Тағдыр-тарихымыздағы сиыр жылы қандай болған?

0 21

«Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деп халқымыз бекер айтпаса керек. Зеңгі бабаның рухы жетелеген сиыр жылында халқымыздың өмірінде талай тарихи оқиғалар орын алды. Нәубеттердің нүктесі қойылды, қайраты қайралып, үміт шамы тұтанып отырды. Осы ретте келіп жеткен сиыр жылында болған елеулі оқиғаларға бір шолу жасап көрген едік.

Көненің көкжиегіне көзіміз жеткенше бағдарласақ, сонау 1913 жылы 2 ақпанда, яғни сиыр жылы Орынборда «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Алғашқы жылдары апта сайын, ал 1915 жылдан бастап аптасына екі рет шығып тұрған басылым бес жылдың ішінде қазақ тілінде кәсіби газет стилін қалыптастырды.
Жалпы 265 нөмірі жарық көрген. Газет рәміздік-бейне ретінде киіз үйді ұсынды. Киіз үйдің түндігі батыстан ашылып, есігіне «Қазақ» деп жазылды.
«Қазақ» газетін шығаруды ұйымдас­­тыру­шы, редакторы – Ахмет Байтұрсынұлы. Басылымда Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлы, М.Шоқай, М.Тынышбайұлы, Ш.Құдайбердіұлы, Ғ.Қараш, Р.Мәрсеков, Ж.Тілеулин, Ғ.Мұсағалиев, М.Жұмабаев, Х.Болғанбаев, Х.Ғаббасов, Ж.Ақпаев, Ж.Сейдалин, С.Торайғыров, А.Мәметов, С.Дөнентайұлы, Х.Досмұхамедұлы секілді ұлт жанашырларының мақалалары жарияланып тұрды. Кейбір мәліметтерге қарағанда, «Қазақ» газетінің таралымы алғашында 3 000 дана болса, кейіннен 8 000 данаға жеткен.
Ал 1925 жылы қазақтар туралы Германияда шыққан кітап табылған. Өткен ғасырдың басында Германия ғалымы Макс Кучинский алаш зиялыларымен араласып, қазақ даласына саяхат жасаған. Ұлты еврей Макс Кучинскийдің негізгі мамандығы – дәрігер. Әлеуметтік медицина мәселелерімен айналысқан оқымысты еліне оралғасын 1925 жылы кітап шығарады. Арада ғасырға жуық уақыт өткенде алаш қайраткерлерінің мұрасын зерттеушілердің арқасында кітапты табуға мүмкіндік туды. Белгілі алаштанушы ғалым Д.Қамзабекұлы бір еңбегінде Кучинскийдің қазақ жеріне сапары бойынша жазған кітабының түпнұсқасын көрсетіп, таң-тамаша қалдырды. Кучинский сапары кезінде оған аудармашы болған қазақтың біртуар азаматы Қошке Кемеңгерұлының туыстары ол кітаптың көшірмесін алып келгенін айтқан.
1925 жылы 15-19 сәуір аралығында Қырғыз (Қазақ) АКСР Кеңестерінің V жалпықазақ съезі Ақмешіт қаласында өтті. ҚазОАК төрағасы С.Меңдешев сәрсенбінің сәтті күні кешкі сағат 21:00-де съезді салтанатты түрде ашық деп жариялап, бір республика құрамына біріккен қазақ халқын құттықтады.
Съездің күн тәртібінде қазақ халқына тарихи «қазақ» атауын қайтару мәселесі болған жоқ еді. 19 сәуірде таңертең өткен съездің 8-соңғы мәжілісінде тек Қазатком құрамы мен Бүкілресейлік Кеңестер съезіне делегаттар сайлау мәселелері қалады. Бірақ қазақ қайраткерлерінің бейресми жиынында қабылданған ортақ шешімге сәйкес, күтпеген жерден сөз алған РК(б)П Қазөлкекомының екінші хатшысы С.Қожанов «киргиз» атанған қазақ халқына тарихи дұрыс атауын қайтару, республиканы «Қазақстан» деп атау және Ақмешіт атауын Қызылорда деп өзгерту туралы ұсыныстарды біртіндеп жариялады. Съезд делегаттары бұл ұсыныстарға орындарынан тік тұра қол шапалақтап, осы арқылы қолдау көрсетті. Осылайша 1925 жылы 19 сәуірде қазақ халқы өзінің тарихи атауын қайтару туралы шешім қабылдап, шешімді бекіту үшін Бүкілресейлік ОАК қарауына ұсынды. БОАК бұл шешімді 1925 жылғы 15 маусымда ресми түрде мақұлдаған декрет қабылдағаннан кейін шешім заңды күшіне енді. Осылайша қазақ халқы өзінің тарихи атауын қалпына келтірді.1925 жылы республиканың аты Қазақ АССР-ына, ал астанасы Ақмешіт қаласына ауысып, қала аты бірден Қызылорда болып өзгерді. Сонымен қатар 1925 жылы 13 қыркүйекте Қазақстан өлкелік партия комитетінің хатшылығына Мәскеудегі орталық билік Филипп Исаевич (Шая Ицкович) Голощекинді жіберді. 1933 жылдың 21 қаңтарына дейін осы қызметте отырған Голощекиннің тұсында қазақ халқы өз тарихындағы ең ауыр кезеңді бастан өткізді. Десек те нақ осы жылы қазақ руханиятының, мәдениетінің мәйегіне айналған әйгілі күйші, композитор Нұрғиса Тілендиев пен белгілі ақын Тоқаш Бердияров, Кеңес одағының батыры атанған шығыстың шынары, атақты мерген Әлия Молдағұловалар дүниеге келді.
