Тағдыр түйістірген толқындар

(Бүгінгі әңгіме)

0 21

Көктемнің жаймашуақ күндеріндегі құстардың сыңғыр қаққан үні жүректі жайландырғандай. Табиғаттың жарқын  жаңа тынысы ашылып, тіршіліктің оянғаны байқалады. Таңғы тыныштық пен самаладай ескен жылы жел жарқын болашаққа жол саларлықтай ойды оралтады. Аңсар өзінің сүйіктісін саябаққа шақырып, болашаққа жаңа қадам жасамақ. Ол бүгінгі күні Айкөркемге ұсыныс жасауға бел буды.

Кешқұрым… Табиғаттың өзі де оған көмектеспек болғандай, самал жел Айкөркемнің шашын сипап өткенде оның сұлу жүзі әрмен қарай көркеюде. Міне, бірер минуттан соң ыңғайлы уақыт сәті келмек. Жігіт өз сезімін жұлдызды аспан астындағы кешкі аста айтпақ болады. Алғашқы жұлдыз жарқырап шыға бергенде қолдағы раушан гүл жапырақтарын жан-жаққа шашып, романтикалық әуен қосып, төс қалтасынан жүзікті шығарып, сезімін паш етеді. Қос ғашықтың жүрегі кеудесінен шығардай болып қуанған сәтте ешқашан ұмытылмастай күй кешеді. Айкөркем ойланып, келісімін береді. Арада бір апта өтіп, тойға дайындық басталып та кетті. Той ертегідей өткенімен, қаладағы жас отбасының өмірі жұмыссыздықтан басталады. Аңсар ауылдан шыққан жігіт болатын. Достары ауылда жұмыс бар екенін айтқан сәттен бастап Айкөркемді атақонысқа көшіп, жаңа өмір бастауына көндіреді. Аңсар мал дәрігері, ал Айкөркем – тарих пәнінің мұғалімі.
Жас жұбайлар қол ұстасып ауылға кетті. Әуелі ауылдың тұрмыс-тіршілігіне үйрену қиын болды. Әрине, Айкөркем қалалық қыз еді. Дегенмен жанында Аңсар бар кезде қиындықтарды бірге еңсереді. Айкөркем ауылдың мектебіне тарих пәнінің мұғалімі болып орналасады, ал Аңсар мал дәрігерінің көмекшісі болады. Ауылда тұрған соң егін, мал шаруашылығымен айналыспаса, жер өкпелемей ме?! Жас жұбайлар ойлана келе бизнес бастауды жоспарлап, нәтжиесінде 100 балапан алады.
Бір күні жас отбасы балапандарға жем беріп, демалып, әңгімелесіп отырады. Сол кезде Айкөркем жанындағы ағашта кұрт-құмырсқалардың өріп жүргенін байқайды. Отағасына:
– Қарашы, біздің тал-терегімізге қарағанда, анау тұрған көршінікі мол жеміс беретін көрінеді. Мен осыдан екі-үш күн бұрын олардың бар ағаштың түбін әктеп жат­қанын көрдім. Біз де солай істеп көрсек қайтеді, – деп өз ойын ашық білдірді. Сонда ол:
– Өзің істей салсаң болады ғой?! Білесің, менің күні бойы қолым босамайды. Ал сен үйде отырсың. Мені де бір ойласаңшы, – деп күңк ете қалды. Жары ашуға беріліп:
– Үйде тірлік жоқ деп ойлайсыз-ау, бірақ менің де жұмысым бастан асып жатыр. Оның үстіне үйдің еркегі мен емес, сіз ғой, – дейді. Осылайша табиғат аясындағы демалыс дауға айналады. Бұл олардың бірінші отбасылық ұрысы болатын. Арада бір жыл өтіп, балапандар өсіп қалады. Ал дүниеге сәби келмей Айкөркемнің жарық жүзі қоңыр күзге айналады. Аңсардың әр айтқан сөзі жағымсыз естіліп, екі жұп бір-біріне суый бастайды.
Жексенбі… Айкөркем бақшаға шығып, Аңсардан өзіне көмек беруін сұрайды. Кешегі күні қара мысық қорадағы 2 балапанды жеп қойғанын айтып, мысықтан құтылудың амалын іздейді.
– Бір мысықтың артынан екеуміз жүреміз бе? – деді Аңсар.
– Маған ғана осы балапандар керек пе?
– Достарым көрсе маған күлер, шаруаны өзің бітір, мен бүгін көрші ауылға барамын, қолым бос емес, – деп дауыс көтерді.
– Ал ендеше, мен де шаршадым, қалаға шешеме барып келейін.
– Білгенінді жаса деп қолын сілтеген Аңсар жолға қарай ұмтылғанда бір қария кісі оны тоқтатады.
Бұл оқиғаны алыстан байқап тұрған ақсақал оларға құдайы қонақ болып, өз ақыл-кеңесін айтуды, татуласуына себепкер болуды жөн көреді. Дастарқан басында бүгінгі болған оқиғаны баяндай отырып, қандай мәселе туғанын, даудың басы неден екенін сұрайды. Жастар бәрін бүге-шігесіне дейін айтып береді. Сонда ақсақал күрсініп, басын шайқап, өз өміріндегі бір оқиғасын баяндап береді.
