Тағы бір банк лицензиясынан айырылды

0 4

«AsiaCredit Bank» АҚ бағалы қағаздар нарығында қызметті жүргізу лицензиясынан айырылды, деп хабарлайды ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз қызметі. «Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басқармасының 2021 жылғы 11 ақпандағы № 22 қаулысына сәйкес «AsiaCredit Bank» АҚ бағалы қағаздар нарығында қызметті жүргізу лицензиясынан айыру туралы шешім қабылданды» делінген хабарламада. Агенттік не себепті бұндай шешім қабылданғанын да мәлім етті: «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 48-бабы 1-тармағының 7), 15) тармақшаларына сәйкес: – пруденциялық нормативтерді және (немесе) сақталуы міндетті басқа да нормалар мен лимиттерді жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) бұзу; – қадағалап ден қою шараларын жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) орындамау; – уәкілетті органның қосымша капиталдандыру жөніндегі талаптарын Банктің ірі қатысушысының орындамауы лицензиядан айыруға негіз болды». Лицензиядан айыру күнгі жағдай бойынша Банк активтерінің мөлшері 45,4 млрд теңге, несие портфелі – 45,0 млрд теңге, оның ішінде 31,6 млрд теңге немесе банктің несие портфелінің 70,0%-ы 90 күннен астам мерзімі өткен жұмыс істемейтін кредиттер. Лицензиядан айырылған күні «AsiaCredit Bank» өтімді активтерінің мөлшері 75 млн теңгені құрады, бұл ретте орындалмаған клиенттік төлемдердің мөлшері 8,0 млрд теңгеден асады. «AsiaCredit Bank» АҚ-та 2021 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 23 174 жеке тұлғаның депозиттері бар, олардың жиынтық қалдығы шамамен 19 млрд теңге. Банк салымшыларының, жеке тұлғалардың 97,7%-ның депозиттері ҚДКҚ кепілдігімен толық көлемде өтеледі. Агенттік Төрағасының 2021 жылғы 11 ақпандағы №51 бұйрығымен уақытша әкімшілік тағайындалды, оған Банктің барлық басқару органдарының өкілеттіктері өтті. Уақытша әкімшілік Банктің тарату комиссиясы тағайындалғанға дейін жұмыс істейтін болады. Уақытша әкімшілік жетекшісі болып Агенттіктің қызметкері Ерлан Сәрсенбекұлы тағайындалды. 2021 жылғы 12 ақпаннан бастап ҚР заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, клиенттердің және Банктің өзінің банктік шоттары бойынша барлық операция тоқтатылды. Агенттік Банктің қызметін мәжбүрлеп тоқтату (тарату) туралы өтінішпен сотқа белгіленген тәртіппен жүгінеді. Сот Банкті мәжбүрлеп тарату туралы іс қозғаған күннен бастап кредиторлардың Банкке талаптары Банкті ұстауға ағымдағы шығыстарға байланысты талаптарды және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген басқа да жағдайларды қоспағанда, тарату ісінде ғана қойылуы мүмкін. Барлық сұрақтарыңыз бойынша «AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)» АҚ-тың уақытша әкімшілігіне +7 (727) 330 88 11, +7 (727) 355 05 35 телефондары бойынша жүгінуге болады.

inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.