«Тағдырлы ақынды уақыт таразылайды»

0 0

«Оқшау ой» айдарының бүгінгі қонағы – Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ҚР Білім беру ісінің үздігі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Жамбыл облысының «Жыл патриоты», Талас ауданының Құрметті азаматы Үміт Битенова. 

– Үміт Қыранқызы, өлең жазасыз, оған ән шығарып, оны орындай да аласыз. Ел білмейтін тағы да қандай қырларыңыз бар?
– О бастағы бала арманым суретші болу еді. Бірақ менің «живопиське» әуестігім мен суретші болуға қызығушылығым мұғалімім тарапынан үлкен тыйымға кезігіп, мен үшін «трагедияға» ұшырай жаздаған.
Бірінші сыныпта оқитын кезім. Барлық ойын балаларындай мен де дене шынықтыру, сурет, ән, еңбек сабақтары секілді эстетикалық тәрбие беретін пәндерді жақсы көрдім. Әсіресе аптасына бір-ақ рет болатын сурет сабағын асыға күтем. Бір күні үйге берілген еркін тақырыпқа жақында ғана опат болып, алдымдағы екі бірдей ағаммен бірге мезгілсіз дүние салған қылқалам шебері, сүйікті әкеме ұқсап «ұлы қызыл көсемнің» суретін салып бардым. Мұғалім қатты таңданып, «бестік» баға қойып, риза болып, бірақ сыбырлап қана ендігәрі бұлай сурет салмауымды айтып, Владимир Ильич Лениннің суретін рұқсатсыз бейнелеген адамды абақтыға қамайтынын ескертті.
Өзі пәлен тиынға сатып алынған, құнды, «Тетрадь для рисования» атты әлгі қалың дәптерімді біресе шкаф түбіне тығып, біресе жастық астына жасырып жүрдім. Атеизм аспанында төбеден Құдайдай төніп тұрған қызыл жағалы милиционерлер тауып алса, бәрібір мені оңдырмасын біліп, неше күнді қорқынышпен батырып, неше таңды қорқынышпен атырғаным есімде.
Тіпті бар сүйенішім – шешеме де білдіргенім жоқ. Оң қолын бетіне тақай көтеріп тұратын шәпкелі Лениннің кішігірім үйдің бір қабырғасын алатындай рамкалы полотноға майлы бояумен салынған көркем түсті бейнесін жазған әкемнің тезірек қайтыс болып, орган қызметкерлерінен «құтылып кеткеніне» де бірінші рет қуанып, өзімді-өзім жұбатқанымды қайтейін… Суретті салғызған мектеп басшылығы, шындап келгенде, әкемді қорғай алмай қалуы да ықтимал еді ғой…
Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында бояуы бастырылып, жаңаланатын ол сурет мектебіміздің ескі ғимаратының сыртқы кіреберіс есігінің көрнекті жерінде біз есейіп кеткенше ілулі тұрды. Мектепке кіріп-шыққан сайын сегіз қырлы, бір сырлы әкемнің сиқырлы саусақтарының табы қалған әлгі күн көсемнің «Оқы, оқы және оқы!» деп жымиятын мейірімді жүзіне сырт көзден тасалана, мейірлене қарайтын әдетім сонда пайда болды.
Шүкір, еліміз тәуелсіздік алып, бір Жаратқан Иемізден басқа ешкімнен қорқуға тұрмайтынын түйсінгелі бері тілімді кәлимаға келтіріп, әлгі сортаңы шыққан сормаңдай «стреске айналған шокты» тізгіндеп келем, әйтеуір!..