– Шырақтарым, мен де сендердей жас болғанмын. Күндердің бір күнінде бәйбішеме ғашық болып, үйленемін деп шешім қабылдаған едім. Ол кісі бірден көнбеді, алайда айтқанынан қайтпайтын, қырсық мен де бой бермедім. Әйтеуір, бір жылға жетпей жүрегін жаулап алдым.Үйлендім, балалы болдық, қуандық. Бірнеше жылдан соң біздің арамызда түсініспеушілік пайда бола бастады. Уақыт өте бақытты сәттеріміз ұмытылып, тек ыдыс-аяқ сылдырлаумен болды. Сол үшін де үйге келуді қойдым. Ішімдікке сылқия тойынып алған кезімде достарым үйіме жеткізіп тастайтын. Жұбайымның маған мүлде көңілі толмайтын болды. Бір-бірімізді кінәлап, өкініп, тіпті өзгелермен салыстыра бастадық. Маған қарсы шығып, дауыс көтергенін намыс көріп, аянып қалмауды дұрыс деп табатынмын. Осылайша үйдің берекесі қашып, балаларымды тәрбиелеуден қалдым. Әттең, сол сәтте бір-біріміздің қадірімізді түсініп, бағалай білсек, үлгілі отбасының бірі болып отырар ма едік?! Тіпті жан-жарым әлі күнге дейін тірі болар ма еді?!
Сонда жас жұбайлар:
– Ол кісіге не болды? – деп сұрай жөнеледі. Сонда қария жылап отырып:
– Мен үшін көз жасын төкті. Армандарымыз қайда кетті десеңші? Әне-міне дегенше 2 қызымыз бойжетіп, ұлдарым ержетті. «Оларды қалай ұзатпақпыз? Әлі саған ананы істеу керек, мынаны істеу керек», деп зар еңірегенінде ашуға булығып, қолымда тұрған бөтелкені лақтырып кеп қалдым. Екі-үш апта бойы «дәріме ақша жоқ» деп құлақ етімді жеп, маза бермеген соң, бала-шағамен қуып шықтым. Кейін ол кісінің өмірден өткенін естідім. Бұл мен үшін өте ауыр қасірет болды. Балаларыма барып, алып қайтпақ болдым. Алайда олар мені қабылдамады. Қанжар қадалғандай әсер алдым. Жүрегім қан жылады. Өмірімнің еш мәні қалмады. Бұдан шығар жол тек өлім деп білдім. Осы оймен келе жатқанда алдымнан имам шыға келді. Менен мән-жайды сұрап, өмірдің уақытша екенін, Алланың менің тура жолдан тайғаным үшін берілген сынақ екенін айта келіп, намаз оқуға шақырды. Мен бірнеше күннен соң «Алла маған бұл адамды тура жолға түсуіме себепкер ретінде жіберді» деген оймен намазға ниеттеніп, жығылдым. Нәтижесінде өмірім өзгеріп, арман-мақсаттарым орындала бастады. Тұрақты жұмыс істеп, жағдайымды түзедім. Балаларыма жақсы әке болуға барымды салдым. Аллаға шүкір, қазір қолымда 2 келінім бар, немере сүйдім. Қыздарымды ұзаттым. Шіркін, сүйген жарымның қадірін ертерек білгенімде… Сағыныш жанымды жегідей жейді. Сондықтан бар кезде бір-біріңді түсініп, кешіріп, сыйлаңдар, бағаларыңды біліңдер. Махаббаттан гөрі сыйластықтың ғұмыры ұзақ. Сыйластық – мәңгі. Балаларыңның болашағы жарқын болуын қаласаңдар, алғашқы баспалдақты өздерің қалаңдар. Айтқан ақыл-кеңесімді ой-електеріңнен өткізіңдер. Менің оқиғам сендерге сабақ болсын! Ал мен немеремді балабақшадан алайын, – деп жүруге дайындалады.
Жас жұбайлар алғыстарын жаудырып, немерелеріне кәмпиттер беріп жібереді. Сыртқа шыққанда балапанның біреуін мысық жеп кеткенін көреді. Олар сабыр сақтап, бір-біріне күлімсіреді. Аңсар Айкөркемді бұрынғыша құшақтап, одан кешірім сұрайды.
Ал мысық ше?! Аңсар мысықты көрші ауылдағы шаруа қожалығына апарып береді. Астығы толған қамбада тышқанның көбейгенін естіп, мысықтың орны сонда екенін ескерген жігіт мысыққа да қиянат жасамай, оның орнын сол жерге орнықтырады. Мысық та риза, Айкөркем де қуанышты. Міне, әр нәрсенің өз шешімі болады. Сабырлық, мейірімділік бар жерде құт-береке қатар жүреді.
Келесі күні ақсақал үйдің жанынан өтіп бара жатқанда екеуінің бірге уақыт өткізіп, емен-жарқын әңгіме айтып отырған бақытты жүздерін көріп, жымияды.
Бір жылдан соң бұл үйде балапанның шиқылымен қатар, сәбидің де сыңғырлаған күлкісі естіледі.

Альбина Заутбек,
Қаратай Тұрысов атындағы №53 мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы,
Тараз қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.