Шығармашылық қызметтегі қазақ зиялыларының рухани-моральдық дағдарысы тағы бір сиыр жылы, яғни 1937 жылғы қуғын-сүргін жылдарында айқын көрінді. 1937 жылы әдеби көркем шығармаларымен елге танылған қазақ зиялыларын айыптау, қуғындау бұрынғыдан бетер күшейіп, өзінің шарықтау шегіне жетті. Олардың шығармаларының әр жолынан, айтылған ой-пікірлерінен ұлтшылдық пен байшылдықты, Кеңес үкіметіне қарсылықты, теріс ниеттілікті көруге тырысушылар шықты. Бұрынғы көзден таса бола бастаған «алашордашылар ісі» 1937 жылдың басында тағы көтерілді.
1937 жылы бүкіл елімізде, әсіресе Мәскеу мен Ленинградта жаппай репрессия басталған еді. Соның ызғары Қазақстанға да келіп жетті . Өйткені Карағанды еліміздегі үшінші көмір ошағы аталды. Мұнда көптеген партия, мемлекет және коғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар, ақын-жазушылар, әртістер жұмыс істеді.Сондықтан да 1937 жылғы Қазақстандағы репрессия ең алдымен Қарағандыдан басталды. Қазақстан Компартиясы тарихындағы «Бесеудің хаты» атты жазба да осы жылдың еншісінде.Сол жылдың күзінде А.Асылбеков, Н.Нұрмақов, С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов ұсталып, ату жазасына кесілді. Осынау нәубетті жылы ұлт руханиятының болашағына орай қадірлі жерлестеріміз, Қазақстанның Еңбек Ері, қазақ өнерінің корифейі Асанәлі Әшімов, белгілі мемлекет қайраткері, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Түрік қағанаты кезіндегі Орхон-Енисей жазба ескерткіштерін қазақ ғалымдары арасында алғашқылардың бірі болып жаңаша зерделеп, қазақ тіліндегі аудармасын ғылыми айналымға енгізген Мырзатай Жолдасбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, жазушы Арғынбай Бекбосын секілді тұлғалар дүниеге келді.
Ал тағы бір сиыр жылы, яғни 1949 жылы 29 тамызда таңертеңгі сағат 6:30-да Шығыс өңірінің Абай және Абыралы аудандарында халыққа алдын ала ескертілместен қуаттылығы 22 килотонна болатын бірінші жарылыс жасалды. Сол жарылыста сынақтан өткізілген РДС-1 сутегі бомбасы еді. Сынақ аймағында 1949-1989 жылдар аралығында жалпы 456 әртүрлі ядролық жарылыстар жасалса, соның ішінде әуе мен жер астында 116 сынақ жасалды. Осы жарылыстардың әсерінен радиоактивті шөгінділер жарылыс болған эпицентрден бұлттар мен жел арқылы тарады. Сынақ жүргізілген жерлерде радиацияның деңгейі 448 Бэр-ге дейін жеткен. Семей ядролық полигонында ауада және жер бетінде сыналған ядролық зарядтардың жалпы қуаты Хиросимаға тасталған бомбадан 2,5 мың есе асып түсті. Бұл да өз кезегінде ел тарихындағы ауыр нәубеттің таңбасы ретінде жадымызда жаңғырып қала берді.
Бұл жылы өңірімізде журналистер арасында өткізілген бірнеше республикалық, одақтық байқаудың жүлдегері, Қазақстан Журналистер одағының Б.Бұлқышев атындағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі Мақұлбек Рысдәулет пен оның қаламдас замандасы, жазушы Ерғали Сағат дүние есігін ашқан болатын.