Содан,.. бала кезімде:
«Әкем менің суретші,
Салып еді талай суретті,
Әкеңдей бол деп Анам
Сызуды маған үйретті», – деп шумақтар шығарған менің ең басты арманымның балауса тынысы осылай тарылып, демі осылай тұншықтырылған…
Мектепте ептеп гармонь тартып, сырнайлатқанды да сүйіп өстім. Би үйірмесіне қатыстым. Студент шағымда гитара үйрендім. Бәрі өзінің уақытында екен. «Жігітке жеті өнер де аз» дейтін халықпыз. Өнер – Тәңірдің тартуы. Жаратқан маған ең бастысы – жан-жағын ұйыта алатын зор ұйымдастырушылық қасиет берді. Осы ұйымдастырушылығымның арқасында әртіс те болсам, киноға да түссем деген бала арманым кейінірек кішігірім жүзеге асты. Тікелей айналысқан шаруаларыма қатысы болмаса да, функционалдық міндеттеріме кірмесе де, менен көмек сұрап, маған сенім артқандардың өтінішін жерге қалдырмай, түрлі тақырыптық қойылымдардың сценарийін өзім жазып, оларды өзім сахналауыма, тіпті кейбір кейіпкерлердің рөлін өзім ойнауыма тура келді. Одан бөлек, жазушы-драматург С.Жүнісовтың, Ә.Әбішевтің, Ә.Әбдірәсілевтің пьесаларына режиссерлік жасап, Мұхтар Әуезовтің «Қаракөз» трагедиясындағы Қаракөз бейнесін сомдап, бас жүлде алғаным қазір есіме түсіп отыр. Астаналық, алматылық мәдениет майталмандарының шақыртуымен соңғы уақыттарда кино өнерінде де бағымды сынап жүрмін. Дегенмен бұлардың бәрі менде әуесқойлық деңгейде ғана дамыды. Жазылғанды мүдірмей оқып, мәнермен жеткізіп бере алатын жүргізушілік те адамның бір қыры. Қысылтаяңда күмілжіп-кібіртіктемес конферансьелікті атқара аламын. Айтулы асабалығым бар. Кәсіби заңгер-кеңесшімін. Психолог ретінде де клиенттеріммен үздіксіз байланыстамын. Мамандығым – мұғалім. Филолог болғандықтан поэзия, проза жанрларына қалам тартуым да заңдылық шығар.
Мұның бәрін мақтану үшін айтып отырғаным жоқ. Біздей аға буынды біле бермейтін жастарға «Өзгеге өзім айтам өз жайымды» деп жырлаған Қасым ақынша құлаққағыс жасағаным. «Талантливый человек талантлив во всем» деген Андреа Барбюстің сөзіне көзім жеткендіктен айттым. Кейбіреулер көркем киноға түскен танымал әншілерді «Кинода несі бар, әнін айтып жүре бермей ме?» деп жатады. Депутат болып кеткен танымал тұлғаларды «Саясатта несі бар?» деп сынайды. «Қолынан келсе, қонышынан басатын» заманда дүниені өзгертуіміз үшін алдымен өзіміз өзгеруіміз керек деп жүрген қай-қайсысымыздың да қай өнер мен қай кәсіпке болмасын таласымыздың болғаны жақсы. «Кімде-кім алға ұмтылмаса, ендеше, оның артта жүргені» дейді Кун Фу-цзы (Конфуций). Мен де алға баяу адымдауым мүмкін, бірақ ешқашан артқа жүрмеймін. Шегінбеймін. Бұл – өмірлік ұстанымым.
– Көпен Әмірбектің «Прокуратура менің көңілдесім, сатира заңды әйелім» дегені бар. Сізге ақындық пен сазгерліктің қайсысы жақын?
– Ақын ретінде мойындалу – менің әлі күнге өз шыңын бағындыра алмаған асыл арманым. Ал әуесқой сазгерлігім бүкіл әнсүйер қазақ даласына менің атымды мәшһүр етті. Осы тұрғыдан менің орнымда басқа адам болса сазгерлігін таңдар ма еді, бәлкім. Алайда кие қонған қасиетті өнердің қайсысына болса да адалдық танытқым келеді. Сондықтан мендегі ол қасиеттерді бөліп-жармаймын. Баса назар аударатын нәрсе – ақын болайыншы деп ақын бола алмайтындығың, композитор болайыншы деп композитор бола алмайтындығың. Арнайы жазған өлеңіңнің талғампаз жұртты таңғалдыра салуы некен-саяқ, тапсырыспен шығарған әніңнің тыңдарман қауымды тамсандыра кетуі неғайбыл. Бәрі де тылсымға байланысты. Бәрі де бір Жаратушының ықпалынан. Мені мейлінше мөлдіреген музаның өзі іздеп келіп, мазаламаса, мүмкіндігінше ақ қағаз бетіне шүйлігіп, қаламның жүзін мезгілсіз майырып, ұшын мезгілсіз мүжімеуге тырысам. Сауырын қанша осып, қамшыласаң да, кежегесі кері тартқан мақұлық есектей қимылсыз тұрып алатын шабыттың шалқар шағын дер кезінде дөп ұстап алу екінің біріне оңай бұйыра бермейді. Ондайда өзің ауырасың. Дерттенген жаныңды ешқандай да дәрумен жазып, ешқандай да ине емдеп бере алмайды. Сонысына қарамастан мен сол дертімді сүйем. Алланың сыйы деп аялаймын.
