрбиешілері, олардың көмекшілері, әдіскерлер, әлеуметтік педагогтар, балабақшалар мен колледждердің психологтары, қосымша білім беру ұйымдарының қызметкерлері, кітапханашылар, тәлімгерлер, бухгалтерлер, іс жүргізушілер, қызмет үй-жайларын тазалаушылар, аула тазартушылар, күзетшілер, пеш жағушылар, сантехниктер мен электриктер жатқызылады. Қазіргі таңда Білім және ғылым министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірлесе қызметкерлердің санаттарын және артатын жалақы көлемін нақтылап жатыр. Сондықтан әзірге нақты бір байлам айта алмаймыз. Және министрліктен арнайы кестенің қашан келетіндігі де белгісіз. Десе де, біз қандай да болмасын бір өзгерістерге сақадай сай дайын отырмыз, – дейді облыстық білім басқармасы жоспарлау және жобалау бөлімінің басшысы Гаухар Бегматова.
Иә, сала маманы осындай ақпарат айтуда. Әрине, қазіргі заңнамада бюджеттік сала қызметкерлерінің төменгі жалақысы жайлы ештеңе жазылмағандықтан мұндайда бір байлам мен болжам жасау оңай емес. Десе де, жуырда еліміздің су жаңа Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова 30 пайыздық үстемеге қатысты пікір білдірді. Оның сөзіне сүйенсек, алдағы уақытта білім саласындағы 500 мыңға тарта маманның жалақысы өседі екен.
«Білім беру саласындағы жалақысы төмен қызметкерлердің еңбекақысын ұлғайту дифференциалды түрде 30 пайызға дейін жүзеге асатын болады. Бұл ретте білім саласында 500 мыңға тарта адамның жалақысы өседі деп күтілуде. Олардың қатарында мектепке дейінгі ұйымдар мен интернаттардың тәрбиешілері, олардың көмекшілері, әдіскерлер, әлеуметтік педагогтар, балабақша мен колледж псиxологтары, қосымша білім беру ұйымдарының қызметкерлері, кітапxанашылар, тәлімгерлер, буxгалтерлер, іс жүргізушілер, еден жуушылар, күзетшілер, от жағушылар, сантеxниктер мен электриктер сияқты басқа да теxникалық қызметкерлер бар», – деді министр.
Айта кеткен жөн, осы жолғы 30 пайыздық үстемақы бұған дейінгі 30-50 пайыздық қосымша ақыдан бөлек. Өткен жылғы Жолдауда Елбасы білімнің жаңа мазмұны бойынша сабақ беретін мектеп мұғалімдерінің жалақысын 30 пайызға көтеруді тапсырғаны белгілі. Осылайша, былтыр 1, 2, 5 және 7-сынып мұғалімдерінің айлық жалақысы көтерілсе, қыркүйекте 3,6 және 8-сынып ұстаз­дарына еңбекақыны үстемеақымен алуға мүмкіндік берілді. Биылғы жаңа оқу жылынан 4,9 және 10-сынып мұғалімдерінің жалақысы көбейеді. Ал 2020 жылы 11-сынып мұғалімдерінің айлығы артады деген жоспар бар. Бұдан бөлек, аттестацияның қорытындысы бойынша 50 пайызға дейін үстемеақы алуға мүмкіндік туады. Олардың қатарына облыс бойынша 8705 педагог еніп отыр.
Міне, осылайша алдағы уақытта білім саласын үлкен өзгерістер күтіп тұр. Алайда айлық жалақысы төмен қызметкерлерге 30 пайыздық үстеме 1 шілдеден қосыла ма әлде жаңа оқу жылынан бастап беріле ме, ол жағы әзірге зерделену үстінде. Десе де білім саласы қызметкерлерінің әмияны бір қалыңдайтыны анық.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.