Ал ендігі бір сиыр жылы адамзат тарихындағы айтулы оқиғамен есте қалды. 1961 жылы 12 сәуірде тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин Алматы уақытымен 12:07-де «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Восток-1» ғарыш кемесімен жер орбитасына шықты. «Казахстанская правда» газетінде қызмет істейтін ақын Олжас Сүлейменов 1961 жылы 12 сәуірде «Адамға табын, Жер енді» поэмасын жазды. 115 минуттан соң ғарышкер Ресейдің Саратов облысындағы Смеловка селосының маңына қонды. Оны жерде кездестірген алғашқы жандар жергілікті орманшының әйелі Анна (Анихайят) Тахтарова мен алты жасар немересі Рита (Румия) болды.
Осы жылы қазақ күй өнерінің марғасқасы, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Секен Тұрысбеков өмірге келді.
Келесі сиыр жылы 1973 жылы ел өміріне енді. Осы жылға дейін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды облысының Теміртау қаласындағы партия-комсомол жұмыстарында жауапты қызметтер атқарды. Ал 1973-1977 жылдары Қарағанды металлургия комбинатының партком хатшысы болып еңбек етті.
Сондай-ақ 1973 жылы мизам шуаққа бөленген Алматы шаһарында әлем әдебиетінің жылнамасына еніп, тарих бетінде қалып қойған бір сәтті кездесу болды. Ол кездесуде Азия-Африка құрлығының әйгілі қаламгерлері бас қосты.
Оңтүстік мәдени астанамыздың басынан өткен ең апатты жағдайдың бірі де осы 1973 жылы шілдеде «Тұйықсу» мұзды аймағында болған. Жойқын сел Алматыны сәл болмағанда жер бетінен шайып кете жаздаған. Көзкөргендердің айтуынша, сол кезде секундына 10 метр жылдамдықпен ағызған тасқын-селдің биіктігі 10 метрге жетіпті.
Бұдан кейінгі сиыр жылы 1985 жылы әлманахқа өзіндік өмір өрнегімен өрнектелді. Атап айтқанда, КСРО құрамындағы барлық одақтас республикаларда 1980 жылдан кейін аса күрделі жағдай басталған еді. Мұндай жағдай елдің әлеуметтік, экономикалық нышандарының жоқтығынан туған болатын. 1985 жылы наурыз айында КОКП Орталық комитетінің Бас хатшысы болып М.С.Горбачев сайланды. Қызметінің алғашқы күнінен бастап елдегі дағдарыс жағдайының себептерін ашу үшін жедел шаралар жүргізіп, күн тәртібіне кадр мәселесін қойды. Өнеркәсіп салаларының құрылымын жаңарту, инвестициялық жүйені дамыту арқылы экономиканы модернизациялауға көңіл бөле отырып, машина жасау өнеркәсібін дамытуды 1,7 есеге арттыру міндеттерін белгіледі.
1985 жылы сәуірде КОКП Орталық комитетінің пленумында әлеуметтік, экономикалық дамуды жеделдету мәселесімен экономикалық құрылымды ғылыми-техникалық прогресс негізінде қайта құру бағыты жарияланды. Қайта құру ешқандай бағдарламасыз, ғылыми айқындамасыз жүргізілді. Бұл бағыттың қияли болжамдары көп болды. Қайта құру бағыты алғашқы кезден бастап сәтсіздікке ұшырай бастады. Қайта құру бағыты мемлекетті сол кезде алғышарты қалыптасқан аса ірі дағдарыстан құтқара алмады. Қоғамдағы жағдай күннен-күнге қиындай берді. Рухани идеологиялық өмір де отарлау жүйесінің толық ықпалында болды. Ұлттық мәдениет, салт-дәстүрлер, тіл өте ауыр жағдайға тірелді.