– «Суық күнде тоңбады ма деп,
Әлде жолы болмады ма деп,
Жалғызсырап қалмады ма деп,
Мені ойлап қам жемеші, мама!». Бұл сағыныш толы жолдар әдемі әнмен өрнектеліп санамызда сақталып келе жатқаны белгілі. Тағдырлы ән екені де ақиқат. Осы әнді анаңыз естігенде қалай қабылдады? Шығу тарихына да тоқталып өтсеңіз…
– Бұл әнімнің тамыры тереңіректен бастау алады. 1981 жыл. Мектеп бітірген шақ. Ұшқыр қиял алысқа жетелейдi. Асыл арманым асқар биiктi аңсайды. Жоғары оқу орнына түскiм келедi. Өзiмдi айтпағанда, бiр де бiр «төрттiк» бағасы жоқ үздiк аттестатыма обал ғой! Апарайын десе – барар жер, басар тауы жоқ, апармайын десе – менiң келешегiме қиянат. Жалғызілікті анам қатты дағдарды. Тәуекел етiп, облыс орталығы Жамбылға (қазіргі Тараз қаласы) тарттық.
Жолым болды. Жамбылдағы сынақтардан сүрінбей өтсең, Шымкенттің пединститутына студентсің. Біліміме қанағаттанған қабылдау комиссиясының сәт сапар тілегін естіген соңғы емтиханнан шыққан сәттегi көңiлiмдi көрсеңiз! Ұрсып, ұрып сағын сындыра алмайтын жетімді жылату оңай –
арқасынан қағып, маңдайынан сипасаң болды…
Пединституттың бесiншi қабатындағы баспалдақпен төмен түсiп келе жатқанда алақандай терезелер арқылы даладағы иiн тiресе қарайған қалың адамның арасынан анам көзіме оттай басылды. Сыртқа қалай шыққаным есiмде жоқ. Ағыл-тегiл жылап келе жатқан менi көрген әлдекiмдер мүсiркеп жатты: «Е, бейшара, құлаған екенсiң-ау. Қайтсiн-ай!» Анам да «құлады» деп ойлапты. Өңiнде қан-сөл жоқ, менi сүйемелдеп алаңқайдағы орындыққа әкелiп отырғызған ол қағазымдағы төртінші «бестiк» бағаны көрiп, не iстерiн бiлмедi. Қосыла жылап, менiң көзiмдегi қуаныш жасын алақанымен сүрте бердi, сүрте бердi…
Алысқа көп ұзап шықпаған мендей ауыл қызына Шымкент шаһары жылы құшағын айқара ашқанымен, алғашқы күндері Үшаралымнан автобусқа шығарып салғанда жанары жасаурай қолын бұлғап тұрған анашымның бейнесі көз алдымнан кетпей, жан дүниемді сағыныштың мұңы тербей берді.
«Мәңгі жарық күн сыйлаған маған,
Бір адам бар, ол өзіңсің, анам.
Мейірімге бір өзіңнен қанам,
Жылуды да жүрегіңнен алам» деген жолдары бар шағын өлең сол уақыттарда пайда болды.
Екі-үш жыл зуылдай өте шығып, институттың соңғы курсындағы қысқы сессияны үздік бағамен жауып, келесі семестр алдындағы демалысымда Жамбыл облысының шалғай ауданындағы ауылыма бір барып келу үшін жолға шыққам. Қырық бес, елу адамдай жолаушысы бар біз мінген «Икарус» автобусы Шымкент пен Жамбыл арасындағы көктайғақ трассаға сыр бермей-ақ келе жатқан. Қасымдағы сөзшең адамды үнсіз тыңдап отырған мен де, көлік салонындағы басқалар да басында не болғанын білмей қалдық. Басыма тиген соққыдан есімді жиған мені қасымдағы серігім шытынай сынған алдыңғы әйнектің ашық жерінен суырып алып, сыртқа шығарып жатыр екен. «Күйік» асуында жолдан тайғанай шығып кеткен автобусымыз екі-үш рет аударылып түскен. Бір қарт ана ғана қайтыс болып, қалғандарымызды жеңіл жарақаттармен Құдай сақтап қалған сол апатта бізге ары-бері ерсілі-қарсылы өтіп жатқан көліктер көмектесті. Қақаған қыста оң жақ басымнан қан саулаған мен Шымкенттің ауруханасында айға жуық жатып қалдым. Демалыста келетінімді үзбей жазатын хаттарым арқылы алдын ала біліп, күтіп отырған анашымның менің ауылға келмек түгілі, айға жуық хабар-ошарсыз кеткенімде не күй кешкені маған әлі күнге дейін беймәлім… Аңсап жүрген ауылыма жете алмағаным, шешем мен бауырларыма деген сағынышымның мауқы басылмай қалғаны өзегімді өртеп, өзімді өксітіп отырып баяғы осы өлеңімді ойға оралтты.
«Суық күнде тоңбады ма деп,
Әлде жолы болмады ма деп,
Жалғызсырап қалмады ма деп,
Мені ойлап қам жемеші, мама!» деген сөздерім аурухана төсегінде түнде теріс қарай бүк түсіп, басқаларға байқатпай жылап жатып шықты. Әуенімен бірге туды. Бір ажалдан аман-есен қалғаныма тәубе қылып, әнімнің қайырмасын:
«Саған тартқан менің күлгенім,
Сенің арқаң шалқып жүргенім,
Қасыңдамын, әркез біргемін,
Мені ойлап қам жемеші, мама!» деп үміт отын үрлетер ойлармен түйіндеп қойдым. Бірақ аварияның салдарынан ауруханаға түсіп, жатып шыққанымды аяулы анама білдірткен жоқпын. «Авария» дегеннен жүрегі шайлығып қалған ол кісіге өзіне арналып ән шыққанын да көпке дейін айтпағам.
Ән бірнеше жылдан соң жарыққа шықты. Ауылға оралып, аяулы анамның арман-тілегі қабыл етіліп, туған мектебімде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет істеп жүрген шағымда мектептің ғана емес, ауылдың да мәдени-көпшілік іс-шараларын ұйымдастыруыма тура келді. Мәдениет үйінде қоятын концерттеріміздің бірінде бұл әнді алғаш рет гитараммен өзім орындадым. Одан кейінгі концерттерде де көрермендердің сұрауымен жиі орындала бастаған бұл әнімді иін тірескен көпшіліктің ортасында отырып, анашым да бірнеше рет тыңдады. Ал Аманғали Сыпабектің орындауында таралып, жастар мен жасамыстардың да жүрегін жаулап алған «Мамамды» бүгінде марқұм болған жарықтық шешем де сезіп жүрген шығар деп өзімді жұбатамын. Рухы пейіште шалқысын!..
– Әуен мен өлең ерлі-зайыптылар секілді. Екеуінің де иман-парасаты дөп келгенде бақытты отбасы пайда болады. «Жаман еркекті жақсы әйел адам етер» деген мақалдағыдай осал өлеңді кейде әннің көтеріп жіберетіні бар. Мысалы, шетелдің сөзін түсінбесең де әуеніне елтисің дегендей ғой. Сіздіңше қалай?
– Әуен мен өлеңді ерлі-зайыптыларға теңеу қызық болса да, дұрыс мысал. Осал өлеңді жақсы әннің көтеріп жіберетіні рас. Бірақ жақсы әнді осал өлең бәрібір ойсыратып тұрады. Сондай-ақ керемет өлеңдерге керексіз шығарылған әндер де бар. Мықты өлең оның мысын басып тұрады. Бірақ өзі майып болуы мүмкін. Дегенмен мұндай «жұптардың» өнер әлеміндегі ғұмыры ұзақ болмайды. Өлең сақталғанымен, әлсіз ән уақыт өте келе айналымнан шығып қалады. Немесе, керісінше. Әуен ойда қалғанымен, арзан сөзі ада болуы мүмкін.
Бұл тұжырымды бізге жетіп жатқан шетелдік үлгілерге таңуға әсте келмес. «Өнерде ұлт жоқ» дейміз. Сондықтан шетелдік шығармаларды қабылдау-қабылдамауымыз оның сөзін ұғу-ұқпауымызға байланысты емес, музыканың тілін түйсіне алу-алмауымызға байланысты.