Бұдан кейінгі сиыр жылы еліміз армандап, аңсаған тәуелсіздік алғаннан кейінгі 1997 жылы келді. 1997 жыл – «Қазақстан – 2030» стратегиясы – ұлттың ұлы мақсаттары межеленген жыл болды. Тәуелсіздік тарихында 1997 жылдың да алар орны ерекше. Осы жылды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жарлығымен «Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» деп жариялаған болатын. 1997 жылдың осы ерекше оқиғасы туралы белгілі жазушы Шерхан Мұртаза «Тәуелсіздік толғауы» атты баспасөзде жарияланған естелігінде: «Мен көп нәрсені ұмытармын, бірақ бұл Жарлық естен шыға қоймас. Өйткені сол қуғын-сүргін құрбандарының бірі әкем еді. Молдадан оқығаны болмаса, сауаты да кемшін, билікке араласпаған қарапайым колхозшының бар айыбы байдың баласы екен. Тұрар Рысқұловпен рулас екен. Жазықсыз жанды жаламен соттап, қылшылдаған қырық үш жасында қыршынынан қию – айуанға тән зұлымдық. Мұндай озбырлықпен, зұлымдықпен құрбан болғандар жалғыз менің әкем бе екен, мың-миллион. Бұл зобалаң атақты, ызғарлы отыз жетінші жылды ғана қамтымайды. Ең кемі ХХ ғасырдың жартысын қамтиды. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс. 1918-1922 жылдардағы жыланқысыр аштық. 1930-1933 жылдардағы коллективизация, қолдан жасалған этноцид… Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандары. 1937 жылғы Қазақстанға жер аударылған корейлерден басталған, тұтас халықтарды зорлық-зомбылықпен көшіру науқаны. Айта берсе таусылмайды. Осының бәрінде миллиондар қырылмағанда не болды? Обал-сауап қайда? Өлгендерді қайтып тірілте алмайсың. Тым болмаса еске алудың өзі сауап. Келешекке сабақ. Осы тұрғыдан алғанда, Президент Жарлығы иманды пәрмен болды. Жаңа Астанада қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш кім-кімді де ойлантады», деп жазады.
1997 жылғы Президенттің халыққа жасаған тұңғыш Жолдауы Қазақстанның 2030 жылға дейінгі стратегиясына арналып, бұның өзі ұлтымыздың болашаққа деген сенімін нығайта түсті.
«Қазақстан – 2030» стратегиясы төрт кезеңге бөлінді. 1997-2000 жылдар – дайындық кезеңі, 2000-2010 жылдар – бірінші кезең, 2010-2020 жылдар – екінші кезең және 2020-2030 жылдар – үшінші кезең. Осы кезеңдер аяқталған кезде Қазақстан дамыған елдер санатына енуі керек деген меже қойылды.
Сонымен қатар осыдан жиырма төрт жыл бұрын, 1997 жылы 8 қаңтарда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Жамбыл қаласының аты Тараз болып өзгертілді.
Бұдан кейінгі сиыр жылы 2009 жылы қайырылды. Жаһандық дағдарыс дабылы әлі де басылмаған кез. Бұл – тәуелсіздіктің 18-жылы. 2009 жыл еліміз үшін оңай болған жоқ. Есесіне ұлттық экономика шынықты. Жаһанды шарпыған әлемдік экономикалық-қаржылық дағдарыс Қазақстанға да қаһарын төккенімен, сауатты жүргізген экономикалық һәм әлеуметтік саясаттың нәтижесінде ел іші абдырайтындай аса күйзелген жоқ. Алғашқы қатер төнгеннен бастап оның салдарымен күрестің сапалы қолға алынуы 2009 жылы жемісін бере бастады. 2009 жылы ішкі жалпы өнімде өсім болып, мемлекет пайда әкелудің күрделі әрі әртарапты жобаларын іске қосуға кірісті. Сөйтіп, тәуелсіздіктің 18-жылы барлық салада дерлік ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелер еңсеріле бастады. Елбасының тапсырмасымен 2009 жылы Үкімет Қазақстанды үдетілген индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасын әзірлеуді аяқтады.
2009 жылы жолы болған тағы бір айтулы оқиғаның бірі – Кедендік одақтың құрылуы. Минскіде Беларусь, Қазақстан және Ресей мемлекеттерінің басшылары үш елдің арасында Кедендік одақ құру туралы құжатқа қол қойды.
2009 жылдың айтулы оқиғаларына тоқталғанда жалпыұлттық халық санағын айтпау мүмкін емес. Осы жылғы санақтың ресми дерегі бойынша Қазақстандағы мемлекет құраушы ұлттың саны тұңғыш рет 63 пайыздан асты.
Осы жылы Қазақстан елордасында шілденің алғашқы күндерінде кезекті жиналған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІІ съезі айрықша мәнге ие болды. Онда жетекші әлемдік және дәстүрлі діндер мен конфессиялар өкілдік еткен 35 елден 77 делегация қатысты.

Осылайша халқымыз сиыр жылының мақсатынан жаңылмай, алға ұмтылып, өзін де, елін де жетістікке жетелеп, өткенге өнегелі өрнегін қалдырып отырған. Биылғы келіп жеткен 2021 сиыр жылы да төл тарихымызда жақсылығымен қалғай!

Дайындаған Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Leave A Reply

Your email address will not be published.