Шіркін, мәңгі өлмес шедевр туындыларға не жетсін. Иман-парасаты дөп келген бақытты отбасы мүшелері секілді ондай төрт аяғын тең басқан дүниелер біздің халқымызда да жетіп-артылады. Тек соның қадірін білер жоғары талғам керек. Бұл жөнінен аға буындарға қарағанда жастардың көші кейіндеп тұрғанын мойындаймыз. Ән емес әнді, өлең емес өлеңді интернетте дайын «минусовкасы» болса болды «плюсін» жаздырып алып, пәленбай жыл бойы аузынан тастамай «айтып», секеңдей ақша тауып жүрген өнерпаздар сырт көзден қаншама сын естісе де селт етпейтін жансыз дауыстыларға айналуда. Осыған қарныңыз ашады. Әдепкіде жарқ ете қалған жарқын дарындары солған гүлдей суалып қалмаса екен деп жаныңыз ашиды. Ол қауіптен сақтанудың бірден-бір жолы – табиғилық. Бойыңдағы барыңның шынайылығы. Өнеріңнің болашағын есепке құрмау.
– Қазақта «Толғағы ащы перзенттің тұрмыста тұғыры биік болады» дейді. Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» романының ішіндегі аңыздағы «Бегім-ай» әнін шығарарда «Раймалының дидары дауылдың алдындағы теңіздің бетіндей жыбырлап кетті» дейді. Абай атамыздың да өлең шығарар алдында қатты толқып, көзінен жас тамшылап барып ақ параққа төгеді дегенін оқығаным бар еді. Сіз де сырға толы саздарды шығарарда сондай сезімде боласыз ба? Сауалымды бұлай суыртпақтап қойғанымның себебі, жас сазгерлердің танымына тамызық боларлық нәрсе ұсыну ғой сол…
– Бұл сауалыңызға жауапты жоғарыдағы «Мені ойлап қам жемеші, ана» атты әнімнің дүниеге келуін қысқаша баяндау барысында жартылай беріп те қойған сияқтымын ба, қалай. Маған «Өзіңіз қай әніңізді жақсырақ көресіз?», «Қай өлеңіңіз басқаларынан артық?» немесе «Қай туындыңыз өзіңізге ерекше ыстық?» деген сұрақтар жиі қойылады. Кейде уақыт үнемдеу үшін «Мынау» деп қысқа қайыра салғым келгенімен, бұған жауап беру маған едәуір қиындық етеді. Өйткені дүниеге келген әрбір шығармам, мейлі оның бірі әлсіз, бірі мықты, бірі тәуір, бірі жауыр болсын, өзім үшін кәдімгідей бағалы. Олар менің перзенттерім іспетті. Шығарайын деп шығармаған, жазайын деп жазбаған, Құдайдың құдіретімен іштей он ойланып, жүз толғанып, әбден толғатып барып әрең туған дүниелерім. «Бір анадан ала да туады, құла да туады» дейді халқымыз. «Бір қолдың бес саусағы бірдей емес» деп те жатамыз. Сол секілді мына өлеңім дұрыс, мына өлеңім бұрыс немесе мына әнім керемет, мына әнім нашар десем, өз жүрегімді жарып шыққан шығармаларымның бірі болмаса бірі менің өзіме өкпелеп қалатын сияқты көрінеді. Ата-ана дені сау баласы үшін мақтанып, дімкәс баласы үшін намыстанса не болмақ?.. Өз қолын өзі кескенмен тең емес пе?
«Мен өзімнің әлсіз тұстарымды білем, ал мықты тұстарым ешкімнің еңбегі емес» деген Мұқағали. «Ешкім қолымнан жетектеген де жоқ, қолымнан қаққан да жоқ» деген Қадыр Мырза Әли. Мен де солай. Роза Әлқожа мен Еркін Нұржановтың, Индира Елубаевалардың репертуарындағы «Сен мені сағынбайсың ба?», Қанат Үмбетов, Үсіпхан Сейтімбетов, Ғаділбек Жаңайлардың репертуарындағы «Қыздар-ай, қыздар», Аманғали Сыпабектің репертуарындағы «Мама», «Өкпелемеші», сондай-ақ «Ізбасарлар әні», «Көзіңе қалдым арбалып», «Жаным, апам» атты әндерім, республикалық «Қазақ радиосының» көркемдік кеңесінің іріктеуінен өтіп, қазақ әндерінің Алтын қорына қосылған «Ақ қанат көбелек аппақ қар», «Көз алдымдасың сен» сынды лирикалық туындыларымның әрқайсысының дүниеге келуінің өзінше бір тарихы бар. Біреуін қуанып отырып жазсам, біреуін қамығып отырып жаздым. Біреуі аңсаудан, біреуі шаршаудан туды. Біреуінде ғашық болдым, біреуінде кемерімнен тасып-толдым. Әйтеуір, қай-қайсыларының дүниеге келуінде болмасын, кемінде бір-бір себептен бар. Ән шығарайыншы деп алдыма мақсат қойғаннан шыққан бірде-біреуі жоқ. Біреуі өмірден түңілгеннен пайда болса, біреуі оның мәніне терең үңілгеннен пайда болады. Алды отыз, қырық жыл бұрын халыққа тарап үлгерген осы санаулы шығармаларымның әлі күнге тұғырынан түспей, өз деңгейін ұстап, өнерсүйер қауымның сұранысын қанағаттандырып келе жатуы өздерінің осындай өміршеңдігінен шығар.
– Абай атамыз «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» дейді. Сіздің де не үшін, кім үшін жазатыныңызды білгісі келетіндер бар…
– Әлдебіреулерге ұқсап «Отаным үшін ақын болдым, халқыма арнап жаздым, жұртым деп ән шығардым» деп, жалған патриоттықты жалаулатқым келмейді. Дегенмен қарапайым көпшіліктің ен ортасында жүріп, туған өлкесінің ауасын бірге жұтып, суын бірге ішіп, дәм-тұзын бірге татқан әрбір шығармашылық адамы солардың әрқайсысының орнына өзін қойып, солардың әрқайсысының тағдырына өзінің тағдырындай алаңдап әлек болады. Бұл – өнердегі өзін сүйетін адамға емес, өзіндегі өнерді сүйетін әрбір шығармашылық адамына тән қасиет. Мысалы, мен бірде жас ару боп жырласам, бірде егде адам боп егілем. Бірде баланың тілімен сөйлесем, бірде дананың сөзінен төгілем. Қалай болғанда да алапат сезім буған жан дүниеңдегі алпауыт ойларыңмен өзгелердің жанының дертін жазып, шаң-тозаңын сүртіп, ми-саналарына төңкеріс жасағың келеді де тұрады.
– Гүлнар Салықбайдың:
«Ай да жалғыз, күн жалғыз,
Қайғы жалғыз, мұң жалғыз.
Көп боп көзге көрінер,
Қатар тұрса мың жалғыз!» деген шумағындағыдай отбасыңыздың ортасында отырып, жаныңыздың жалғыздықтан жабырқайтын кездері болмай ма?
– Болғанда қандай!.. Құдай тату-тәтті отбасыңның ортасында отыру бақытынан айырмасын. Алайда жалғызсырау, оқшаулану әсіресе ақынның сүйікті әдеті. Жалғызсырағың кеп жалғызсырамайсың, жаның мазасыз күй кешкісі келеді. Оқшауланғың келіп оқшауланбайсың, ойың он саққа бөлініп, жан-жаққа қаша жөнеледі. Мұны шабыт десе болар. Бірақ сол шабыт кейде шаттандырса, кейде шалықтандырады. Естен тандырмаса да, есіңді шығарады.
Қайтсем екен, бұл үйге сыям қалай,
(Теңей салам түрмеге ұямды оңай)
Балалардың базарын байқамай қап,
Жалғызсырап кетемін жиі аңдамай…
Ұнатпаймын бұл күздің бұлтты күнін,
Шалқар көңіл күйімді құртты бүгін.
Бір тәулікте тынымсыз мың құбылар,
Мен мезгілдің тұсаулы тұтқынымын…
– Жақында келін түсіріпсіз, құтты болсын! Келіндеріңіздің өзіңіздей өнерде болуына қалай қарар едіңіз?
– Тілегіңізге Алланың рақымы жаусын, айналайын!
Біріншіден, мен өнерге өмірдегі кәсіби орнымды анықтап алып барып, асықпай келдім. Әдетте, көп өнер иелері өз бала-шағасының өздерінің жолын қумағанын қалап жатады ғой, өнердің жолы қиын деп. Мамандық таңдауда түрлі саланы қамтыған ұлдарымның бәрі де өнерден құралақан емес. Бірақ алдымен өздерінің жалақы алып атқарып жүрген жұмыстарын бірінші орынға қоюларын қатаң талап етем. Келіндерім де салмақты мамандық иелері. Шүкір, мен соған қуанам. Қол ұстасып жарасып жүрсе, одан асқан арман бар ма!.. Ең бастысы – аман-есен, үбірлі-шүбірлі болсын!
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айжан ӨЗБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.